Көлік саласындағы маңызды іс-шаралардың бірі Көлік вице-министрі Т.Ластаевтың Қазақстандағы Еуропалық Одақтың тұрақты өкілі Алешка Симкичпен кездесуі болды.
Онда тараптар көлік саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, инфрақұрылым, логистика, сауда мәселелеріндегі Еуроодақтың қолдауы мен бірлескен жобалар талқыланды.
Бұл бағыттағы маңызды қадамдардың бірі - Транскаспий дәлізін дамыту жөніндегі үйлестіру платформасының құрылуы болды.
Бүгінде Қазақстанның Еуропалық Одақпен арасындағы ынтымақтастықтың нәтижесінде 5 елімен тікелей әуе қатынастары орнап, аптасына 34 рейс орындалуда.
Алдағы уақытта Вена, Мюнхен, Будапешт, Рига қалаларына тікелей рейстер ашу жоспарлануда.
Сондай-ақ, вице-министр Куала-Лумпур қаласында он алтыншы рет өткізілген Әуе қатынасы туралы келіссөздер жөніндегі ИКАО-ға (ICAN-2024) қатысты. Оның аясында Ресей, Сингапур, Вьетнам, Грузия, Ұлыбритания, Малайзия, Марокко, Эфиопия, Сауд Арабиясы Корольдігінің авиациялық билік органдарымен келіссөздер жүргізді.
Бұл іс-шараға Ұйым мүшелері халықаралық рейстерді орындау үшін құқықтық базаны кеңейту мақсатында кездеседі.
Алдымен қазақстандық делегация ИКАО Кеңесінің Президенті Сальваторе Шаккитаномен кездесіп, елдегі әуе тасымалы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды талқылап, 2025 жылы Қазақстанға келу ниеті бар екенін жеткізді.
Ал, Ресей Федерациясы Көлік министрінің орынбасары В.В. Потешкинмен кездесуде екі елден Байқоңыр қаласына әуе қатынасын орнатуды келісті.
Бұл сапар барысында қазақстандық делегация бірқатар келісімдерге қол жеткізді. Мәселен, Эфиопия, Руанда, Вьетнам, Марокко елдеріне рұқсат етілген жиіліктер саны 5 есеге, атап айтқанда аптасына 14-тен 73 рейске дейін ұлғайтылды. Ұлыбританияға рейстерді орындау құқығы берілсе, 5 елмен «ашық аспан» режимі орнатылды.
Негізінде бұл іс-шараға 70-тен астам елден 700-ден астам адам қатысып, екіжақты 800 келіссөздер жүргізілген. Оның ішінде 14 министр мен олардың орынбасарлары бар.
Қазан айындағы тағы бір маңызды кездесудің бірі - Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаровтың Қазақстандағы Эстонияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Яап Орамен кездесуі болды.
Екіжақты кездесуде порт инфрақұрылымы саласындағы ынтымақтастықтың жай-күйі мен еліміздің тауарларын Эстония порттары арқылы өткізу мүмкіндіктерін талқылады. Кездесу барысында көлік маршруттарын дамытуға ерекше назар аударылды.
Оңтүстік Кореядан тікелей әуе рейстерін көбейту мәселесі Қазақстан мен Кореяның көлік министрлерінің кездесуінде талқыланды.
Алматы мен Астанадан аптасына 14 жолаушы және 6 жүк рейсі ұшса, бүгінде Шымкенттен тікелей Оңтүстік Кореяға рейс ашу жоспарлануда.
Бүгінде кореялық Dongsung Engineering және ISAN Corporation компаниялары «Алматы-Астана» тас жолының құрылысын қадағалауда. Осы ретте, бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жандандыру мақсатында Корея тарапы Қазақстандағы автожол құрылысы жобаларына қызығушылық танытуда.
Сондай-ақ, кездесуде Көлік министрі Марат Қарабаев пен Корея Республикасының Жер, инфрақұрылым және көлік министрі Санг Ву Пак қалалық әуе ұтқырлығы тұжырымдамасын енгізу бойынша тәжірибе алмасуды талқылады.
Бұл дегеніміз қауіпсіз және тиімді әуе көлігін пайдалана отырып, адамдарды, тауарларды, өнімдерді қалалар мен облыстар арасында ғана емес, қаланың ішінде де қозғалысын трансформациялау болып табылады.
