18.08.2025 в 17:06

Ұлытау облысында демеушілердің қаражатына 60 миллиард теңгеге әлеуметтік нысандар салынады

Ұлытау облысында демеушілік қолдау есебінен әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар тұрақты түрде іске асырылып келеді. Бұл жөнінде облыс әкімі Дастан Рыспеков бұқаралық ақпарат құралдарына өткізген баспасөз мәслихатында айтты.
Әкім өңірдің даму бағыттарын, әлеуметтік-экономикалық өсімнің негізгі басымдықтарын, инвестициялық жобаларды және тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға арналған бастамаларды таныстырды.

Әкімнің айтуынша, жыл ішінде облыста жалпы құны 60 миллиард теңгеден асатын маңызды әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл жұмыстарға жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың, жеке қорлардың және «Қазақстан халқына» қорының демеушілік қаражаты жұмсалмақ.

Атап айтқанда, өңірде заманауи Конгресс-орталық, Оқушылар сарайы, 1500 орындық мұз айдыны мен жүзу бассейні, балалар-жасөспірімдер спорт академиясы, спорт-сауықтыру кешендері, мешіт, емхана, балабақша және басқа да нысандар бой көтереді. Барлығы 33 жоба жүзеге асырылуда.

Мысалы, Конгресс-орталық түрлі деңгейдегі іс-шараларды – конференциялар, форумдар, көрмелер, концерттер және ресми қабылдаулар өткізуге арналған көпсалалы ғимарат болмақ. Сондай-ақ ғимаратты тиімді пайдалану үшін мәдениет саласындағы облыстық мекемелерді осы нысанға орналастыру мүмкіндігі қарастырылып отыр.

Сонымен қатар, демеушілер есебінен дәрігерлер мен мұғалімдерді әлеуметтік қолдау шаралары жүзеге асып, спорт саласын дамытуға да көңіл бөлінбек.

Жаңа жоспарлар мен бастамалар
Облыста бұған қоса құны 33,7 миллиард теңгені құрайтын тағы 14 нысанның тізімі бекітілген. Оның ішінде хоккей корты, Жаңаарқа кентіндегі Мәдениет сарайы, Кеңгір және Талап ауылдарындағы спорт-сауықтыру кешендері, сондай-ақ Сәтбаев қаласындағы спорт кешенінің хоккей кортын күрделі жөндеу жұмыстары бар.

Бұдан бөлек, Құмкөл кен орны аумағында жер пайдаланушы компания Жезқазған қаласында мемлекеттік рәміздер аллеясын салып, Ту тұғырын орнату жоспарлануда.

Әкімнің айтуынша, бұл жұмыстар өңір тұрғындарының жайлы өмір сүруіне жағдай жасау мақсатында жүйелі түрде жалғасады.