15.11.2024 в 10:56

ГЕНДЕРЛІК ТЕҢДІК – ТҰРАҚТЫЛЫҚҚА ТІРЕК

Тәуелсіз елімізде қажетті отбасылық-гендерлік саясат жүзеге асырылуда. Отбасына, ана мен балаға қолдау көрсетудің кешенді жүйесі қалыптасқан. Соның арқасында қазақ әйелдері биік белестерді бағындырып, ел дамуына өздерінің сүбелі үлестерін қосуда. Біздің елімізде гендерлік саясаттың міндеттеріне билік құрылымына әйелдер мен ерлердің тең қатысуы, экономикалық тәуелсіздік үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету, өз бизнесін дамыту және қызмет бабымен көтерілу, отбасындағы тең құқықтар мен міндеттер үшін талаптар құру, қоғам дамуында әйелдердің рөлін бұдан әрі дамыту жатады. Осы орайда  «Азаматтық бастамаларды қолдау» орталығы  және “Алтын Орда” ҚҚҚ-ның ұйымдастыруымен “Тең мүмкіндіктер” жобасы аясында “Гендерлік теңдік - тұрақтылыққа тірек!” тақырыбында кездесулер топтамасы өтті. 


Шараның басты мақсаты - гендерлік саясат, әйелдің қоғамдағы маңызы, отбасылық құндылықтарды арттыру секілді тақырыптарды көпшілікке жеткізу. Жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттеріне гендерлік зорлық-зомбылық бойынша ЮНФПА ұлттық кеңесшісі, сапалы зерттеулер бойынша халықаралық сарапшы, NLP тренері (M.A.NLP) Сағадат Сабитова дәріс оқыды. 

-    Гендерлік саясат – қазіргі уақытта өзекті мәселелердің бірі. Қоғам өмірінің барлық салаларында ерлер мен әйелдердің теңдігіне қол жеткізуге бағытталған мемлекеттік және қоғамдық қызмет. Гендерлік теңдік деңгейі жоғарылаған сайын, отбасы мүшелерінің әрқайсысының тұрмыстық, экономикалық, адамгершілік- тәрбиелік, қорғаушылық және басқа да маңызды функцияларын орындауда жауапкершілігі, тепе- теңдігі де жоғары болатынын түсінуге тиіспіз. Гендерлік саясат дегеніміз-тең дәрежеде ерлер мен әйелдердің қоғамды бірлесіп дамытуы. Бұл саяси жүйеде ерді әйелден ерекшелеп, немесе әйелді ерлерден биік қою емес. Бұл дегеніміз екі жақ та тең дәрежеде өз құқықтары мен мүмкіндіктерін біркелкі пайдаланып, қоғамның дамуына, еліміздің алға қарай жылжуына үлес қосуы деген сөз, - деді Сағадат  Ташболтқызы.


Жалпы, отбасылық гендерлік саясаттың негізгі бағыттарына: тұрмыстық зорлық-зомбылықты болдырмау, суицидтің алдын алу, ажырасу, балалар тәрбиесі сынды мәселелер кіреді. 
Мемлекет басшысы Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан бастап 30 жыл бойы әйелдерді қолдауға бағытталған салиқалы саясатты дәйекті түрде жүргізіп келе жатқанын атап өтті.


– 2030 жылға дейінгі отбасы және гендерлік саясат тұжырымдамасын басты негізге алған берік құқықтық база қалыптастырдық. Өткен айда адам құқығына қатысты алдағы уақытта атқарылатын шаралар туралы Жарлыққа қол қойдым. Оның негізгі бағыттарының бірі – гендерлік теңдікті қамтамасыз ету. Гендерлік мәселені шешу – өңірлік өлшем бойынша еліміздің сыртқы саясаттағы басымдықтарының бірі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.