22.10.2024 в 00:06

Қазақстандағы жобаларға Ирандық компаниялардың қызығушылығы артуда

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Иран Ислам Республикасымен 1992 жылдың қаңтарында дипломатиялық қатынастар орнатты. Сол жылы Иранда Қазақстанның Елшілігі, ал 1993 жылы еліміздің Ирандағы Елшілігі ашылды.

Одан бөлек, Иранның бас консулдықтары Ақтау мен Алматыда ашылған. 2007 жылдың қазан айынан Горган қаласында Қазақстан Республикасының Бас консулдығы, 2018 жылдан бастап Бендер-Аббас қаласында консулдық жұмыс істеуде.

Екі ел арасындағы саяси және парламентаралық ынтымақтастық қарқынды дамып, аса жоғары және жоғары деңгейдегі сапарлар, келіссөздер мен келісімдерге қол қойылып, түрлі форматтағы кездесулер ұйымдастырылды.

Сауда-экономикалық, мәдени, ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі қазақстандық-ирандық үкіметаралық комиссия тұрақты жұмыс жүргізуде. Соның нәтижесінде саудадағы әріптестікпен қатар, инвестиция тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Қазақстаннан Иранға ет, бидай, арпа, тыңайтқыштар экспортталса, импорт ретінде кептірілген жемістер, лактар, цемент, бояулар тасымалдануда.

Екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытуды биылғы жылдың наурызында тағайындалған Қазақстанның Иран Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Оңталап Оңалбаев іске асыруда. Дипломатиялық қатынастар орнағаннан сәттен бастап тағайындалған тоғызыншы қазақстандық Елші қазан айында Хамадан провинциясына іс-сапармен барып, губернаторы Хамид Молануримен кездесті.

О.Оңалбаев губернатормен сауда, экономикалық, туристік, инвестициялық бағыттардағы серіктестікті дамыту жолдарын талқылап, басты назар өңірлер арасындағы қарым-қатынасты жандандыруға бағытталып, Хамадан провинциясын Қазақстан өңірлерімен бауырластық байланысты орнатуға шақырды.

Одан әрі, Сауда-өнеркәсіп палатасымен ұйымдастырылған отырысқа қатысып, бұл саладағы ынтымақтастықтың бүгіні мен перспективаларын талқылап,  ирандық кәсіпкерлерді еліміздің ауыл шаруашылығындағы жобаларына қатысуға шақырды. Ал, палата төрағасы Р.Мортазай провинцияның инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстырды.

Сапар соңында Қазақстанмен бірлесе жұмыс жасауға ниетті кәсіпкерлермен «Bu Ali» индустриялық-технологиялық паркін аралау барысында кездесті.

Инвестиция тарту мүмкіндіктерін талқылау мақсатында өткен маңызды кездесулердің бірі Иран Азық-түлік өнеркәсібі қоғамдастығы директорлар кеңесінің төрағасы, Өнеркәсіп және тау-кен үйінің директоры М.Мортазавимен өтті. Қазақстандық дипломат елдегі инвесторларға көрсетілетін мүмкіндіктер мен артықшылықтардан хабардар етті. Бүгінде  ирандық компаниялардың Қазақстандағы бірқатар жобаларды жүзеге асыруға қызығушылықтары артып, көптеген бағыттарда ұсыныстар түсуде.

Қазақстанның нарықтық мүмкіндіктерімен таныс М.Мортазави да бірқатар ұсыныстарды білдірді. Мәселен, ұн зауытын салу, лампалар шығаратын, полиэтилен қаптарын шығаратын зауыт салуды ұсынды. Кездесу қорытындысымен Елші әр ұсыныстар жіті зерделенетінін жеткізді.

Қазақстандағы бірқатар жобаларға қызығушылық білдіріп отырған Иранның SADAF холдингі. 2000-ға жуық білікті маманы бар холдингтің мұнай, газ, теңіз астынан кабель жүргізу, фармацевтика, құрылыс, кеме жасау салаларында әлеуеті мол. Ирандық ең ірі жекеменшік компаниялардың бірі саналатын SADAF холдингі Ақтауда тұрғын үй мен сауда орталықтарын салуды, Астананың желден туындайтын мәселелерін шешуді, туристік ағынды көбейту мақсатында жолаушылар кемелерін жасауды, тау-кен саласына инвестиция тартумен қатар, мұнай-химия зауытын салуды және бұл саладағы жабдықтарды жасау технологиясы бойынша тәжірибе алмасуды ұсынды.

Бұл ұсыныстар қазақстандық Елшінің SADAF холдингінің президенті Мохсен Хобрехпен кездесуде айтылды.

Екі ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты талқылау мақсатындағы кездесу Иранның Арак қаласының Сауда, тау-кен және өнеркәсіп палатасының төрағасы Насер Бейкимен де өтіп, Елші Қазақстанның экономикалық дамуы мен инвестициялық мүмкіндіктерінен хабардар етіп, тараптар бұл бағыттарда тұрақты байланыстарды жалғастыруды келісті.

Ал, жалпы сыртқы саясаттағы жағдайларды талқылап, түрлі салалардағы ынтымақтастықтың жай-күйін қарастырып, алдағы жоспарлармен бөлісу мақсатында Оңталап Оңалбаев Иран Ислам Республикасы Сыртқы істер министрінің  Халықаралық және құқықтық мәселелер  жөніндегі орынбасары Казем Гарибабадимен кездесті.

Жалпы айтқанда, Қазақстан мен Иран түрлі салалардағы ынтымақтастықты арттырып, инвестиция тарту мәселелерін түрақты түрде жүргізетін болады.