05.11.2024 в 20:16

ШЫМКЕНТ: БОЗАРЫҚ ТҰРҒЫН АЛАБЫНА ГАЗ БЕРІЛДІ

Шымкент шаһары мегаполис статусына ие болып, еліміздің үшінші алып шаһар атанғалы қала аумағындағы елді-мекендер қала территориясына қосылды. Міне, сол аймақтарда инфрақұрылым мәселесін шешу бойынша көптеген істер атқарылуда. Сапалы жол, ауызсу мәселесі, көгілдір газбен қамту секілді. Қараша айы Қаратау ауданындағы 10 мыңға жуық халқы бар Бозарық тұрғындары үшін жақсы жаңалықпен басталды. Аталмыш тұрғын алапқа табиғи газ берілді. Газ құбырының құрылысы 2023 жылы басталған болатын. 
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков тұрғындармен әңгімелесу барысында газдандыру кез-келген қаланың дамуындағы аса маңызды қадам екенін атап өтті. 


Газбен қамтамасыз ету мегаполистің экологиясын айтарлықтай жақсартуға ғана емес, сонымен қатар тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ қала әкімі тұрғындарды газды пайдалану кезінде сақтық шараларын сақтауға шақырды.


Бүгінде тұрғын үйлерді газдандырудың екінші кезеңі аясында 700-ге жуық абонент көгілдір отынға қол жеткізді. Жыл соңына дейін үшінші кезең жүзеге асырылғаннан кейін тағы 700-ден астам абонент көгілдір отынмен қамтылады. Бұл ретте жыл соңына дейін Ынтымақ-2, Тассай және Қаратөбе шағын аудандарын газдандыруды аяқтау жоспарлануда, - деп хабарлады Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, газ желісіне қосылуды жылдамдату үшін тұрғындар «QazaqGaz Aimaq» АҚ-на өтініш білдіріп, құжаттарды тапсыруы қажет.


Мемлекет басшысы газ саласын кешенді түрде дамытуға, соның ішінде ішкі нарықты газбен тұрақты түрде қамтуға, ресурстық базаны кеңейтуге, аталған саланың өзекті мәселелерін шешуге және оның инвестициялық тартымдылығын жақсартуға бағытталған бірқатар тапсырма берген болатын.
Табиғи газдың жоқтығы – көптеген елді мекендердегі басты түйткілдердің бірі еді. Қазір бұл мәселе шешімін тауып келеді. Өңірлерді табиғи газбен қамтамасыз ету шарасының қолға алынғанына біраз уақыт болды. Бұл істің нәтижесі де жаман емес. Бүгінде ауыл-аймақтардың көпшілігі табиғи газға қол жеткізген. Елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету – маңызды міндеттердің бірі. Сондықтан, Қазақстан тұрғындарын толықтай табиғи газбен қамтамасыз ету, газ саласын дамытуға бағытталған мемлекеттік саясат жүзеге асырыла бастады. 


Бүгінде еліміздегі табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыру үшін Үкімет тарапынан Қазақстанды газдандырудың 2015-2030 жылдарға арналған бас сызбасы және 2030 жылға дейін газ секторын дамытудың тұжырымдамасы бекітілді. Осылайша, Қазақстанда көгілдір отынмен қамтылғандар қатарын 10 миллионға жеткізу көзделіп отыр.