09.05.2025 в 14:44

Өскеменде Ұлы Отан соғысының батырларын еске алды

Бүгін Жеңіс күніне орай Өскемен қаласында «Жеңіс» мемориалдық кешеніне гүл шоқтарын қою салтанатты рәсімі өтті. Іс-шараға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов, депутаттар, қоғам қайраткерлері, әскери қызметшілер, жастар ұйымдарының өкілдері және қала тұрғындары қатысты.

Соғысқа дейінгі және соғыс жылдары Шығыс Қазақстаннан 182 604 адам әскер қатарына шақырылды. Олардың 95 870-і ұрыс даласында қаза тапты. Шығысқазақстандықтар әскердің барлық түрлерінде қызмет етіп, барлық майдандарда шайқасты, ерлік, қайсарлық және батырлық танытты.

– Бүгін біз бостандығымыз бен бейбіт өміріміз үшін жанын қиған боздақтардың жарқын рухының алдында басымызды иеміз. Олардың ерлігі – Отанға деген сүйіспеншіліктің және жанқиярлықтың мәңгілік үлгісі. Біз әрбір ардагерге, әрбір тыл еңбеккеріне Жеңіске қосқан өлшеусіз үлесі үшін алғысымызды білдіреміз. Сіздердің арқаларыңызда біз бейбіт аспан астында өмір сүріп, жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеп келеміз, – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Салтанатты рәсімнің соңында қатысушылар қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алып, Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған шаралар облыс бойынша жалғасуда.