27.10.2024 в 23:49

Қазақстан Best in Travel 2025 рейтингінде саяхаттауға арналған ең үздік елдердің бірі

Бүгінде туристік салаға деген қызығушылық артып, инвестиция көлемі ұлғаюда. Биылғы жылдың 8 айында инвестиция көлемі 527,6 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 69 пайызға өскенін көрсетуде.

Жыл соңына дейін туристік инфрақұрылымды арттырып, туристерді тартуға бағытталған 148 инвестициялық жоба қолға алынып, әр өңірде 2,5 мың адамды жұмыспен қамту жоспарлануда.

2024 жылдың 6 айында туристер саны 3,4 млн-ға жетіп, оның ең көп бөлігін Алматы, Астана, Шымкент қалалары мен Алматы, Ақмола облыстары қабылдаған.

Соның ішінде Алматы қаласы Қазақстанның ең танымал туристік бағыты ретінде биылдың өзінде 1 млн-нан астам туристі қабылдаған. Еліміздің әкімшілік және туристік орталығы саналатын Астана қаласына биылғы жылдың 6 айында 677 мыңнан астам турист келген.

Туризм бағытының дамып, туристердің санының артуының тағы бір дәлелі – жыл сайын саяхатшылар, қызметкерлер, туризм мамандарының ұсыныстарын талдай отырып, үздіктерді анықтайтын халықаралық Lonely Planet журналының Best in Travel 2025 рейтингінде саяхаттауға арналған ең үздік елдердің бірі ретінде тануы болды. Еліміз сарапшыларды керемет табиғатымен, бай тарихы мен мәдени мұраларымен баурап алған.

Журнал елімізге арналған мақаласында, Қазақстан тек саяхаттайтын ел емес, ашылуы тиіс әлем деп жазып өткен.

Еліміздің туристік саладағы жетістіктерін бағалаған тек Lonely Planet журналы ғана емес, The New York Times Алматыны 52 үздік туристік бағыттарға енгізсе, Conde Nast Traveler басылымы Қазақстанды 2024 жылғы ең үздік саяхат бағытына енгізген. Ал, Үндістан Today нұсқасы бойынша еліміз «Үндістан саяхатшылары үшін үздік бағыт» деп танылды.

Келер жылы Kazakh Tourism National Geographic халықаралық журналымен белсенді жұмыс істеуді жоспарлауда.

Бұл дегеніміз әлем бойынша Қазақстанның туризміне қызығушылықтың артқанын көрсетеді.

Әлемге туризм бағытын таныстыру мақсатында мемлекет тарапынан да бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылуда. Мәселен, Қытайдағы халықаралық COTTM (China Outbound Travel & Tourism) туристік көрмесінде Қазақстанның арнайы стенді ұйымдастырылып, онда 21 туристік сала өкілдері еліміздің туризмдегі әлеуетін таныстырды. Екі ел арасындағы туризмді дамыту мақсатында былтыр Қазақстан, Қытай азаматтары үшін 30 күнтізбелік күнге дейін визасыз режим енгізілсе, биыл рейстер саны артып, аптасына 44 рейс орындалуда.

Биылғы жылдың 10 айында елімізге Қытайдан 122 мыңнан астам туристер келді. Бұл дегеніміз былтырғы жылмен салыстырғанда 64 пайызға көп, яғни былтырғы туристердің саны 78 515 адамды құраған.

Қазақстанның туристік және инвестициялық әлеуеті Италияның Милан қаласында да таныстырылды.  Қазақстанның Сауда және инвестиция министрі Арман Шаққалиев, Италиядағы Елші Ерболат Сембаев, Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев, Италия Сенатының Президенті Игнацио Ла Русса, Италия Туризм министрі Даниэла Сантанке қатысқан жиында тараптар бірқатар келісімге келді. Оның ішінде италиялық инвесторлар Алматыда туристер үшін 50 бөлмелі жаңа қонақ үй салу жоспарлануда. Сонымен қатар, туризм саласындағы мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасу бағытында да келіссөздер жүргізілді.

Сондай-ақ, кездесу барысында талқыланған мәселелердің бірі – Шымбұлақта Италия күндерін өткізу болды. Сол арқылы ұйымдастырушылар италиялық туристер арасында еліміздің танымалдылығын арттыруды жоспарлауда.

