Қазақстанның Мысыр Араб Республикасымен дипломатиялық қарым-қатынасы 1992 жылдың наурыз айында орнап, сол жылы Мысырдың Қазақстандағы Елшілігі, ал бір жылдан соң Қазақстанның Каирдегі Елшілігі ашылды.
Соңғы 4 жылда Лама Шариф Қайрат Қайырбекұлы еліміздің Мысырдағы Елшісі қызметін атқарса, өткен жылдың желтоқсанынан Мысыр Елшісі Ибтисам Ракха Хассан Қазақстанда қызметін жүзеге асыруда.
Екі ел арасындағы кездесулер, келіссөздер, түрлі форматтағы іс-шаралардың нәтижесінде ынтымақтастықтың оң динамикасы байқалуда. Екіжақты сауда көлемі өсіп, мәдени-гуманитарлық байланыстар мен туристік салалардағы қарым-қатынастар айтарлықтай кеңейген.
Мәселен, тек қазан айында Қазақстан Елшісі Қайрат Лама Шариф білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты талқылау мақсатында Мысырдың Жоғары білім және ғылыми зерттеулер министрі доктор Мұхаммед Айман Ашурмен, әділет саласындағы байланысты нығайту мақсатында Мысыр Әділет министрі Аднан Фанжари Әбу Джабаль Хусейнмен, экономика және қаржы саласындағы әріптестікті талқылау мақсатында Қаржы министрі доктор Ахмед Ашраф Али Кужукпен кездесті. Одан бөлек, қазақстандық дипломат елге инвесторларды тарту мақсатында ірі компания өкілдерімен де кездесу өткізді.
Ендеше әрқайсысына жеке-жеке тоқталсақ. Мұхаммед Айман Ашурмен кездесуде ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастықтың бағыттарын кеңейту жолдарын талқылай келе, университеттер арасындағы серіктестікті дамыту, оқу жоспарлары мен бағдарламаларымен алмасу, студенттер мен оқытушылардың тәжірибелерімен бөлісу, халықаралық деңгейде бірлескен білім беру жобаларын іске асыру, іс-шараларға қатысуды қарастырды.
Қазақстан мен Мысырдың ғылым және білім министрлері Өзара түсіністік туралы меморандум шеңберінде жобаларды бірлесіп зерттеу және әзірлеуді, техникалық сарапшылармен алмасуды, оқу курстар, семинарлар, конференциялар, көрмелер ұйымдастыруды, ақпаратпен, бакалавриат, магистратура, докторантура бағдарламалары бойынша гранттармен алмасу жолдары талқыланды.
Мысыр Әділет министрі Аднан Фанжари Әбу Джабаль Хусейнмен кездесуде қызметке жаңадан тағайындалуымен құттықтап, Әділет министрі Азамат Есқараевтың ресми құттықтауын табыстады.
Еліміздің Әділет министрлігі бұл саладағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында түрлі мемлекеттермен құқықтық көмек көрсету туралы 11 мемлекетаралық шарттарға, 9 халықаралық мекеме арасындағы келісімдерге қол қойғаны айтылып, Мысырмен де әріптестікті нығайту жолдарын талқылауға ұмтылысы жеткізілді.
Қазақстандық дипломат қатысушыларды Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған басты басымдықтармен таныстырды.
Кездесу нәтижесінде қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету, ұстап беру, сотталғандарды беру туралы мемлекетаралық келісімдерге қол қою қажеттігі айтылды. Сонымен қатар, әділет саласындағы өзара қарым-қатынасты дамыту мақсатында бұл саладағы уәкілетті органдар арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюдың маңыздылығы талқыланды.
Экономикалық және қаржылық салалардағы дамытудағы екі ел үкіметтерімен қабылданып жатқан шаралар жаңадан тағайындалған Қаржы министрі доктор Ахмед Ашраф Али Кужукпен кездесуде айтылды.
Елші еліміздің экономикасына тоқтала келе, тек биылғы жылдың 9 айында бұл бағытта даму қарқыны 3,7 пайызға жеделдетілгені айтылды. Үкімет тарапынан бюджет саясатының тиімділігін арттыру, инвестиция тарту, кәсіпкерлікті дамыту бағытында жүзеге асырылып жатқан реформалар хабарланды. Бұл бағыттағы жұмысты Moody’s рейтингтік агенттігі еліміздің егеменді рейтингін тұрақты болжаммен Baa1 деңгейіне көтеруі, тәуелсіздік жылдарындағы ең үздік көрсеткішке жеткеніміздің көрінісі болып табылады.
Бүгінде екі ел қосарланған салық салуды болдырмау, табыс салығына қатысты салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы Қазақстан-Мысыр үкіметаралық конвенциясына қол қоюға дайындалуда.
Бұл кездесудегі тағы бір маңызды тақырыптардың бірі - «Астана» халықаралық қаржы орталығы аясындағы ынтымақтастық болды.
Кездесу қорытындысымен Мысырдың Қаржы министрі екіжақты ынтымақтастықты дамытуға, инвестициялық белсенділікті арттыруға дайын екендіктерін жеткізді.
Туризм саласындағы ынтымақтастықты дамыту, көне ескерткіштерді зерттеу, сақтау бойынша Мысыр Араб Республикасының Туризм және көне ескерткіштер министрі Шериф Фатхи Али Аттыямен кездесуде талқылады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, туризм саласы дамыған елдің компанияларын тарта отырып, курорттық аймақтарда қонақ үйлер, шипажайлар салу жоспарлануда.
Тарихи және мәдени мұралары біріктіретін екі ел Мысыр жерінде қыпшақ мәмлүктері салған 150-ден астам көне ескерткіштерді қамқорлыққа алуды талқылады.
Қазақстан Елшілігінің ұсынысымен, Мысыр Туризм және көне ескерткіштер министрлігінің қолдауымен және әл-Мансур университетінің мәмлүктанушы ғалымдарымен қыпшақ мәмлүктері кезінде салынған ескерткіштерді және мәдени жерлерді аралау бойынша туристердің жол картасы әзірленеді.
Таяу Шығыс пен Африкадағы жетекші құрылыс компаниялардың бірі болып табылатын «Arab Contractors» компаниясының Төрағасы Ахмед Мустафа әл-Ассармен кездесуде туризм саласындағы құрылысқа тарту мүмкіндігі талқыланды.
Кездесу аясында Қайрат Лама Шариф Қазақстанда шетелдік инвесторларға көрсетілетін жеңілдіктер мен мүмкіндіктерден хабардар етті.
Сонымен қатар, компания төрағасын көне ескерткіштерді жастарға жеткізуге қолдау көрсетуге, мәмлүк дәуірінен қалған ескерткіштерді сақтауға атсалысуға шақырып, мысырлық тарап өз келісімін берді.
Ал, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінен Мысыр полиция академиясына тәжірибе алмасуға барған, «Жоғары деңгейлі тұлғалардың күзеті» оқу курстарына қатысуға жіберілген полиция капитаны Ақәділ Канапинді Мысыр Араб Республикасының Президенті Әбдел Фаттах ас-Сиси II-дәрежелі «Оқуда үздік» медалімен марапаттады.
Жалпы айтқанда, екіжақты қарым-қатынастар құқыққорғау саласында да дамып, өзара құқықтық қолдау туралы бірқатар келісімдерге қол қою жоспарлануда.