Alatau City қаласында сынақтан өткізу жоспарланған тұжырымдаманы жүзеге асыру үшін Hyundai Motor Group секілді кореялық компанияларды тарту көзделген.
Кездесу қорытындысымен Көлік министрлері саладағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту бағыттарын, бірлесе жүзеге асырылатын жобаларды қарастырып, Марат Қарабаев кореялық әріптесін Қазақстанға жұмыс сапармен келуге шақырды.
Теңіз инфрақұрылымын дамыту бағытындағы Марат Қарабаевтың кездесуі әлемдегі ең ірі теңіз көлігі операторларының бірі француздық CMA CGM көлік-логистикалық компаниясының өкілдерімен өтті.
Кездесуде министр теңіз инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жобалармен таныстырып, бұл саладағы ынтымақтастықты дамыту, халықаралық дәліздер бойынша жүк ағынын арттыру мақсатында кемелер сатып алу мүмкіндіктерін қарастырды.
Қазақстанның Румыниямен көлік саласындағы ынтымақтастығын талқылап, логистика саласын цифрландыру бойынша келіссөздер Марат Қарабаевтың Румыния Премьер-Министрі Кеңсесінің мемлекеттік кеңесшісі Флорин Спатарумен кездесуінде талқыланды.
Тараптар кездесуде автокөлік және логистика салаларындағы өзара іс-қимыл туралы құжаттарға қол қоюға келісіп, ынтымақтастықты нығайту жөніндегі комиссияның кезекті отырысын өткізу үшін қазақстандық делегацияның Румынияға сапарын талқылады.
Ал, Румынияның Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен Астанада «Констанца порты – Орта дәліздің Еуропалық хабы» конференциясы өтті. Онда Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытудағы еліміздің маңызды серіктесі саналатын Румынияның Констанца портының мүмкіндіктері талқыланып, екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту жолдары қарастырылды.
Тараптар дәлізді заманауи, тиімді маршрутқа айналдыру бағытында белсенді жұмыс жасауының нәтижесінде биылғы жылдың 9 айында жүк тасымалдау көлемі 69 пайызға өсіп, 3,4 млн тоннаны құраған.
Сонымен қатар, Министр американдық жетекші компаниялармен кездесіп, еліміз үшін халықаралық сауданы дамытудағы көлік саласының маңыздылығына тоқталып, бұл бағытта инвестиция тарту мен ынтымақтастықты дамыту бағыттарын талқылады.
АҚШ сауда делегациясы құрамында Apple, Boeing, Citi, Wabtec, Google секілді ірі компания өкілдерімен теміржол көлігін жаңғырту, тікелей әуе рейстерін қосу, көлік жүйесінің тиімділігін арттыру, бұл саладағы өзара іс-қимылды жандандыру мәселелерін талқылады.
Әуе бағытындағы ынтымақтастық Қазақстан мен Вьетнам арасында да тұрақты дамуда. Оның бірден-бір дәлелі «Vietjet Air» вьетнамдық әуекомпаниясы Фукок-Астана бағыты бойынша А-330 типті әуе кемелерінде аптасына 2 рет жиілікпен тікелей тұрақты жолаушылар рейстерін ашуды жоспарлауда.
Ал, Австралиямен тікелей рейс ашу келер жылдың көктемінде жоспарлануда. Бұл туралы Көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың Австрияның туризм жөніндегі мемлекеттік хатшысы Сюзанна Краус-Винклер және Вена әуежайының бас директоры Юлиан Йегермен кездесуінде айтылды.
Қазан айындағы әуе саласындағы ынтымақтастықты дамытып, халықаралық келісімді нығату бағытындағы маңызды іс-шаралардың бірі Өзбекстанда өтті.
Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Катардың авиациялық билік басшыларының көпжақты кездесуіне елімізден Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева қатысып, ИКАО Халықаралық азаматтық авиация ұйымының қолдауымен іске асырылатын бірлескен бағдарламалар мен бастамаларды іске асыру шеңберіндегі хаттамаға қол қойды.
Айта кету керек, шет мемлекеттермен келісімнің нәтижесінде күзгі-қысқы кезеңде отандық әуе компаниялары Сауд Арабиясы Корольдігіне, Біріккен Араб Әмірліктеріне, Таиландқа жаңа халықаралық бағыттарды іске қосып, рейстер саны көбейтілуде.