03.09.2024 в 21:04

Арменияның Қазақстандағы Елшісіне мемлекеттік награда табысталды

1992 жылы дипломатиялық қатынастар орнаған Қазақстан мен Армения бүгінде түрлі салаларда ынтымақтастықты орнатқан. 1993 жылдың маусым айынан бастап Қазақстанда Армения Елшілігі ашылса, еліміздің Армениядағы Елшілігі 2007 жылы ашылды.

2022 жылдан бастап елдегі Арменияның Елшісі ретінде тағайындалған Армен Гевондян, екі ел арасындағы Достық және ынтымақтастық туралы шарттың 25 жылдығына орай достық қатынастарды нығайтып, елдер арасындағы өзара іс-қимылды дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасы – ІІ дәрежелі «Достық» орденімен наградталды.

Сыртқы істер министрлігінде өткен салтанатты іс-шарада Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу орденді табыстап, елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуда бірлескен жұмыстарды жаңа бағытта жүзеге асыруға шақырды.

Өз кезегінде, Армения Елшісі жұмысын жоғары бағалаған Қазақстан басшылығына ризашылығын білдіре отырып, қазақ-армян ынтымақтастығын нығайтуда аянбай қызмет ететінін жеткізді.

Сонымен қатар, тараптар Мемлекет Басшысының биылғы жылдың сәуірінде Ереванға жасаған ресми сапары аясында қол жеткізілген келісімдердің жүзеге асырылу барысын талқылап, сауда-экономикалық, туристік, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық салалардағы әріптестіктің бүгіні мен перспективаларын қарады.

Айта кету керек, еліміздің ТМД кеңістігіндегі негізгі серіктестің бірі ретінде Армениямен қарым-қатынасқа ерекше мән беріледі. Терең тарихи байланыстарға негізделген екі ел арасындағы ынтымақтастық жылдан-жылға артуда.