09.05.2025 в 18:02

Ұлытауда Жеңістің 80 жылдығына арналған мерекелік концерт басталды

Бүгін облыс орталығының Алаш алаңында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты концерт басталды. Шараға облыс тұрғындары мен қонақтар, ардагерлер мен жастар  қатысуда.

Кеш  жүргізушілері көрермендерді Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтады. Олар майдангерлердің ерлігі мен тыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегі туралы тебірене айтып, бүгінгі бейбіт күннің қадірін ұғындыруға тырысты.
Жүргізушілер өз сөздерінде:
«Ұлы Жеңіс – бұл тарихи оқиға ғана емес, ол батылдықтың, рух күшінің және Отанға деген сүйіспеншіліктің символы» – деп, көрермендерді патриоттық сезімге бөледі.

Сахна төрінде ұлт аспаптар ансамблімен жергілікті өнерпаздар отаншыл рухтағы әндер шырқалып, әскери тақырыптағы көріністер қойылады.

Мерекелік кештің басты мақсаты – батыр бабаларымыздың ерлігін ұмытпау, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік пен елжандылықты сіңіру болды. Концерт Жеңіс туының астындағы бейбіт өмірдің қадірін ұғындырған тағылымды кешке айналды.

Ұлы Жеңіс мерекесі құтты болсын!