✔️Бүгін облыс әкімі Ермек Көшербаев Өскемендегі «Үлбі» қалалық аумақтық халыққа әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барып қайтты. Аймақ басшысы орталық ғимаратын аралап көріп, қызметкерлермен және балалармен әңгімелесті.
– Облыс орталығында ерекше балаларға арналған дәл осындай орталықтың болуы өте маңызды. Себебі, мұндай орталықтарға келген балалар тек көмек алумен шектелмей, әлеуметтік бейімделу мүмкіндігіне де ие болады, – деді орталықтың кабинеттерін аралап, қызметкерлермен және балалармен сұхбат құрған облыс әкімі Ермек Көшербаев.
✔️Сонымен қатар аймақ басшысы орталықта қажетті көмек алып жатқан балаларға иппотерапия қызметі де қолжетімді болуы керек екенін айтып, құзырлы органдарға бұл жөнінде тиісті тапсырма берді.
✔️Мекеме екі жыл бұрын мүгедектігі бар балаларды оңалтуға деген қажеттіліктің өскенін ескере отырып, нысанның мақсаты мен міндеттерін өзгерту жөнінде шешім қабылданған. Қазір аталмыш орталықта аутизм спектрі бұзылған және ақыл-ой кемістігі бар балаларға қажетті көмек көрсетілуде.
– Аутизм спектрі бұзылған және ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған күндізгі бөлімшесі бар орталық өз жұмысын 2022 жылдың қазан айынан бастады. Өздеріңіз көріп отырғандай, біздің орталық төрт қабатты ғимаратта орналасқан. Біз балалардың мінез-құлқы мен әлеуметтік өзара әрекет етуін түзетуге, сөйлеу мен танымдық белсенділігін дамытуға бағытталған кешенді көмек көрсетеміз. Бізде өте сирек кездесетін мамандар да жұмыс істейді. Сондықтан біз кез келген балаға қажетті көмек бере аламыз деп санаймын, – дейді орталық директоры Сәния Әубәкірова.
✔️Орталықта, сондай-ақ жеке және топтық сабақтарға арналған кабинеттер жабдықталған, әр топтағы баланың саны алтаудан аспайды. Барлығы орталық қызметкерлерінің көмегіне 1 мен 18 жас аралығындағы 130 бала жүгініп, қажетті оңалтудан өтеді.