Осыдан 30 жылдан астам жыл бұрын дипломатиялық қарым-қатынастар орнаған Қазақстан мен Швейцария арасында ынтымақтастық қарқынды дамуда.
1996 жылы еліміздің Швейцариядағы Елшілігі ашылса, 1994 жылы Швейцарияның Қазақстандағы консульдығы ашылып, кейіннен Елшілікке ауыстырылды.
Орталық Азияда Қазақстан Швейцарияның ең маңызды сауда серіктесінің бірі саналса, Швейцария елдің ірі шетелдік инвесторы болып табылады. Бүгінде елде швейцариялық 40-қа жуық компаниялар жұмыс жасауда.
Қазан айының басында Қазақстанның Швейцариядағы Елшісі Қайрат Саржанов Швейцарияның мемлекеттік органдары, сарапшылық қауымдастық, іскерлік және академиялық топтарының өкілдерімен кездесіп, екі ел арасындағы сауда-экономикалық, саяси қарым-қатынастың даму бағыттарын талқылады.
Одан бөлек, Елші Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауының негізгі бағыттарымен, елдегі өзгерістер мен қолға алынған жобалардан хабардар етті.
Ал, Астанада екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы саяси консультациялардың 6-шы раунды өтіп, онда Қазақстан мен Швейцария арасындағы түрлі салалардағы ынтымақтастықтың жай-күйі мен перспективасы талқыланып, серіктестіктің жаңа бағыттары айқындалды.
Сонымен қатар, халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты пікір алмасып, алдағы сапарлар мен іс-шараларды келісті.
Кездесу нәтижесінде сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды нығайтып, құқықтық базаны жетілдіру жолдары қарастырылды.
Екі мемлекет арасындағы әріптестік мәдени-гуманитарлық салада да өз деңгейінде жүргізілуде. Швейцарияда Республика күніне орай концерт ұйымдастырылуы соның бір дәлелі. Берн қаласында өткен концертке Швейцария мен Лихтенштейнның мемлекеттік органдары, халықаралық ұйымдар, дипломатиялық корпус, іскерлік және академиялық топтары, БАҚ, қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.
Ашылуында Қайрат Саржанов арнайы сөз сөйлеп, еліміздің бай тарихы мен мәдениетінен хабардар ете отырып, тәуелсіздік жылдарындағы халықаралық қатынастар мен елдегі реформалардан хабардар етті.
Елшіліктің ұйымдастыруымен өткен іс-шараға швейцариялық «Stadler Group» компаниясы мен Лихтенштейннің «Codex» заңгерлік фирмасы қолдау көрсетуінің нәтижесінде жоғары деңгейде өтіп, «Наз» мемлекеттік би театры әндер мен билер орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Сонымен қатар, Елші Берн қаласында Швейцария-Қазақстан парламентаралық достық тобының мүшелерімен кездесіп, білім, ғылым, сауда-экономикалық, экология, экономика, көлік-логистика, сауда салаларындағы ынтымақтастықты талқылады.
Сондай-ақ, екі ел арасындағы халықаралық ұйымдардағы тығыз қарым-қатынастармен қатар, парламентаралық байланыстарды кеңейту тетіктері қарастырылды.