17.02.2015 в 10:33

Кәсіпкерлер де кезектен тыс Президент сайлауын өткізу керек дейді

Еліміздің жетекші-бизнес қауымдастығы ретінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы бастамасына қатысты өздерінің ұстанымын жариялап, аталған мәселеге қолдау білдірді.

«Баршамыз жаһандық экономика тұрақсыздығының куәсіміз. Әлемдік экономика дамуының 2015-2016 жылдарға арналған болжамдары көңілге демеу бола алмайды. Металл мен мұнайға әлемдік баға айтарлықтай құлдырауда. Біздің сауда әріптестерімізде де жағдай қиындай түскен», - деді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов.

Сонымен қатар, А. Мырзахметов Елбасының бастамасымен «Нұрлы Жол» атты дағдарысқа қарсы бағдарлама жүзеге асып жатқанын, оның аясында инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асатынын, жаңа жұмыс орындары құрылып, шағын және орта бизнеске қолдау білдірілетінін атап өтті. Бизнеске қолдаудан бөлек, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы да жүзеге асуда.

«Міне, осы шаралардың барлығы Қазақстанның дағдарысты лайықты еңсеруінде, одан мығым мемлекет ретінде шығуына шешуші күштің рөлін атқарады. Осыған байланысты біз кезектен тыс президенттік сайлау өткізу идеясын толықтай қолдаймыз. Бұл барлық мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастықтың Елбасы айқындаған экономикалық бағдарламаны жүзеге асыруға жұмыла түсуіне жәрдем болады. Қазақстанның кәсіпкерлер қоғамдастығы еліміздің орнықты дамуына бағытталған бастамаларды әрқашан қолдап келеді, қолдай да бермек», - деді А. Мырзахметов.