08.08.2025 в 09:03

ШҚО әкімі «КаР-ТеЛ» ЖШС (Beeline бренді) басшылығымен келіссөздер жүргізді

Кездесу барысында облыс әкімі  Нұрымбет Сақтағанов және компания өкілдері Шығыс Қазақстан облысындағы елді мекендерді байланыс және интернетпен қамту мәселелерін талқылады.

Компания деректері бойынша, Өскемен қаласы тұрғындарының жартысынан астамы «КаР-ТеЛ» ЖШС-нің қызметін пайдаланады. Қарқынды дамып келе жатқан қаланың талабына сай болу үшін компания стандартты емес тәсілдердің бірі – телекоммуникациялық жабдықтарды тікелей көше шамдарының тіректеріне орнатуды көздейді. Мұндай әдіс қазірдің өзінде Алматы мен Астана қаласында сәтті жүзеге асып отыр.

Жекеменшік секторды ұялы бйланыспен қамту мәселесі қала әкімдігімен бірлесіп қаралатын болады. Сонымен қатар, жылдың соңына дейін Өскемен қаласындағы кейбір байланыс тартылмаған аймақтардағы мәселені шешу жоспарланып отыр.

Қазіргі таңда компания облыс аудандарында 9 антенна-мачта орнатқан. Олардың 2-еуі жұмыс істеп тұр, қалған 7-еуі жақын арада электр желісіне қосылады.

Айта кетсек, бұл компания тек байланыс провайдері ғана емес, өңірде бірқатар әлеуметтік бастамаларды да жүзеге асыруда. Мысалы, биыл ШҚО-ның цифрлық инфрақұрылымын дамытуға оператор 3,5 миллиард теңге бағыттауды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, туристік аймақтарға – Алтай, Самар және Катонқарағай аудандарына ерекше назар аударылуда. Бұл өңірлерде компания жол құрылысы мен жөндеу жұмыстары кезінде, әсіресе республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарда, талшықты-оптикалық желілерді тартуға дайын.

«Интернет – бұл туризмнің, қауіпсіздіктің және экономиканың дамуы. Әр жобамен нақты айналысу қажет», - деп атап өтті облыс әкімі.

Облыста 100 адамнан аз тұрғыны бар 117 елді мекен тіркелген, оларда әлі күнге дейін интернет жоқ. Компания жарықтандыру бағаналарын тиімді пайдалану үшін электр қуатымен жабдықтаушы компаниялармен байланысты дамыту жолын ұсынды.