31.10.2024 в 20:29

Шығыс Қазақстан облысындағы Асусай ауылында жаңа медициналық пункт ашылды

Шалғай ауылдардың бірі – бар болғаны 259 тұрғыны бар Асусайда бүгін жаңа медициналық пункт іске қосылды.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Тарбағатай ауданында ашылған бұл пункт ауыл тұрғындарының аудан орталығына бармай-ақ сапалы медициналық көмек алуына мүмкіндік береді.

Айта кету керек, Асусай ауылында 1991 жылдан бері әлеуметтік нысандар салынбаған. Бұрынғы жалғыз емдеу-профилактикалық мекеме 1983 жылы салынған ескі ғимаратта орналасқан еді. Енді барлық қажетті инженерлік инфрақұрылымы тартылған жаңа медициналық пункт бой көтерді.

Бұл типтік медициналық пункттің құрылысы 2024 жылдың мамыр айында басталып, KAZPROFSTROY HOLDING ЖШС мердігерлік ұйымы құрылыс-монтаж жұмыстарын толығымен аяқтады. Жаңа медициналық пункт қажетті медициналық құрал-жабдықтармен және жиһазбен толықтай қамтамасыз етілген, бұл ауыл тұрғындарының денсаулығын нығайтуға, уақтылы профилактикалық жұмыстар жүргізуге және скринингтік тексерулер өткізуге мүмкіндік береді.

2023-2024 жылдары пилоттық ұлттық жоба аясында өңірде 36 медициналық нысанның (7 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік пункт, 27 медициналық пункт) құрылысы жоспарланған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 17 медициналық пункт пайдалануға берілді. Сонымен қатар Тарбағатай ауданының Жамбыл және Байтоғас ауылдарындағы медициналық пункттер де өз есіктерін дүйсенбі күні ашпақ.