25.10.2024 в 13:08

«Қазақстан-Өзбекстан» IV өңіраралық форумында Түркістан облысы 14 құжатқа қол қойды

Самарқандта мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, серіктестік салаларын ұлғайту мақсатында «Қазақстан-Өзбекстан» IV өңіраралық форумы ұйымдастырылды.

Екі ел Үкімет басшыларының төрағалығымен өткен форумда 352 млн доллардан асатын 76 құжатқа қол қойылса, оның көбі энергетика, тау-кен өнеркәсібі, геология, транзит және көлік, газ салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

 Бүгінде екі ел арасындағы әріптестік қарқынды дамып, Өзбекстан Қазақстанның Орталық Азия аймағындағы ең ірі сауда серіктесіне айналған. Былтырдың өзінде сауда айналымы 4,4 млрд долларды құраса, биылғы жылдың 8 айында 2,5 млрд долларды құраған.

 Қазақстанның Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Өзбекстанның Премьер-министрі Абдулла Арипов сауда экономикалық ынтымақтастықты дамытып, инвестиция үшін қолайлы жағдай жасау, өңіраралық ынтымақтастықты дамыту бағыттарын талқылады.

Бүгінде Қазақстан отандық тауарлардың 550 млн доллардан асатын 40 түрі бойынша экспорттауға дайын. Ал көршілес елде Қазақстанның 1 мың кәсіпорыны жұмыс жасауда. Форумда көлік-логистикалық байланыстарға да ерекше назар ауарылды. Бүгінде Өзбекстан тауар айналымының 50 пайыздан астамы Қазақстан арқылы өтеді.

Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері көтерген тағы да маңызды бастамалардың бірі – «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік орталығын құру. Шекарада салынатын нысан, екі ел бизнесі үшін «бір терезе» қағидаты арқылы қызмет көрсетіп, салықтық және кедендік жеңілдіктер ұсынады.  

Өңіраралық байланыстар та өз деңгейінде дамып, Маңғыстау облысы Қарақалпақстанмен, Түркістан Ташкентпен, Қызылорда облысы Науаимен тығыз байланыс орнатқан.

Мәселен, форум аясында қол қойылған келісімдердің 68,2 млн доллары Түркістан облысына тиесілі. Тек өткен жылдың өзінде өңірдің Өзбекстанмен тауар айналымы 421,9 млн долларды құраса, оның ішінде экспорт 253,2 млн долларды, ал импорт 168,7 млн долларды құраған.

Көршілес жатқан елмен Түркістанда тоқыма және жібек кластерін құру, ірі қара малдың етін өңдеуге бағытталған жұмыстар жүргізілуде.

Форумда сөз сөйлеген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірде «Қазақстан-Өзбекстан» жібек кластерін, инвестициялық алаңдарда бірлескен жобаларды құруды ұсынды. Әсіресе, ауыл шаруашылығында теріні өңдеу, мақта кластерін дамыту, көкөністер, жеміс-жидектерді өңдеуде бірлескен жұмысқа шақырды.

Форумда Дархан Сатыбалды Ташкент және Самарқанд облыстарының басшыларымен сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамыту бойынша келісімдерге қол қойса, одан бөлек мемлекеттердің кәсіпкерлері мен салаға жауапты мекеме басшыларының кездесулері өтіп, облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров көрші елдегі бірқатар облыстардың әкім орынбасарларымен әріптестік туралы келісімге қол қойды.  

Жалпы, форум аясында өңір кәсіпкерлері ауыл шаруашылығы, балық, мақта шаруашылықтары, туризм, білім салалары бойынша 68,2 млн долларға келісімдерге қол қойды. Форум қорытындысымен облыс 14 құжатқа қол қойса, оның алтауы – коммерциялық құжат, оның нәтижесінде 500 жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде.  

Одан бөлек, екі елдің Сауда министрліктері арасында тауар айналымын арттыру бойынша тәжірибелік іс-шаралар жоспарына қол қойылды.