14.11.2024 в 11:36

БАЛА САУЛЫҒЫ БАСТЫ НАЗАРДА

Бала денсаулығы – ұлт байлығы. Еліміздің денсаулық сақтау жүйесінің басты бағытының бірі де сол – дені сау ұрпақ қалыптастыру. Бүгінгі бала – ертең еліміздің тұтқасын ұстар азамат, мемлекеттің болашағы. Сондықтан болашақ иелерінің жаны мен дені сау болып өсуі аса маңызды.


Үшінші шаһарда балаларға медициналық көмек көрсетуді жетілдіру жөніндегі республикалық семинар-кеңес өз мәресіне жетті. Аталмыш жиында балалар денсаулығын сақтаудың қазіргі жағдайы, өршіп тұрған эпидемиялық аурулардың алдын алу, онымен күресу сияқты мәселелі кеңінен сөз болды. Сонымен қатар,  медициналық көмек көрсету стандарттары, және шешімін таппаған мәселелер де қозғалды.


Іс-шараға ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова, сондай-ақ ЮНИСЕФ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) өкілдері мен өңірлік денсаулық сақтау басқармаларының басшылары қатысты. Мамандардың айтуынша, балаларға көмек көрсету үшін ең әуелі білікті кадр қажет. Әсіресе ауылдық жерлерде дәрігерлер жетіспейтіні жасырын емес, соның ішінде педиатрлар мен балалар хирургтерінің қатарын көбейту қажеттігіне баса назар аударды. Одан бөлек шұғыл медициналық көмек көрсету шаралары бойынша фельдшер және басқа да мамандарға арнайы курстар жиі өткізілуі тиіс екенін де тілге тиек етті.  


Семинарда ЮНИСЕФ пен ДДҰ өкілдері жүкті әйелдер мен 5 жасқа дейінгі балаларды патронаждық бақылау жүйесі туралы баяндама жасалды. Міне осы баяндамада жүкті әелдерде баланың дамуын ерте анықтау мақсатында скринингтерді жетілдіру қажеттігі туралы айтылды. 


-    Әрбір әйел жүктілікті жоспарлау кезінде профилактика үшін медициналық тексеруден өтуге тиіс. Сол секілді балаларды скринингтен өткізу керек. Бірінші скрининг – жүктіліктің 12-аптасында. Ол кезде құрсақтағы баланың жағдайын білеміз, зерттейміз. Қазір УДЗ мамандарға жоғары талап қойылып жатыр. УДЗ дәрігерлерін көбейтеміз, біліктілігін арттырамыз. Кейбір жағдайда балаларда ауру анықталып жатса, әйелді телемедицина арқылы басқа клиникалармен бірлесіп қарауға болады, - деді Мағрипа Ембергенова өз сөзінде.


Елімізде денсаулық сақтау саласының дамуы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басты назарында.  Жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелердің денсаулығын сақтау және патологияларын ерте анықтау үшін 11 миллионнан астам нәрестені қамтитын скринингтер жүргізіледі. Президенттің тапсырмасына сәйкес «Бір күндік клиника» пилоттық жобасы енгізілуде. Жоба барлық өңірлерде кезең-кезеңімен жүзеге асырылады, бұл пренаталдық диагностиканың инновациялық әдістерін қолдануға және патологиясы бар балалардың туу қаупін уақтылы анықтауға мүмкіндік береді.