16.09.2025 в 10:20

АЛКОГОЛИЗММЕН КҮРЕС ШАРАЛАРЫ ТҰРАҚТЫ ЖҮРГІЗІЛУІ ТИІС

Елімізде әрбір үшінші шөлмек арақ контрафактілік жолмен өндіріледі екен. Мұны алкоголь өнімдерін өндірушілер қауымдастығының мамандары растап отыр. Олар елде заңсыз дайындалатын өнімдердің азаймай тұрғанын айтады. Салдарынан ішімдіктен көз жұмғандардың саны да көп.

Қазақстанда көлеңкедегі арақтың көлемі жылдан-жылға көбейіп келе жатыр. Қазақстанның алкоголь және темекі өнімдерінің адал өндірушілері, импорттаушылары мен сатушылары қауымдастығының президенті Әміржан Қалиев айтуынша, жоғарыда айтылған мәселенің негізгі себебі – жоғары көлемді акциздік салықтың өсуі. Соған байланысты бағасы да жоғарылап, халық оны еңбекақысына адал өндірілген арақты алуға шамасы жетпей, көлеңкедегі арзан арақты сатып алуға сұраныс көбейіп отыр.

Отандық дәрігерлер пластик ыдысқа құйылған арақты тұтынудың денсаулыққа аса қауіпті екенін айтады. 

Қазақстанда ішімдікке салынғандардың саны жүз мыңнан асады. Әйелдер мен ерлер үшін ішімдікке салынудың ең көп кездесетін жасы 30-44 боп есептеледі.

Британдық психиатр және фармаколог Дэвид Наттың зерттеуіне көз жүгіртер болсақ, алкоголь адам денсаулығына ең қауіп төндірер зиянды нәрсенің бірі. Яғни оның героин, кокаин, LSD және тағы басқалармен салыстырғанда да қаупі жоғары.

Алкоголизммен күрес жөнінде Америка институтының статистикасында адамдардың 87 пайызы он сегіз жастан бастап барлық өмірінде ішімдікті пайдаланса, 71 пайызы өмірінің соңғы жылдары шарапқа ауыз салған. Ал 56%-ы дүние саларының соңғы айларында ащы сусынға әуестенген. Алкогольдің зияны кейбір есірткілерден де жоғары. Оған бірден бір себеп – ішімдіктің кез келген адамға қолжетімді болуы.

Нарколог Айтолқын САйлаубекқызыалкоголизмнен арылудың жолдарын былай көрсетеді: «Алкоголь пайдалану эмоционалды босаңсудың, еркінсудің алғышарты іспетті. Жалпы алғанда, ол жайлы, ыңғайлы сезімдерге бөлейді. Оны жиі пайдалану адамның санасында жайлы жағдай мен ішімдікті пайдалану арасында байланыс орнатып тастайды. Келе-келе адам босаңсуды, жан рахатын алкогольден алуға көшеді, үйренеді. Тек ащы сусын оның жанын жайландырушы құралға айналып шыға келеді. Одан кейінгі нәрселер алкоголь сияқты көңілінен шықпай жатады. Ішпейтін достары қызықсыз бола бастайды. Шаттану, қуану, көңіл көтерудің барлығы шараптың айналасына үйіріледі. Адам тек шарап арқылы әлгі жақсы сезімдерді бастан өткеремін деп ойлайтыны рас. Ішпеген күндер оның жанын жабырқатып, зеріктірмек. Алдымен, «керемет» көңіл күйге жеткізуші алкоголь тек демалыс күндері пайдаланылса, біртіндеп апта ортасына қарай көше бастайды. Адамның сенбі-жексенбіні күтуге шыдамы жетпейді. Сол себепті алкоголизмнен құтқаратын ең дұрыс профилактика – өзінің жаны қалайтын хоббимен шұғылдану. Егер сізде ішімдікке деген әуестік артып бара жатса, жүрегіңізге жақын қызықты іспен шұғылданыңыз. Ол мүмкін музыка, түрлі аспаптар, сурет салу, басқа да түрлі өнер түрлері».

      Қазақстанда темекі мен алкоголь өнімдерінің жарнамасына толықтай тыйым салынған. Бұл заң әсіресе жастар арасында темекі мен алкогольді тұтынудың алдын алуға бағытталған. Жарнама болмаған жағдайда, өнімнің тартымдылығы төмендеп, жастар арасында оған деген қызығушылық азаяды. Сондай-ақ, алкогольді және темекі өнімдерін сататын орындарда да жарнамалау шектелген.