24.10.2024 в 18:16

Алматыда «Қазақстан-Ауғанстан» бизнес форумы өтті

Бизнес форумның ашылу салтанатында сөйлеген Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин екі ел арасындағы сауда-саттықты дамытудағы мүмкіндіктерге тоқталды.

Оның ішінде, Ауғанстаннан көкөністер, жеміс-жидектерді импорттау болса, елімізден астық пен ұн экспортын кеңейту талқыланды.

Одан бөлек, мемлекеттер арасындағы көлік-логистикалық ынтымақтастықты дамыту қаралды. Бүгінде Қазақстан Трансауған дәлізі арқылы экспорттық жүктерді тасымалдауға мүдделі. Форумда транзиттік бағасын арттыру мақсатында еліміз арқылы Қытайға ауған тауарларын тасымалдауға «Khorgos Gateway»  Құрғақ портын пайдалану ұсынылды.

Бұл «Қазақстан-Ауғанстан» форумына екі мемлекеттен 300-ден астам адам қатысты. Сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту бағытында жалпы құны 317,6 млн долларды құрайтын 23 құжатқа қол қойылды.

Форум аясында Серік Жұманғарин мен Ауғанстанның сауда және өнеркәсіп министрі Нұриддин Азизи Жол картасына қол қойып, онда екі ел арасындағы тауар айналымын 3 млрд долларға жеткізу көзделген. Биылғы жылдың 8 айында сауда айналымы 330,7 млн долларды құраса, оның 316,5 млн доллары эскпортты, 14,1 млн доллары импортты құрайды.

Әлемдік дағдарысқа қарамастан, Оңтүстік және Орталық Азиядағы маңызды серіктес ретінде Ауғанстанмен ынтымақтастық қарқынды дамуда.

Серіктестіктің басты бағыттары ретінде көлік-логистика, цифрландыру, туризм, тау-кен металлургиясы, энергетика, сауда-өнеркәсіп, гуманитарлық және әлеуметтік салалар анықталған.

Оның ішінде, еліміздің Ауғанстан теміржолдары құрылысына қатысуы, тауар номенклатураларын арттыру, химия өнеркәсібін дамыту, қазақстандық өндірістің аммофос экспортын ұлғайту, мектептер салу мүмкіндіктері және басқа да мәселелер бар.

Форум аясында B2B кездесулер ұйымдастырылып, нәтижесінде ұн және дәнді дақылдарды жеткізу бойынша 6 қазақстандық компания ауған тарапымен құны 37 млн долларды құрайтын келісімге келді. Ал, астық өнімдерін жеткізу бойынша 179 млн долларға меморандумға қол қойылса, одан бөлек күнбағыс, соя бұршағын жеткізуге арналған келісімдер де түзілді.

Сонымен қатар, вице-премьер Серік Жұманғарин мен Ауғанстан сауда және өнеркәсіп министрі Нуриддин Азизи арасында салалық панельдер мен екіжақты кездесулер ұйымдастырылды. Оның аясында Қытайдан Ауғанстанға тауар жеткізу мәселелері, еліміз арқылы транзиттік жолмен қайтарымды логистиканың мүмкіндіктері талқыланды.

Кездесуде Ауғанстаннан Қазақстанға импорттық тауарларды қайтарымды жүктеудің анализімен қатар, бос контейнерлер мен вагондарды қайтарудың нұсқалары қаралды.  Мәселен, қазақстандық тарап бұл бағытта екі нұсқаны ұсынуда. Біріншісі, Қытайдан тауарлар тиелген контейнерлер Қазақстан арқылы Ауғанстанға өтіп, онда тауарлар тиеліп, одан әрі Карачи порты арқылы Қытайға жөнелтіледі. Екінші нұсқасы, жүк пойызы Ауғанстанға жетіп, тауарлар тиеліп, одан Қазақстанға қайтарылып, жүктелген тауарлармен Қытайға жөнелтіледі.

Одан бөлек, тауар айналымын арттыру қажеттігіне орай Қытай-Қазақстан-Ауған маршруты бойынша логистикалық хаб құру мүмкіндігі айтылды.

Сонымен қатар, Алматыда «Атакент-Экспо» көрме кешенінде жемістер мен көкөністер, шафран шайы, қолдан тоқылған кілемдер, асыл тастар, кондитерлік өнімдер және басқа да ауған тауарларының көрмесі ұйымдастырылды.

Ауқымы жағынан бұған дейін 2023 жылы ұйымдастырылған көрмеден екі есе үлкен көрмеге ауғандық 80-нен астам компаниялар мен 150-ден астам бизнес-қоғамдастықтың өкілдері өз өнімдерін ұсынды.

