23.10.2024 в 19:51

Қырғызстанда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің Ішкі істер министрлері кездесті

Ішкі істер министрлігі қылмыспен күресіп, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтайтын орталық атқарушы орган ретінде халықаралық қатынастарды дамытып, шет елдермен бұл салада тәжірибе алмасуда.

Мәселен, қыркүйекте Қырғызстанда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің Ішкі істер министрлерінің бірінші кеңесі ұйымдастырылып, Қазақстан, Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан және Қырғызстанның өкілдері қатысты.

Бес мемлекеттің Ішкі істер министрлерін алдымен Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров қабылдап, құқық қорғау органдарының бірлескен жұмыстарының маңыздылығы туралы пікірін білдірді.

Бірінші кеңесте заңсыз көші-қон, экстремизмге, есірткі бизнесіне қарсы күрес, қылмыскерлерді іздеу, киберқылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастықтың негізгі бағыттары қаралды. Кеңес қорытындысы бойынша бірлескен Декларацияға қол қойылды.

Одан бөлек, Қазақстанның Ішкі істер министрі Ержан Саденов Түркия мен Әзербайжанның ІІМ органдарының басшыларымен жеке-жеке кездесіп, екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.

Қыркүйек айында Ержан Саденов Қытайда өткен «Орталық Азия – Қытай» форматындағы ішкі істер және қоғамдық қауіпсіздік министрлерінің кездесуіне қатысты.

Онда Қазақстаннан басқа Түрікменстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстанның Ішкі істер министрлері мен Қытайдың Қоғамдық қауіпсіздік министрлігінің басшылығы қатысты.

Басты тақырып ретінде қатысушылар экстремизм, есірткінің заңсыз айналымы, трансұлттық қылмыс, киберқылмыс, адам саудасымен күресте тәжірибе алмасу болды.

Қытайға сапар аясында Министр Қытайдың қоғамдық қауіпсіздік министрімен екіжақты келіссөздер жүргізіп, одан бөлек 100-ден астам елдің құқыққорғау саласы мамандары қатысқан қоғамдық қауіпсіздік саласындағы жаһандық форумның конференциясына қатысты.

Онда Ержан Сәденов елімізде ішкі істер саласында орын алған реформалар мен қылмыстардың алдын алу мақсатында  атқарылған жұмыстардан хабардар етті. Сонымен қатар, қоғамдық қауіпсіздік саласындағы бірлескен жұмысқа дайын екендіктерін жеткізді.

Одан бөлек, форум аясында министр Пәкістан мен Түркия елдерінің Ішкі істер министрлерімен екіжақты кездесулер өткізді.

Ал, Тәжікстанда өткен ТМД елдерінің пенитенциарлық қызметтері басшылары кеңесінің IX отырысына Қазақстанның Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Теңізжан Жәнібеков қатысты.

Қазақстан, Беларусь, Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерімен қатар, ТМД-ның Терроризмге қарсы орталығы мен Атқарушы комитетінің өкілдері қатысқан отырыста алдыңғы отырыста қабылданған шешімдердің орындалу барысын, ТМД елдеріндегі ынтымақтастықтың маңыздылығы мен проблемаларық мәселелер мен оларды шешу жолдары қаралды.

Төрт жылға арналған қылмысқа қарсы күрес іс-шараларының мемлекетаралық бағдарламасын жүзеге асыру, терроризм мен экстремизмге қарсы күрес бағдарламасының орындалу барысы қаралды. ТМД Бас хатшысының орынбасары Нұрлан Сейтімов қылмыстық жазаларды орындау  саласындағы кеңестің маңызды рөліне тоқталды. Отырыс нәтижесінде кеңестің кезекті отырысын келесі жылы Өзбекстанда өткізу келісілді.

Бұл салада білім бағытында да әріптестік қарқынды жүргізілуде. Ведомстволық жоғары оқу орындары арасында әріптестікті орнату, бірлескен тағылымдама ұйымдастыру, тәжірибе алмасу, қызметкерлердің біліктілігін арттыру мақсатында ІІМ Алматы академиясына Гонконгтың Полиция колледжі мен Гонконг полиция бас басқармасының өкілдері арнайы жұмыс сапармен келді.

Кездесуде тараптар оқу орындарындағы ерекшеліктерімен, оқу үрдісімен, полиция қызметкерлерінің біліктілігін арттырудағы жаңашылықтар мен заманауи технологиялардан хабардар етті.

Екі елдің оқыту жүйесінде ұқсастық бар дейді кездесушілер. Мәселен, Гонконгта констабльдерді бастапқы базалық даярлауды және Гонконг полиция инспекторларын оқытуды жүргізетін мектептер мен колледждер жұмыс жасайды.

ІІМ Алматы академиясы оқу базасымен, сонымен қатар әскери және тактикалық-арнайы даярлық, киберполигонның мүмкіндіктерімен, қалалық полиция департаментінің жедел жұмысымен таныстырып, оқу орындары арасындағы ынтымақтастық екі елдегі құқық қорғау органдарындағы байланысты нығайта түсетініне сенім білдірді.

Сапар барысында қонақтар полиция сервистік орталығының жұмысымен танысты.

Жалпы айтқанда, ішкі істер саласындағы шет елдермен қарым-қатынас қазіргі бар ынтымақтастықты нығайтумен қатар, әріптестіктің жаңа бағыттарын қарастырып, кадрдің біліктілігін арттыруда үлкен септігін тигізбек.