24.11.2024 в 18:54

Мұрат Нұртілеу алғаш рет Хорватияға ресми сапармен барды

Қазақстанның Сырты істер министрі Мұрат Нұртілеу Хорватияның Сыртқы және еуропалық істер министрі Гордан Грлич-Радманның шақыруымен алғаш рет Хорватияға ресми сапармен барды.

Кездесуде тараптар саяси, экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықпен қатар, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, инновация, білім беру, туризм салаларындағы әріптестіктің перспективаларын талқылады.  

Оңтүстік Шығыс Еуропадағы үшінші орындағы сауда серіктесі ретінде Хорватиямен сауда айналымы былтырғы жылы 432 млн долларды құраған. Оның ішінде елімізден экспорт – 397,98 млн, ал импорт – 34,03 млн долларды құраған. Экспорттың басым бөлігін мұнай және мұнай өнімдері, алюминий құраса, ал медициналық препараттар, тамақ өнімдері импортталуда.  

Тараптар екі ел арасындағы қарым-қатынастармен қатар, халықаралық күн тәртібінідегі маңызды мәселелер, ЕҚЫҰ, БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдар төңірегіндегі әріптестік бойынша пікірлерін білдірді.

Кездесу қорытындысымен бұл ресми сапар қазақ-хорват қарым-қатынасын жаңа деңгейге шығарып, ынтымақтастықтың бағыттарын айқындауға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

Сонымен қатар, Қазақстан Сыртқы істер министрлігі мен Хорватия Сыртқы және еуропалық істер министрлігі арасындағы 2025-2027 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасына, сондай-ақ ҚР Мемлекеттік басқару академиясы жанындағы Дипломатия институты мен Хорватия дипломатиялық академиясы арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.

Сапардың екінші күні Мұрат Нұртілеу Хорватия Республикасының Премьер-министрі Андрей Пленковичпен кездесіп, саяси-диалогты нығайтып, екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды дамыту жолдарын қарастырды.

Министр Мемлекет басшысының бастамасымен еліміздегі жүзеге асырылған реформалар, инвесторларға көрсетілетін қолдаулар мен жеңілдіктер туралы хабардар етті.

Сондай-ақ, хорват компанияларын энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, логистика, ақпараттық технологиялар, білім, туризм бағыттарында бірлескен жұмысқа шақырды.

Хорватия Премьер-министрімен кездесуде келесі жылы Астанада өтетін Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі қазақ-хорват үкіметаралық комиссиясының және «Қазақстан-Хорватия» Іскерлік кеңесінің отырысын талқылады.

Кездесу қорытындысымен қазақ-хорват қатынастарын дамытудың жаңа бағыттары қарастырылып, бұл бағытта аса жоғары және жоғары деңгейдегі сапарларды ұйымдастыру келісілді.

Одан әрі, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Хорватияның жетекші компанияларының басшыларымен кездесті.

Кездесуде екіжақты іскерлік байланыстармен қатар, серіктестіктің жаңа бағыттары, әсіресе көлік-логистика, энергетика, агроөнеркәсіптік кешен, туризм, білім беру бағыттарындағы бірлескен жобалардың әлеуетін қарастырды.

Ал жаңа бірлескен жобаларды талқылау Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия мен «Қазақстан-Хорватия» Іскерлік кеңесі аясында жүзеге асыру келісілді.

Айта кету керек, бұл кездесуге Балқан өңіріндегі ең ірі мұнай кәсіпорындарының бірі саналатын «INA», «Jadranski naftovod» мұнай құбырлары жүйесінің операторы «JANAF», дәрілік препараттардың кең желісін өндіруші Ядран-Гален зертханасы «JGL», әртүрлі жүк түрлерін ауыстырып тиеуді қамтамасыз ететін Риека порты, сонымен қатар туризм, сауда, консалтингтік қызметтер саласындағы ірі компания өкілдері қатысты.

Қазақстан мен Хорватия арасынағы дипломатиялық қарым-қатынастар 1992 жылдың қазан айында орнап, алдымен 1995-1997 жылдары Хорватияның Алматыдағы өкілдігі, 2003 жылы Қазақстанның Загребтегі консулдығы ашылса, кейіннен Елшіліктер ашу келісілді.

Бұл кезеңде екіжақты қарым-қатынастар қарқынды дамып, Қазақстанда құрылыс, IT-технологиялар, сауда және қызмет көрсету салаларында 18 Хорват компаниясы табысты жұмыс істеуде.