Қазақстанның қоғам белсенділері БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптарының 29-шы конференциясына, СОР29-ға қатысты.
Әзербайжан астанасында өткен БҰҰ-ның климат жөніндегі конференциясына 200-ге жуық елдің өкілдері қатысып, климаттық өзгерістерге қатысты мәселелерді талқылап, шешімін табу жолдарын қарастырды.
Каспийдің экологиялық жағдайы туралы көпшілікті тұрақты түрде хабарландыру мақсатында еліміздің экофорумы Әзербайжан, Түрікменстан, Ресей қоғамдық ұйымдарымен бірлесіп, «Каспий үйі» платформасын құру туралы меморандумға қол қойды.
Платформаның негізгі мақсаты теңіздің экологиялық проблемаларын шешуге бағытталған.
Каспий маңы елдерінің экологиялық басымдықтарын көрсету мақсатында портал базасында виртуалды мұражай ұсынылып, онда жүзеге асырылған жобалар, Каспий бассейнінің табиғаты, флорасы мен фаунасы таныстырылатын болады.
Сонымен қатар, конференция аясында үкіметтік емес ұйымдар мен жастарды, азаматтық қоғамды климаттық проблемаларды шешуге тарту мақсатында «Адами капитал және тұрақты болашақ: білім берудің, жастардың және климаттық тұрақтылықты арттыру үшін инновациялардың рөлі» атты тақырыптық іс-шара ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, тақырыптық іс-шарада тұрақты дамудағы білім берудің орны, жоғары білім беру саласындағы үкіметтік және халықаралық ұйымдардың бастамалары талқыланды.
Конференция аясында талқыланған басты тақырыптардың бірі – Арал теңізін құтқару шаралары болды. Осы бағытта «Орталық Азия Климаттық әсерді ескере отырып, Арал теңізі бассейніндегі су ресурстарын трансшекаралық басқарудың тиімділігін арттыру жолында» тақырыбымен кездесу ұйымдастырылып, тараптар климаттық тәуекелдер, бірлескен шараларды жүзеге асырудағы кедергілерді, климаттың өзгеруінің су ресурстарына әсерін азайту бойынша жұмыстарды талқылады.
Бұл бағытта Қазақстан тарапы халықаралық ынтымақтастықты нығайта отырып, климаттық күн тәртібін үнемі көтеруде. Осы ретте БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы ресурстарын жұмылдыру және әріптестік бөлімінің басшысы Мария Мисовиковамен кездесіп, еліміздің жоспарлары мен жетістіктерінен хабардар етті.
Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді жоспарлауда және бұл бағытта шығырындыларды азайту бойынша Жол картасын әзірлеуде.
Болашақ бастамалар ретінде еліміз 2026 жылы өңірлік климаттық саммит өткізуді ұсынып, негізгі бағыттар ретінде климаттық ауысуға бейімделу, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, климаттық ауысуды қолдауды таңдап, бұл жұмыстарды үйлестіруші ретінде Алматыдан жобалық кеңсе құруды ұсынды.
Сонымен қатар, еліміз БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы тарапынан ұсыныстар мен бастамаларға қолдау көрсетілетініне сенім білдіре отырып, бірлескен жұмыстарды жүргізу, климаттық әріптестік шеңберінде БҰҰ КӨНК-пен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қоюды ұсынды.
Сондай-ақ, конференцияда Қазақстан көміртекті егіншілікті дамыту жөнінде бастама көтерді.
Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Темірханов бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етіп, бұл әдісті енгізудегі еліміздің мүмкіншіліктерінен хабардар ете отырып, мүдделі тараптарды осы саланың әлеуетін зерттеуге шақырды.
СОР29 алаңында көміртекті реттеу механизмдері мен көміртегі бірліктерінің саудасы «Сахалин климаттық эксперименті: іске асыру нәтижелері және халықаралық ынтымақтастықтың перспективалары» панельдік сессиясында талқыланды.
Онда Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев еліміздің шығырындылар саудасының ұлттық жүйесінің жұмысы мен көміртегі ізін азайту бойынша тәжірибесімен бөлісті.
Сонымен қатар, вице-министр Әзербайжан тарапы ұйымдастырған пластик қалдықтарын басқаруға қатысты пленарлық сессияда да сөз сөйлеп, бұл қалдықтардың қоршаған ортаға ғана емес, климатпен байланысты проблема екенін айтып, бірқатар ұсыныстарды білдірді.
COP29 қорытындысы бойынша баспасөз конференциясы өтіп, онда қазақстандық тарап түрлі панельдік сессияларда көтерген мәселелер мен еліміздің қолға алған жобаларымен таныстырып, ұсыныстар енгізілгенін хабарлады.
Маңызды қорытындылардың бірі, 2026 жылы елімізде Климаттық саммитті өткізу туралы оң шешім қабылданғаны болды.
Одан бөлек, Экология және табиғи ресурстар Министрі Ерлан Нысанбаев Бакуде өткен Климаттың өзгеруі жөніндегі 29-шы конференцияның (СОР29) қорытындыларын Ұлыбританияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Кэти Личпен кездесуде талқылап, тұрақты даму, экология, климаттың өзгеруіне қарсы ынтымақтастықты талқылады.