Шымкент қаласының Еңбекші ауданы қала тұрғындары үшін ыңғайлы және қауіпсіз өмір сүру ортасын қалыптастыру мақсатында аулаларды абаттандыру, спорт алаңшаларын орнату және гүлзарлар салу бойынша кешенді жұмыстар атқаруда. Бұл жұмыстар «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында іске асырылып, тұрғындардың өз ұсыныстарын енгізуге және жергілікті бюджеттің қалыптасуына тікелей қатысуына мүмкіндік беруде.
Биыл 47 көпқабатты тұрғын үйдің аулаларын абаттандыру көзделіп отыр. Жеке сектор аумағында 17 мекен-жайда кешенді балалар ойын алаңшаларын салу жоспарлануда, бұл 43 жобаны қамтиды. Қазіргі таңда 20 нысанда балалар ойын алаңшасын орнату жұмыстары жүргізілуде.
Еңбекші ауданында халықтың спорттық белсенділігін арттыру мақсатында спорт алаңшаларын құруға да ерекше көңіл бөлініп келеді. 2022 жылдың соңында аудан аумағында 107 спорт алаңшасы болған. Алайда, Шымкент қаласында жаңа «Тұран» ауданы ашылуына байланысты, оның аумағына кіретін 58 ашық спорт алаңшалары Еңбекші ауданнан Әл-Фараби ауданының әкімшілік шекарасына берілді. Қазіргі таңда Еңбекші ауданы аумағында 56 спорт алаңшасы жұмыс істеп тұр.
Қала көркін ашып, тұрғындарға демалыс аймағын қамтамасыз ету мақсатында гүлзарлар салу жұмыстары да назардан тыс қалмауда. Еңбекші ауданы әкімінің аппараты биыл 5 гүлзар салуды қолға алып, қазіргі уақытта мердігер мекемелермен келісім шарттар жасалып, жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар, қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, Жібек жолы көшесінің бойында қоғамдық кеңістік құру бойынша ауқымды жоба іске асырылды. Бұл жоба «BI Group» ЖШС-нің демеушілігімен жүзеге асырылып, қала тұрғындары мен қонақтары үшін заманауи әрі жайлы демалыс орнын қамтамасыз етеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз Жолдауында берген тапсырмалары Шымкент қаласында жүйелі орындалып жатқандығын аудандарда атқарылған ауқымды істерден байқауға болады. Еңбекші ауданының инфрақұрылымын дамыту және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Аулаларды абаттандыру, спорт алаңшалары мен гүлзарлар салу сияқты жобалар тұрғындардың өмір сапасын арттырып, қаланың көркін жақсартуға бағытталған. Алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табады.