31.10.2024 в 21:26

Шетелдік инвесторлар кеңесінің 36-шы пленарлық отырысы өтті

Бүгінде еліміз бәсекеге қабілетті 35 елдің қатарына енген. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің 36-шы пленарлық отырысында мәлімдеді. 

Алдымен Президент отырысқа қатысушыларға ілтипат білдіре отырып, кеңесті инвестициялық жағдайды талқылауға айналған басты алаң екенін атап өтті.

Қазақстанның әр саладағы жетістіктеріне жеке-жеке тоқталған Мемлекет басшысы, 2029 жылға қарай Қазақстанға шетелден тікелей тартылатын инвестиция көлемін 150 млрд долларға жеткізу жоспарланғанын айтты.

Еліміздің минералды-шикізат қорының мол екеніне, сонымен қатар геологиялық барлау және пайдалы қазбаларды игеру саласындағы шаралардан хабардар етті. Соңғы 6 жылда бұл бағытта 1 млрд доллардан астам жеке инвестиция тартылған.

Сонымен қатар, биылғы жылдың шілдесінде бекітілген 2029 жылға дейінгі ұлттық инфрақұрылымдық жоспардан хабардар етті. Бұл жоспардың міндеті – басым жобаларды, нысаналы көрсеткіштерді және инфрақұрылым бағыттарын айқындау болып табылады.

Елде 86 млрд доллардан асатын 200-ге жуық ірі инфрақұрылымдық жоба іске асырылмақ. Одан бөлек, жергілікті өндірушілерден дайындалмаған тауарларды сатып алу-сатуға қатысты  тауарлар тізімі жасақталуда.

Қасым-Жомарт Тоқаев өнеркәсіпті өркендететін білікті жұмысшылар болғандықтан, 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялағанын айтып, инфрақұрылымды дамытуға ниетті инвесторларды бірлескен жұмысқа шақырды.

Инвесторлардың капиталымен қатар, озық технологиялары мен білікті мамандарын тартуының нәтижесінде энергетика саласында да біршама жетістіктер бар. Мәселен, соңғы 30 жылда мұнай өндірісі 3 есе артып, Қазақстан мұнай өндіру қарқыны жоғары елдердің үздік бестігіне енді. Мұнымен тоқтап қалмай, бұл көрсеткішті жылына 100 млн тоннадан асыру көзделуде.

Елімізде жылына 500 мың тонна полипропилен шығаратын Орталық Азиядағы ең ірі зауыт іске қосылып, ішкі сұраныстың 60 пайызын қамтып, одан бөлек зауыт өнімдері Қытай, Еуропа, Түркия елдеріне экспортталуда.

Ал, биыл жылына 1,2 млн тонна полиэтилен өндіретін зауыттың құрылысын бастау жоспарланған. Одан бөлек, мұнай-химия саласында 14 млрд доллардан асатын жобалар пысықталуда.

Бүгінде Қазақстан «жасыл энергетика» саласында инвестиция тартуға баса назар аударуда. Нәтижесінде ACWA Power, Svevind, Total, Masdar секілді әлемдік компаниялармен келісімге қол жеткізілген.

Қазан айының басында жалпыұлттық референдум өткізіліп, республика азаматтары алғашқы атом электр станциясының құрылысын қолдады.

Тағы бір маңызды салалардың бірі – ауыл шаруашылығы болып табылады. Қазақстан ауыл шаруашылығына жарамды жерлер бойынша әлемдегі алтыншы орынды алады. Бұл саладағы экспорт көлемі соңғы алты жылда екі еке ұлғайып, 5 млрд доллардан асқан. 

Ал, көлік-логистика саласында 11 мың шақырым ескі темір жолды жөндеу және 5 мың шақырымнан астам жаңа темір жол салу жоспарланған.

Сонымен қатар, қатысушылар елдегі инвесторлар құқығын қорғаудағы сот пен құқық қорғау жүйесіндегі реформалардан хабардар болды.

