24.07.2025 в 11:04

«Oskemen Open 2025: Үлбі мен Ертіс жағалауындағы шахматтық шайқас

Өскеменде халықаралық деңгейдегі үлкен шахмат фестивалі басталды. Алдағы бір аптада қала нағыз шахматшылардың орталығына айналады. «Oskemen Open 2025» додасы – Қазақстан Кубогының екінші кезеңі. Осымен екінші рет әлемнің мықты ойыншыларын жинап отырған бұл жарыс өңір үшін де, ел үшін де үлкен мәртебе.
Фестивальдің алғашқы күнінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов ойын залдарын аралап, шахматшылармен тілдесіп шықты. Жас ойыншылар мен атақты шеберлерге сәттілік тілеген өңір басшысы мұндай турнирлердің маңызын атап өтіп, шахматтың тәртіпке, терең ойлауға, төзімділік пен жеңіске ұмтылуға үйрететінін айтты.
– Мұндай жарыстарда даңқты шеберлермен бірге болашағынан үміт күттіретін жастардың да қатысып жатқаны біз үшін қуанышты. Шахмат – нақты, жүйелі ойлауға, шыдамдылыққа, жеңіске жетуге үйрететін ерекше спорт. Бұл қасиеттер әсіресе жастар мен студенттерге өте қажет. Әр қадамдарыңыз сәтті болып, әр партия сіздерге жеңіс пен тәжірибе сыйласын, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Осы жолғы турнирге 20 елден келген 79 ойыншы қатысуда. Олардың қатарында 21 халықаралық гроссмейстер, 35 шебер бар. Ерекше назар аудартатыны — 11 жастағы Аргентинадан келген Фаустино Оро. Ол 9 жасында-ақ 2300 рейтингке жетіп, тарихтағы ең жас халықаралық шебер атанған.
Қазақстан намысын қорғап жатқан мықтылар да аз емес. Арасында GM Денис Махнёв, GM Алишер Сулейменов, WGM Ксения Балабаева сынды шахматшылар бар. «Challengers» және «Open» секілді санаттарда да еліміздің дарынды жасөспірімдері өнер көрсетіп жатыр.
Турнир үш бөлімнен тұрады:
Masters – $78 000
Challengers – $15 000
Open – $7 000
Жүлде қоры жалпы 100 мың доллар. Жеңімпазға – 18 мың доллар бұйырады. Бұдан бөлек, әйелдер мен отандық ойыншыларға арналған арнайы сыйлықтар да бар.
Фестивальді Қазақстан шахмат федерациясы ұйымдастырды. Оны ҚР Туризм және спорт министрлігі, ШҚО спорт басқармасы, Freedom Holding Corp., Grand Mobile, «Казцинк» және Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ қолдап отыр.
Маусым айында осындай турнир Ақтөбеде өтті, енді эстафетаны Өскемен жалғап отыр. Тамызда Алматыда жалғасуы жоспарланып отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай ауқымды жарыстар Қазақстанда шахматты дамытуға жаңа серпін береді.
Апта бойы шахмат әлемінің назары Өскеменде болмақ. Ал жанкүйерлер үшін барлық ойындар онлайн көрсетіледі – сол арқылы әлемнің әр түкпіріндегі көрермендер турнир барысын тамашалай алады.