Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығы қарсаңында Шығыс Қазақстан облысында «Өңір дауысы – қоғамдық кеңестерөзгерістер драйвер» атты өңірлік Азаматтық форум ұйымдастырылды. Шара мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы ашық диалог алаңы болып, облыстың түкпір-түкпірінен келген 100-ден астам қатысушыны біріктірді.
Форумның негізгі бағыттары – қоғамдық кеңестерді дамыту, қоғамдық бақылауды күшейту, азаматтарды шешім қабылдау процесіне тарту және азаматтық сектордың институционалдық тұрғыдан нығаюы.
Іс-шараға ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Ұлттық Құрылтай төрағасының орынбасары Бибігүл Жексенбай, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитетінің төрайымы Гүлбара Сұлтанова, Қазақстан Азаматтық Альянсының президенті Бану Нұрғазиева, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың, саяси партиялардың, кәсіподақтардың, жастар ұйымдарының және сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.
Форумның таңғы сессиялары айрықша рухани ортада – Сол жағалау мұражай-қорығындағы этноауылда өтті. Онда ұлттық киіз үйлерде ҮЕҰ туралы заңнаманы дамыту, инклюзия, экология, жастар белсенділігі мен ауылдық аумақтардың тұрақты дамуы секілді тақырыптар талқыланды.
Пленарлық отырыс Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің Колонналы залында өтті. Жиында ШҚО әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев құттықтау сөз сөйлеп, өңірдегі азаматтық сектордың айтарлықтай жетілгенін және мемлекетпен сындарлы ынтымақтастыққа дайын екенін атап өтті.
Спикерлер кері байланыс тетіктерін жетілдірудің, ашықтық пен есептілікті арттырудың, сондай-ақ ҮЕҰ мен қоғамдық кеңестерге ресурстық және гранттық қолдауды күшейтудің маңыздылығын жеткізді.
Жиын қорытындысында азаматтық сектордың белсенді өкілдері марапатталды. Алғыс хаттар облыс әкімі атынан, сондай-ақ Қазақстан Азаматтық Альянсының президентінің қолынан табысталды.
Қатысушылар форумды аймақтағы азаматтық қоғамды дамытуға серпін берген маңызды қадам деп бағалап, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру, үшінші сектордың институционалдық тұрақтылығын арттыру, жастарды тарту және экологиялық жобаларды жүзеге асыру бойынша нақты ұсыныстар айтты.