Қазақстанда цифрландыру бағытында да қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағытта жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жобалардың жүзеге асырылу барысын нақты уақыт режимінде қадағалауға болатын Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа іске қосылуда.

Өз сөзінде Президент әлемдегі жетекші орталықтардың тәжірибесін меңгерген «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметіне тоқталды.

Сонымен қатар, кеңес отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров, Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассо, CNPC вице-президенті Чжан Даовэй, «Қазақстанның шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығының басқарма төрағасы Ерлан Досымбеков, «Лукойл» ЖАҚ бас атқарушы директоры Вадим Воробьев, Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы Николай Подгузов, Alstom компаниясының Африка, Таяу Шығыс және Орталық Азия өңірлері бойынша президенті Эндрю Делеони сөз сөйледі.

Одан бөлек, Президент Шетелдік инвесторлар кеңесінің 36-шы пленарлық отырысына қатысуға келген бірқатар шетелдік инвесторлармен кездесіп, түрлі салалардағы ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.

Мәселен, Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассомен шағын және орта бизнес, көлік инфрақұрылымы, ауыл шаруашылығы, энергетика, қаржы салаларындағы бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін қарастырды. Биылдың өзінде бұл Банк еліміздегі 22 жобаны жүзеге асыру үшін 650 млн долларды бөлуді жоспарласа, таяу жылдары «жасыл экономика» талаптарын орындау үшін 2 млрд еуро бөлуді қарастыруда.

IT-индустрияны дамыту бағыты Microsoft компаниясының Орталық Еуропа мен Орталық Азиядағы президенті Мишель Симмонсты қабылдау барысында талқыланды.

Елімізде жасанды интеллект саласына қатысты заң әзірленуде және келер жылы Жасанды интеллект ұлттық орталығын ашу жоспарда бар.

Мемлекет Басшысы бағалы және түсті металдарды игеру, қайта өңдеумен айналысатын ірі компаниялардың бірі  Solidcore Resources plc компаниясының бас атқарушы директоры Виталий Несисті қабылдады. Онда бас атқарушы директор Павлодар облысында жылына 300 тонна концентрат шығаратын «Ертiс ГМК» жаңа гидрометаллургия кешенінің құрылысын таныстырды. Одан бөлек, Қарағандыда геологиялық зертхана салу жоспарынан хабардар етті.

Фармацевтика саласындағы әлемдегі жетекші компаниялардың бірі саналатын Polpharma компаниясы бақылаушылар кеңесінің төрағасы Ежи Старакпен кездесуде компанияның Қазақстан мен Орталық Азиядағы қызметін кеңейту мәселелері қаралды.

Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдау барысында көктемгі су тасқыны кезінде зардап шеккен өңірлерге дәрі-дәрмектерді жедел жеткізгені үшін польшалық инвесторға алғысын білдірді.

Кездесуде Ежи Старак Қазақстан Президентіне екі кітапты сыйға тартты. Оның бірі, компания демеушілігімен түсіріліп жатқан Бекет ата, Қожа Ахмет Ясауи, Арыстан баб кесенелері секілді еліміздің киелі жерлері көрсетілген деректі фильм болса, екіншісі, Польша-Қазақстан тарихы комиссиясының қолдауымен әзірленген қазақтың белгілі жазушысы, Польшаны басқыншылардан азат етуге қатысқан майдангер Кемел Тоқаев туралы ғұмырбаяндық жинағы.

Айта кету керек, Шетелдік инвесторлар кеңесі Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады. Негізгі міндеттері елдің инвестициялық саясатының негізгі бағыттарын айқындау, инвестициялық ахуалды жақсарту, бұл бағыттағы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, ел экономикасын әлемдік экономикалық процестерге интеграциялау және тағы басқа.

Кеңестің жұмыс органы болып Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитеті бекітілген.