19.11.2024 в 12:29

ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕСТІҢ ДАМУЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне тоқталып «2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 15 пайызға жетуі керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндет. Қазір бұл көрсеткіш 7 пайыз шамасында. Жыл басында мен орта бизнесті қолдау үшін нақты шешімдер қабылдау жөнінде тапсырма бердім» деген болатын.
Осы орайда, мемлекеттің осындай қолдауын кәсіпкерлерге жеткізетін, олардың қаржылық мәселесін шешуге, екінші деңгейлі банктерден ыңғайлы шарттармен несие алуына жәрдем беретін мемлекеттік даму институты бар. Ол – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры». Ол «Бәйтерек» ұлттық холдингінің құрылымына кіреді. Қордың мақсаты – Қазақстанда шағын және орта бизнесті дамыту. Яғни, өз кәсібін бастағысы келетін немесе дамытуды көздеген кәсіп иелеріне жәрдемдесетін орталық.
– 2024 жылғы 5 ақпаннан бастап «Даму» қоры жаңартылған «Бірыңғай кешенді бағдарламамен» жұмыс істеп жатыр. Бағдарлама кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан тиімді қолдау көрсетіп, экономиканың түрлі салаларындағы бәсекеге қабілетті әрі импорттың орнын басатын отандық жобаларды дамыту үшін бекітілген болатын. Осы жылдың басынан бері Шымкент қаласындағы 1 115 жобаға 56,8 млрд теңгеге қолдау көрсетілді. Оның ішінде 684 жоба 45 млрд теңгеге субсидия, 431 жоба 11,8 млрд теңгеге кепілдік алған. Жалпы, «Даму» қоры арқылы Шымкент қаласында 2010-2023 жылдар аралығында мемлекеттік қолдау алған кәсіпкерлер 11,2 мың жаңа жұмыс орнын ашып, бюджетке 316 млрд. теңге салық төледі. Бұл экономикаға айтарлықтай серпін береді, – дейді «Даму» қорының Шымкент қаласы филиалының директоры Жомарт Ермағанбет.
Кәсіпкерлікті ынталандыру ел экономикасы дамуының серпінді ілгерілеуіне ықпал ететіні сөзсіз. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетудің нәтижесінде отандық қызмет пен тауар өндірісі дамып, халықты жұмыспен қамту көрсеткіші артқаны байқалады.
Осыған орай, «Даму» қорының мамандары БАҚ өкілдеріне баспасөз турын ұйымдастырып, өңірдегі қордан қолдау тапқан, бүгінде істері алға басып, сәтті жұмыс істеп жатқан кіспорындардың жұмысымен таныстырды. Ал, «Даму» қорының Шымкент қалалық филиалының қаржылық қолдау жөніндегі бөлім басшысы Сабыржан Исақов БАҚ өкілдеріне қаржы институтының кәсіпкерлікті қолдауға арналған тетіктері туралы түсіндірді.
Пресс-турдың алғашқы аялдамасы кәсіпкер  Әйгерім Тілеубаеваның цехынан басталды. «Айко» жеке кәсіпкерлігі 2023 жылы жабдықтар сатып алу мақсатында несие рәсімдеп, «ТЕМКА» брендімен өз өндірістерін бастап кеткен. Цехта қуырылған пісте, жержаңғақ, аралас жаңғақтар сынды өнімдер өндіріліп, қаладағы дүкендерге жеткізіледі.
«Айко»  компаниясының құжат бойынша иесі Айгерім болғанымен, негізін қалап, жұмысты дөңгелетіп отырған – жолдасы Жәнібек Исқақов. Жәнібек өзі І топтағы мүгедек. Ол «Даму» қорының кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасына жүгінеді. Қаржылай көмек алу арқылы Жәнібек қажетті құрал-жабдықтарды сатып алып, қуырылған пісте өндірісін бастады. Цехта қолданылатын заманауи құрал-жабдықтар өнімнің сапасын қамтамасыз етіп қана қоймай, өндіріс процесін де жеңілдетеді. Негізінен жергілікті өнімді, Қарабұлақ, Төрткүл дихандарынан алады екен. Ал, өзімізде жоқ жаңғақтарды Иран, Өзбекстаннан алдыртады. Жәнібектің өндірісінде әзірге 4 адам еңбек етеді. Олар өндірген өнім сапалы және табиғи шикізаттардан жасалған.
– Қазақстандағы пісте өнімдерінің шамамен 80-90 пайызы импортқа тәуелді. Ішкі өндіріс әзірге сұранысты толық қамтамасыз ете алмайтындықтан, негізгі көлем шетелден жеткізіледі, Түркия, Иран, Ресей және Қытай сияқты елдердің пістесін тұтынып жүрміз. Қалған 10-20 пайызы ғана жергілікті өндірушілер есебінен қамтамасыз етіледі, бірақ, оның көлемі елдегі қажеттілікті толығымен жабуға жеткіліксіз. Сондықтан пісте, қуырылған жаңғақ шығару кәсібі қазіргі таңда үлкен сұранысқа ие бизнес түріне айналуда, – дейді Жәнібек Исқақов.