Білімді, тәрбиелі әрі дені сау ұрпақ – ұлттың ең қымбат байлығы. Олай болса, балалар мен жасөспірімдердің оқумен қатар, өнер үйреніп, спортпен шұғылданып, жан-жақты жетілуіне қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің мойнындағы борышы. Сол себепті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне назар аударған болатын.
– Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз, – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы бұқаралық спортты дамытуға арналған кешенді бағдарлама қабылдау керектігін айтқан болатын.
Президенттің осы тапсырмасын орындау мақсатында «Дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар» әзірленіп, ол Үкіметтің қаулысымен бекітілгені мәлім. Осы жоспарға сәйкес үшінші мегаполисте ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Маратбек Мықтыбеков 2024 жылдың 10 айында атқарылған жұмыстарды қорытындылап, алдағы жоспарларын таныстырды. Алқа отырысына қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, спорт мектебі басшылары, жаттықтырушылар, спорт саласы қызметкерлері қатысты.
Шымкент қаласының 2021 - 2025 жылдарға арналған даму жоспарының нысаналы индикаторлар тізбесінде спорт саласының 4 көрсеткіші бекітілген. Жалпы, жыл басынан бері қала тұрғындары арасында салауатты өмір салтын насихаттау, дене шынықтырумен шұғылдануға тарту мақсатында қала аумағында 257 спорттық (Халықаралық, республикалық, қалалық, бұқаралық) іс-шаралар өткізіліп, оған 31 000-ға жуық адам қатысқан.
Жиын барысында бұқаралық спорттық іс-шаралар, спорттық жетістіктер, спорт инфрақұрылымын дамыту бойынша да атқарылған жұмыстар сараланды. Сондай-ақ, дене шынықтыруды дамыту және іс-шараларды өткізу дирекциясының басшысы Бауыржан Тұманбаев, қалалық №9 көркем гимнастикадан олимпиадалық резервтік мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары Рүстем Жаңбырбаев баяндама жасады.
Қала әкімінің орынбасары бұқаралық спортты дамыту, тұрғындарды дене шынықтыруға тарту басым бағыттар болу қажет екенін айтты. Жасөспірімдерді спортқа өз жасына сай әкелу, дарынды балалармен жұмыстарды жүйелі түрде атқару және тағы басқа мәселелерге тоқталып өтті.
Жиында олимпиадалық емес спорт түрлерін қаржыландыру, спортшыларға норматив беру талаптары және тағы басқа мәселелер бойынша сауалдар қойылып, бәріне тиянақты жауаптар берілді. Айта кетер жайт, шаһарда дене шынықтырумен және спортпен айналысатын азаматтардың санын жалпы халықтың 50 % - ына дейін жеткізу назарда тұр.