Одан бөлек, туризм бағытында білім алатын студенттерді Италияда тәжірибеден өткізуді талқылады.

Ал, Алматы қаласының туристік әлеуеті ең ірі халықаралық туристік көрмелердің бірі – TTG Travel Experience-те таныстырылды. 75 елден 1000-нан астам байерлермен қатар, 67 мыңға жуық адам қатысып, әр елдің туристік әлеуетімен танысты.

Еліміздің стендінде отандық 4 жетекші туроператор қызметтерін ұсынып, нәтижесінде 25 келісім жасалып, 2 мыңнан астам турист келуі жоспарлануда.

Бұл көрмеге қатысу Қазақстанға әлемдік туристік индустрия өкілдерімен танысып, әлемге елімізді кеңінен таныстыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қоса, Ресейде өткен халықаралық туристік аймақтар форумында қазақстандық курорттар үздіктер қатарынан көрінді.

Соның ішінде, SKI BUSINESS AWARDS нұсқасы бойынша Oi-Qaragai мен «Шымбұлақ» тау курорты ТМД елдерінің 150 тау курорттары арасында ең көп марапатқа ие болды.

Мәселен, Шымбұлақ «ТМД елдері арасындағы ең үздік тау-шаңғы курорты» және «Таулы аймақтағы ең үздік глемпинг/кемпинг» номинацияларына ие болса,  Oi-Qaragai тау курорты «Ең үздік IT шешім» және «Ең үздік балалар лагерінің бағдарламасы» марапатын алды. Марапаттар 2023-2024 жылдардың қорытындысы бойынша арнайы сарапшылардан құрылған комиссия алдында жобаны қорғау, сонымен қатар азаматтардың дауыс беруі арқылы анықталды.

Форум аясында сарапшылар туризмді дамыту бағыттары бойынша пікір алмасып, тәжірибелерімен бөлісті.

Еліміздегі туризм бағытын дамытып, қос дипломды бағдарлама аясындағы мүмкіндіктерді талқылау мақсатындағы кездесу Халықаралық туризм және меймандостық университетінде өтті.

Бұл тақырыпты талқылау  мақсатында Университетке Қазақстанның АҚШ-тағы консулы Хью Холлман және дүниежүзіндегі ең үздік университеттердің бірі саналатын Аризона университетінің делегациясы келді. Кездесуде қазақстандық студенттердің әлемдік стандартқа сай білім алу жолдары, туризм бағытындағы халықаралық байланыстарды нығайтудың жаңа мүмкіндіктері талқыланды.

Айта кету керек, Халықаралық туризм және меймандостық университеті елдегі туризм бағытындағы кадрларды даярлайтын жалғыз жоғары оқу орны. Оқыту барысындағы басты назар практикаға қойылатындықтан, 2 жылдың ішінде 247 студент 66 өндірістік практикадан өткен. Университет 2021 жылдан бері Қазақстандағы БҰҰ Дүниежүзілік туристік ұйымының (UN Tourism) бірыңғай бекітілген мүшесі болса, ал Түркия Республикасының Жоғары білім беру кеңесі (YÖK) ресми түрде мойындаған оқу орнының бірі.

Бұл бағыттағы тағы да бір маңызды кездесулердің бірі – Уфа қаласындағы «Ресей – спорт алпауыты» халықаралық форумы аясындағы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен Башқұртстан Республикасының басшысы Радий Хабировтың кездесуі болды.

Тараптар екі ел арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастықты талқылай келе, былтыр Kazakh Tourism мен Башқұртстанның туризмді дамыту орталығы арасындағы меморандум бойынша жұмысты жандандыруды келісті.

Ал кездесу соңында министр Башқұртстан туристік компанияларын Алматыда өтетін KITF-2025 халықаралық туристік көрмесіне қатысуға шақырды.

Еліміздің туризмі артуымен қатар, туроператорлардың саны да ұлғаюда. Бұл қызметтерді жүзеге асыруға былтыр 380 лицензия берілсе, биылғы жылы 590 лицензия берілген.

Ал, 6 айдағы көрсеткіш бойынша қонақүйлердің табысы 121,3 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда  табыс 23 пайызға өскен.  Елімізде 16 визит орталық жұмыс істесе, оның жетеуі ұлттық саябақтарда орналасқан.

Қазақстанға өткен айда ең көп туристер саны жағынан көшті Өзбекстан, Ресей және Қытай бастап тұр.