18.11.2024 в 10:34

ПОЛЬШАЛЫҚ ИНВЕСТОРЛАР ҚҰНЫ 200 МЛН АҚШ ДОЛЛАРЫН ҚҰРАЙТЫН ЖЫЛЫЖАЙ САЛУҒА НИЕТТІ

Ел экономикасын тұрақты дамыту үшін инвестициялардың маңызы айрықша екені анық. Мемлекеттік қолдаулар нәтижесінде Шымкент қаласында инвестклимат жақсарып келеді. Бұл бағыттағы кешенді шаралар өз жемісін беруде. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанда қалаға 84,8 млрд. теңге инвестиция тартылып, былтырғы жылдың тиісті кезеңмен салыстырғанда 109,6% құрап отыр.

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков «Fabe Polska» поляк компаниясының басшылығымен кездесті. Кездесу барысында Шымкентте аумағы 150 гектарды құрайтын жоғары технологиялы жылыжай салу туралы меморандумға қол қойылды. Ауқымды жобаның жалпы құны 120 миллион АҚШ доллары. Инвестициялық жобаны жүзеге асыру нәтижесінде жылына 36 мың тонна қызанақ пен қияр өндіріп, 800-ден астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

Өндірілген өнім жергілікті нарыққа және шетелге экспортталады. Қала әкімі инвесторларға мұндай жобаны жүзеге асыруға қызығушылық танытқаны үшін алғыс айтты. «Инвестициялық климатты қолайлы ету – қаланың дамуының маңызды бағыттарының бірі. Біз мұндай жобаларға әрқашан жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Себебі, бұл қаланың ғана емес, тұтас елдің дамуына оң ықпал етеді», - деді Ғ.Әбдімәжитұлы.

Аталған жобаның іске қосылуы тек қаланың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосып қана қоймай, жылыжай бизнесінің дамуына, жаңа технологияларды енгізуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға қосымша серпін береді.

Бүгінде Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестицияның жан басына шаққандағы көрсеткіші бойынша әлемдегі көшбасшы мемлекеттердің біріне айналды. Бұл дегеніміз қомақты қаржы ғана емес, бұл – ірі жобалар, жаңа технологиялар. Біздегі шикізаттық базаның молдығы, саяси жүйенің тұрақтылығы, инвестициялық климаттың мықтылығы, географиялық тұрғыдан тиімді орналасуы тікелей шетелдік инвестицияға жол ашып отыр. Діттелген межеге қол жеткізу үшін түрлі бағытта жұмыстар жүргізілуде.

Осы тұста айта етейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үшінші мегаполисте инвестиция тарту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында ауқымды инвестициялық жоба іске қосылды. Биыл «Бозарық» тамақ өнеркәсібінің индустриялық аймағының инфрақұрылым құрылысы аяқталады. Бүгінде аймақтың 1,8 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтуға қауқарлы 21 жобасы әзірленді.  Сауда-логистикалық орталықтың аумағында сусындар шығаратын "Coca-Cola Kazakhstan" зауыты ашылды. "Шымкент сити" шағын ауданында әйгілі "Hilton" халықаралық қонақ үй желісінің қонақ үйінің құрылысы орнында капсула салынған. Шымкентте жалпы ауданы 650 гектар болатын Орталық Азиядағы ең ірі жылыжай кешенінің құрылысы басталды. Құны 650 млн долларды құрайтын жобаны түрік инвесторы – Alarko Holding компаниясы жүзеге асыруда.