Түркістан маңында отандық өндірісті дамыту және қайта өңдеуді қолдау мақсатында 100 гектар аумақта «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы іске асырылуда. Жоба аясында 152 ғимарат салып, 6 040 жұмыс орнын құру жоспарланған. Жобаның І кезеңінде 40 ғимарат салынып, 32 жоба қосылды. 1 220 жұмыс орны ашылды. Нәтижесінде бюджеттің 1 теңгесіне 8,5 теңге жеке инвестиция тартылған.
– Өндірістік парк аумағында жиһаз, жаңбырлатып суғару, сусын, мұздатқыш және құрылыс заттарын шығаратын зауыттар ашылды. Отандық өндірісті дамыту есебінен 27 млрд. теңгеге импорттық тауарларды алмастыруға қол жеткіздік. Алдағы уақытта бейнекамера, медициналық жиhаз, тұрмыстық химиялық бұйымдармен елімізді қамтамасыз етуге және экспортқа шығаруға мүмкіндік болады. Шағын өндірістік алаңдарды дамыту үшін жергілікті кәсіпкерлер белсенді атсалысуда. Біздің әрбір аудан мен қалада, халық тығыз орналасқан ауыл округтерінде өндірістік алаңдар құрылып, кәсіпорындар мен зауыттар ашылады, – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.
Осы жұмыстар нәтижесінде Сауран ауданында жеке инвестиция есебінен 55 гектар аумақта 5 шағын өндірістік алаң құрылды. Мұнда 30 млрд. теңгеге 115 жобаны іске асырып, 1 124 жұмыс орнын құру жоспарланған. Бүгінгі таңда «Қарашық», «Иассы», «Шорнақ», «Үшқайық» және «Жүйнек» өндірістік алаңдарында 37 ғимараттың құрылысы
жүргізілуде. Ордабасы ауданында аумағы 10,5 гектар болатын «Темірлан» өндірістік алаңында 5 ғимарат салыну үстінде. Инвестиция көлемі – 10,4 млрд. теңге. 100 жұмыс орны құрылады. Жобаның мультипликативтік тиімділігін ескере отырып, барлық аудандарда осы тәжірибені ендіру жұмыстары басталып кетті.
Жалпы, облыс бойынша жалпы 21 шағын өндірістік алаңдары құрылған. Негізгі бағыттар ретінде: құрылыс материалдары, жиһаз, пластик және резеңке, химия өнімдері өндірістері мен жеңіл өнеркәсіп айқындалды. Бүгінгі таңда, 192 ғимараттың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Келесі жылы аяқтап, іске қосуды көзделген.
Түркістан облысында энергия тапшылығын жою мақсатында ірі электр станциялары салынуда.
Бүгін орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров осы және өзге де тақырыптар туралы журналистерге толық мағлұмат берді.
– Мемлекет басшысы жасыл экономика, оның ішінде баламалы энергия көздерін
дамыту – ұзақ мерзімді тұрақтылықтың кепілі болатынын атап өтті. Өңірімізге қажетті электр қуатының 75%-ын сыртқы көздерден тасымалдауға мәжбүрміз. Аталған мәселені шешу үшін маңызды жобаларды қолға алдық. Сонымен бірге күн, су және жел электр станцияларын көбейту бағытында да инвесторлармен келіссөздер жүргізілді, – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров
Қуат көздеріне қатысты ауқымды жобаларға тоқталсақ, «Самұрық-Қазына» қорының көмегімен Сайрам ауданында қуаттылығы 1000 МВт болатын бу-газ станциясының құрылысы басталды. Жоба құны – 800 млрд. теңге. Келесі жылы құрылысын аяқтау жоспарлануда. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмі арқылы жеке инвестор есебінен Кентау қаласында қуаты 240 МВт болатын газ турбина станциясы салынады. Жалпы құны – 155 млрд. теңге. Бүгінгі таңда конкурстық рәсімдер мен келісімшарт түзу жұмыстары аяқталды. Нысан құрылысын 2 жылда аяқтау жоспарланған. Түлкібас ауданында 320 МВт болатын бу-газ және Сауран ауданында 485 МВт болатын 2 күн электр станциясының жобалары әзірленуде. Іске асыру мерзімі – 2025-2027 жылдар.
Бәйдібек ауданында қуаттылығы 350 МВт болатын жел электр станциясының құжаттары рәсімделуде. Іске асыру мерзімі – 2026-2028 жылдар. Аталған жобаларды іске асыру есебінен экономикаға жалпы 1,8 трлн. теңге инвестиция тартылып, 2,4 ГВт электр қуаты өндіріледі. Нәтижесінде өңір жаңа өндірістерді ашуға қажетті электр қуатымен қамтамасыз етіледі.