15.11.2024 в 17:05

ШҚО мен Вьетнамның Бак Нинь провинциясы әріптестік туралы меморандумға қол қойды

Бүгін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнам коммунистік партиясы орталық комитеті саяси бюросының мүшесі, Хо Ши Мин атындағы ұлттық саясат академиясының директоры Нгуен Суан Тхангты қабылдады. 

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Вьетнам арасындағы қарым-қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Президент Вьетнамды Оңтүстік-Шығыс Азиядағы еліміздің негізгі серіктесі ретінде атады. Оның айтуынша, Қазақстан екі ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын. 

Осы күні Астанада Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Бак Нинь провинциясы халық комитеті бауырлас қатынастар орнату туралы өзара түсіністік меморандумына қол қойды. 

Меморандумға қол қою алдындағы дайындық екі тараптың келіссөздер жүргізуімен өтті. Бұл құжат былтыр екі ел басшыларының кездесуі барысында қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру мақсатында әзірленді. 

 
Биыл мамыр айында Вьетнам делегациясы Шығыс Қазақстан облысына келіп, өңір басшысы Ермек Көшербаевпен туризм, ауыл шаруашылығы және өзара қызығушылық тудыратын басқа да салалардағы серіктестіктің болашағын талқылаған-ды. 

Меморандумға қол қою рәсіміне Қазақстан мен Вьетнамның Сыртқы істер министрлігі басшылары және басқа да ресми тұлғалар қатысты. 

Меморандум Шығыс Қазақстан облысы мен Бак Нинь провинциясы арасында ресми әріптестік байланыстар орнатуды көздейді. Бұл құжат әртүрлі салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге мықты негіз қалыптастырады. Құжаттағы негізгі тармақтардың бірі делегациялар алмасуды көздейді, ол басқару, экономика және мәдениет салаларында өзара түсіністік пен тәжірибе алмасуды тереңдетуге бағытталған. 

Тараптар тоқыма және жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы сияқты маңызды салаларда ынтымақтастықты белсенді дамытуға келісті. Әсіресе, көлік инфрақұрылымы мен логистиканы дамытуға ерекше назар аударылды. Бұл сауда мен ресурстар алмасу үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Денсаулық сақтау саласында озық тәжірибе алмасу және медициналық қызмет сапасын жақсарту бойынша жұмыстар күшейтіледі, ал мәдени салада туризм мен мәдени құндылықтарды танымал етуге арналған жобалар жүзеге асырылады. 

Сонымен қатар тараптар жергілікті кәсіпкерлер мен компанияларды жаңа инвестициялық мүмкіндіктер іздеу жолында қолдауға келісті. Бұл іскерлік байланыстарды кеңейтудің жаңа перспективаларын ашады. Меморандумның маңызды тармағы – Вьетнам мен Еуразиялық экономикалық одақ арасындағы еркін сауда туралы келісімнің мүмкіндіктерін пайдалану. Бұл екі жаққа да экономикаларын тиімді интеграциялап, сауда байланыстарын кеңейтуге мүмкіндік береді. 

Бірлескен жобаларды үйлестіру және келісімдердің орындалуын бақылау үшін арнайы жұмыс топтары құрылды. Олардың құрамына Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы мен Бак Нинь провинциясы халық комитетінің халықаралық істер басқармасы енді.