15.11.2024 в 11:58

Агроөнеркәсіп кешені экономикадағы басты қозғаушы күштің біріне айналуға тиіс

Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумы өтті. Осынау іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 2 мыңнан аса адам жиналды. Форумға агрохолдингтердің өкілдері, фермерлер, шаруа қожалықтарының жұмысшылары, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктердің мүшелері мен инвесторлар қатысты. Президент өз сөзінде агроөнеркәсіп кешеніне жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқандығын тілге тиек етті.  

«Негізгі мақсаты­мыз – ауыл шаруашылығының дамуы­на серпін беру. Бүгінде еліміздің Жаһан­дық азық-түлік қауіпсіздігі индексін­дегі көрсеткіштері жақсарып келеді. 2022 жылы осы рейтингте 32-орынға шықтық. Қазақстан ТМД елдері ішінде көш бастап тұр. Бірақ жайбарақат отыруға болмайды. Ауыл шаруашылығы бәсекеге қабілетті озық сала болуы керек. Агроөнеркәсіп кешені экономикадағы басты қозғаушы күштің біріне айналуға тиіс. Бизнес те, мемлекет те осыған мүдделі», – деді ол. 

Үшінші мегаполисте ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мақсатында 26,5 мың гектар аумаққа дақылдар егілді. Оның ішінде дәнді дақылдар 10,9 мың гектарды, майлы дақылдар 3 мың гектарды, мал азықтық дақылдар 9 мың гектарды, ал көкөніс, бақша өнімдері мен картоп 3,6 мың гектарды қамтиды. Тамыз айында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 32,5 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 103,3%-ды құрады. Жыл соңына дейін аталған алқаптардан 86 мың тонна өнім жинау жоспарланған.

2024 жылы өнімділікті арттыру және егін шаруашылығын қолдау мақсатында жергілікті бюджеттен 911 млн теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға – 122,1 млн теңге бөлініп, шаруашылықтар 560 тоннаға жуық тыңайтқыш сатып алды. Жылыжай кешендерінің коммуналдық шығындарын арзандатуға – 767,8 млн теңге қарастырылып, тұқым шаруашылығын дамытуға – 20,5 млн теңге,  ал пестицидтер мен биоагенттердің (энтомофагтардың) құнын субсидиялауға – 600 мың теңге бөлінді.

Көктемгі егіс науқанына 35,9 тонна дизель отыны бөлініп, шаруашылықтарға толық жеткізілді. Күзгі егін жинау жұмыстарына 104,5 тонна дизель отыны бөлініп, «Ұлы Орда 01» ЖШС таратушы оператор болып анықталды. Дизель отынының бағасы литріне 250 теңге болып белгіленді.

Президенттің агроөнеркәсіп саласын дамыту туралы тапсырмаларын жүзеге асыру үшін Шымкент қаласы әкімдігі мен ауыл шаруашылығы басқармасы ауыл шаруашылығын қолдауды жалғастыруда.