07.05.2025 в 13:33

Атақты партизан, жазушы Қасым Қайсеновтің туған жерінде Батырлар аллеясы ашылды.

7 мамыр – Отан қорғаушылар күні Ұлан ауданының Қасым Қайсенов кентіндегі Батырлар аллеясында Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ұлы Жеңіс: Ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» атты салтанатты іс-шара өтті.
Іс-шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, оның мақсаты – патриотизмді нығайту, тарихи шындықты сақтау және Қазақстан халқының Ұлы Отан соғысындағы ерліктерін жас ұрпаққа жеткізу.
Шара басталар алдында Қасым Қайсеновке арналған мурал ашылып, Батырлар аллеясының алаңында соғыс жылдарындағы әндер шырқалды. Бұл сәт рухани бірлік пен ризашылықтың ерекше атмосферасын қалыптастырды. Салтанатты рәсім Мемлекеттік Гимннің орындалуымен және ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағановтың құттықтау сөзімен ашылды.
– Мемориалдық стелла Ұлы Отан соғысы мен Ауған соғысының ардагерлеріне арналған. Бұл – біздің тарихымызға деген құрметтің, батыр бабаларымызға шексіз тағзымның белгісі. Мұнда Отан қорғаушы жас сарбаздар да қатысып отыр. Олар батырлардың ерлігіне лайық болуы керек. Ал қазақстандықтар бейбіт күннің батырлары болып, еңбегімен Отанға деген сүйіспеншілігін дәлелдеуі тиіс.
Ұлан өңірі – Отанды қорғау тарихына алтын әріптермен жазылған 9 Кеңес Одағының Батыры мен бір Халық Қаһарманының туған жері. Олардың арасында ерекше орын алатын – аты аңызға айналған партизан, жазушы, жерлесіміз Қасым Қайсенов.
Облыста батырлардың есімін ұлықтау бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Биыл Ұлан ауданында 6 ескерткіш жаңартылып, Қасым Қайсеновке арналған мурал салынды. Бұл жұмыстар – өткенге деген құрметіміздің айқын көрінісі және жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудің маңызды құралы. Біз Батырлар аллеясы халықты рухтандырып, жас буынды Отанға деген сүйіспеншілік рухында тәрбиелейтін киелі орынға айналады деп сенеміз, – деді облыс әкімі.
Кент тұрғындары үшін үлкен мәртебе – шараға Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновтің ұлы Болат Қайсеновтің қатысуы болды.
Салтанатты шара барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аймұхамет Бәкімбаев сөз сөйледі.
Іс-шара Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алумен аяқталды.
Айта кету керек, бұл оқиғаның маңызы тек жергілікті халық үшін ғана емес, Отан тарихын қастерлейтін барша азаматтар үшін зор. Ол Отан қорғаушылардың ерлігі мен жанқиярлығын еске салады және олардың ерліктері болашақ ұрпаққа үлгі болып қала бермек. Ұлы Жеңіс рухы – әрқашан қазақстандықтардың жүрегінде.