Ежелгі өнердің үлгісі саналатын ауғанстандық зергерлік бұйымдардың көбі қолмен жасалады және бір бұйымды жасау үшін кемінде бір ай жұмсалады. Әшекейдің негізгі материалдары ретінде алтын, күміс, мыс қолданылады. Ал ерекшелігі ретінде өз аумақтарында өндірілетін табиғи асыл тастарды қолданып жасалуында. Мәселен, Ауғанстанда өндірілетін лазурит ең жақсы деп саналса, изумрудтар мен рубиндер тазалығымен, қанықтығымен танымал болып табылады.

Көрмеде турмалин, гагат, нефрит, сапфир, зумурт және басқа да бағалы және жартылай бағалы тастардан жасалған әшекейлер ұсынылды.  

Жылына 10 мың тонна зергерлік бұйымдар шығаратын елдің негізгі экспорттау елдері АҚШ, Еуропа, Қытай, Таяу Шығыс. Өткен жылғы көрсеткіш бойынша ауған елі 120 млн долларға зергерлік бұйымдарды экспорттаған.  

Көрмеде қойылған тауарлардың бірі – шафран және шафран шәйі. Ауғанстанның негізгі экспорттық өнімі саналатын шафранды Герат, Балх, Кандагар, Сари-Поль, Дайкунди және Урузган провинцияларында өсіреді.

Әлемдегі ең қымбат дәмдеуіштің гүлдері жылына бірнеше апта ғана гүлдейді, ал 1 кг алу үшін 150 000 гүл өңделеді.

Түрлі халықаралық байқауларда жүлделерге ие болған әлемге әйгілі шафранды Үндістан, Испания, Сауд Арабиясы, АҚШ, Түркия, Ұлыбритания, Индонезия, БАӘ елдері сатып алады. Өткен жылы 69 тонна шафранды 49 млн долларға экпорттаған.

Бүгінде шафранды түрлі ас үйлерде, косметология саласында және емдік мақсаттарда кеңінен қолданылуда.

«Атакент» көрме орталығында көрсетілген тағы бір тауар – ауған кілемдері. Кілемдердің ерекшелігі – кілемдегі өрнектердің, бұйымдардың ел тарихынан сыр шертуінде, сондай-ақ беріктігі мен төзімділігінде. Қой жүнінен қолмен тоқылатындықтан сапасы жақсы және әлемдегі ең қымбат кілемдердің бірі болып табылады. Бір үлкен 3x4 м кілем кемінде 6 ай тоқылады.

Ал, Ауғанстанның ең танымал кілемі – өзінің дизайнымен, ою-өрнектерімен, табиғи бояғыштарымен ерекшеленетін «Фарси-Бахар».

Жылына 1 млн кілем тоқылатын елдің шет елдердегі негізгі сатып алушылары АҚШ, Канада, Еуропа және Таяу Шығыс елдері болып табылады.   

20 қазанда бастау алған көрме екі күнге созылып, түрлі ауған тауарлары қазақ еліне ұсынылды.

Көрмеге арнайы келген ауғандық кәсіпкерлер Қазақстан мекемелері мен кәсіпкерлермен тығыз әріптестікті орнатуға ниетті екендіктерін жеткізді.

Мәселен, Қазақстанға алғаш рет келген «Haidar Rafat LTD» компаниясының иесі Абдул Басир көне бұйымдарды, оның ішінде ұлттық әшекей бұйымдар, мыс құмыраларын, антиквариат коллекциясын ұсына отырып, қазақстандық мұражайлармен алдағы уақытта ынтымақтастыққа үміттенетінін атап өтті.

Ауғанстандағы Іскер әйелдер қауымдастығының басшысы Фереба Насери табиғи шикізаттан жасалған әшекей бұйымдарын ұсынды. Онымен бірге Алматыға 12 шебер әйел келген және жергілікті кәсіпкер әйелдермен тығыз қарым-қатынастар орнатып, алдағы уақытта бірлесе жұмыс жасауға ниетті.

Көрмеге сусын түрлерін ала келген ауған кәсіпкері Шаһаб Ханавизиан, бұған дейін өнімдері Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Еуропа, Канадаға эскпортталғанын айта келе, қазақстандық компаниялармен жұмыс жасауды көздейтінін атап өтті.

Жалпы алғанда, бұл іс-шаралар Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы қарым-қатынастарды нығайтып, ынтымақтастықты арттыруға септігін тигізеді.