Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді мақсат етеді және оны орындау үшін нақты қаржыландыру көздері мен заманауи технологияларға арқа сүйейді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бакуде өткен Дүниежүзілік саммитте сөйлеген сөзінде айтты.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясына қосылушы тараптардың 29-шы конференциясы аясында өткен саммитте 80-нен астам мемлекеттің басшылары, халықаралық, өңірлік ұйымдардың жетекшілері сөз сөйледі.
Пленарлық сессиядан кейінгі алғашқы сөз Мемлекет басшысына беріліп, Президент еліміздің бұл бағыттағы атқарған жұмыстары мен ұстанымдарынан хабардар етті.
Әлем көшбасшыларының саммитінде Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық климат күн тәртібін қолдайтынын растап, климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі халықаралық ынтымақтастықтың ерекшелігін атап өтті.
Бүгінде әлемдегі зиянды шығындардың 1 пайызы ғана Орталық Азия елдеріне тиесілі болғанымен, бұл аймақ көптеген климаттық қатерлерге ұшырауда. Ал онымен күресте жасанды интеллект, озық технологияларды, су және жер ресурстарын тиімді басқаратын цифрлық құралдарды қолдану қажет.
Саммитте Президент ауыл шаруашылығын тұрақты дамытуға көшудің маңыздылығына тоқталып, елімізде бұл салаға арналған 200 млн гектар жердің болуы, «көміртекті егіншілік» әдісін енгізуге қолайлықты көрсететінін айтты. Сонымен қатар, бұл бағытта бірлесе жұмыс жасауға және мүмкіндіктерді зерделеуге шақырды.
Қазақстан уран жеткізу бойынша әлемнің 43 пайызын қамтуда және ядролық энергетиканы дамытуда маңызды рөл атқарады. Бүгінде жетекші технологиялық алпауыттармен бірлесе қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз ете отырып, атом электр станциясын салуды жоспарлауда.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, әлемдегі табиғи апаттардың 8 пайызы суға қатысты орын алуда. Тіпті биыл Қазақстанда бұрын соңды болмаған су тасқыны болып, төтенше жағдайларда жедел әрекет ету, қалпына келтіру жұмыстарын жеделдету бойынша кешенді жүйе енгізілуде. Жалпы, су мәселесін жаһандық деңгейде көтеру мақсатында Қазақстан мен Франция биыл One Water саммитін өткізеді.
Бүгінде әлем үшін Каспий теңізін құтқару міндеті тұр және бұл бағыттағы жұмыс ұзақ мерзімді ынтымақтастықты талап етеді.
Өз сөзінде Президент Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевтің Каспий маңы мемлекеттерінің сарапшылар тобын құру туралы ұсынысын қолдады.
Сөз соңында саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Әзербайжан Президентіне алғысын білдіріп, әділ, ашық климаттық күн тәртібін қалыптастыруда халықаралық ынтымақтастыққа дайын екенін жеткізді.
Одан бөлек, дүниежүзілік саммит аясында Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан Президенттері жасыл энергияны өндіру және беру саласындағы стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойды. Осылайша бауырлас елдер ынтымақтастықтың тағы да бір жаңа бағытын айқындады.
Келісімнің нәтижелері мемлекеттердің экономикаларын біріктіріп, энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға, тәжірибелермен алмасып, озық технологияларды меңгеруге мүмкіндік береді.
Ал, келісімге сай Қазақстан ірі транзит аумағы ретінде үлкен рөл атқарады.
Жалпы, еліміз жасыл энергетикаға ерекше мән беріп, қазба байлықтарға тәуелділіктен арылу бойынша жұмыстар жүргізуде.
Президенттер бұл келісім үш мемлекет арасындағы бауырластық және серіктестік қарым-қатынастарды жаңа деңгейге шығаратынына сенім білдірді. Сондай-ақ, бұл кездесуде Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстанның Энергетика министрлері мен Сауд Арабияның ведомство басшылары энергияны дамыту және беру саласындағы ынтымақтастық туралы атқарушы бағдарламаға қол қойды және бұл айтулы іс-шара үш мемлекеттің Президенттерінің қатысуында өтті.