Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов жастар аясындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау саласындағы ынтымақтастықты талқылау мақсатында БҰҰ-ның Орталық Азия, Ауғанстан, Иран және Пәкістандағы есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының Аймақтық өкілдігінің директоры Оливер Штолпемен кездесті.
Бүгінде елімізде «жастар үшін» емес, «жастармен бірге» принципі аясында болашақ ұрпаққа өздеріне қажетті бағыттар мен проблемаларды анықтап, оларды шешуге мүмкіндіктер берілген.
Лудоманияға, заңсыз ойын бизнесіне, нашақорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспар әзірленіп, жастармен тұрақты түрде жұмыстар жүргізілуде.
Оливер Штолпе жастармен жұмыс істеуге бағытталған курстармен таныстыра келе, брифинг ұйымдастыруды, онда спорт арқылы жастарға пайдалы дағдыларды үйрететін оқу орындарына арналған «Өмірге аралас» бағдарламасы мен басқа да курстарды таныстыруды ұсынды.
Одан бөлек, Алматыда жастарды қолдап, оларды жұмыспен қамту, кәсіпке баулу мәселелері қозғалған форум өтті. «Жастар Орталық Азияның тұрақты дамуы үшін» атты форумға Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Өзбекстанның беленді жастары, осы саладағы мамандар, дін және мемлекеттік органдардың өкілдері, одан бөлек Жапония мен Швейцариядан келген БҰҰ сарапшылары қатысты.
Форумға қатысушылар жастар арасында бұзушылықтар орын алуының басты себебі – жұмыссыздық пен мүмкіндіктерін қадағалай алмауында деп келе, оны шешу жолдарын талқылап, өз ойларымен бөлісті.
Ал,Қазақстан мен Испанияның стратегиялық әріптестігінің 15 жылдығына және Республика күніне орай, еліміздің жетекші шығармашылық ұжымдарының бірі саналатын «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі Мадридте өнер көрсетті.
Екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға септігін тигізетін концертте, қазақ музыканттары тыңдаушыларға домбыра, қобыз, дауылпаз, тұяқтас, саз сырнай, шаңқобыз, шертер, қоңырау секілді халық музыкалық аспаптары арқылы өнерлерін ұсынды.
Қазан айында мәдениет саласында орын алған маңызды іс-шаралардың бірі – Татарстанның Қазан қаласындағы Назарбаев пен Качалов көшелерінің қиылысында ұлы ақын және ойшыл Абай Құнанбаевқа арналған ескерткіштің ашылу салтанаты болды.
Бұл іс-шара мемлекеттер арасындағы мәдени ынтымақтастықты дамытып, достықты одан әрі нығайта түспек.
Ал, Францияда Париж ботаникалық бағының кураторы мен Париж мэриясы ұйымдастыруымен француздық көрермендерге «Көшпенділер әуендері» бағдарламасы ұсынылды.
Концертте Абай Құнанбайұлы, Құрманғазы Сағырбайұлы, Хабибулла Сетековтың, Владимир Стригоцкий-Пак, Алмас Серкебаевтың туындылары шырқалды.
Әзірбайжанда ұйымдастырылған «Baku International Film Festival 2024» фестивалінде Қазақстанның «Бауырына салу» фильмі бас жүлдеге ие болды.
Режиссер Асхат Кучинчереков түсірген фильм мазмұны мен ұлттық дәстүрдің көлеңкелі тұсын көрсетіп, бала психологиясын ашуымен ерекшеленіп, қазылар алқасы тарапынан жоғары бағаға ие болды.
Алматыда өткен «Тұлпар» ұлттық сыйлығының ең жоғары наградасына ие болған фильм, елімізді әлемдік деңгейде таныту мақсатында Оскар комитетіне ұсынылды.
Одан бөлек, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстанның ғалымдары, қазақстандық археологтар мен тарихшылары, мұғалімдері қатысқан Халықаралық қарым-қатынасты дамытудағы Ұлы Жібек жолының рөлі» тақырыбында халықаралық ғылыми-танымдық онлайн конференция өтті.
«Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы ұйымдастырған іс-шарада Ұлы Жібек жолының халықаралық қатынастарды дамытудағы рөлі, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген тарихи-мәдени ескерткіштердің сақталуы мен насихатталуы талқыланып, «Тараздың жауһар жәдігерлері» атты көрме ұйымдастырды.