04.03.2015 в 17:11

Президенттік сайлау - стратегиялық шешім

Президенттік сайлау - жай ғана тактикалық қадам емес, бұл белгілі бір жағымсыз сценарийлерге төтеп беруге мүмкіндік беретін терең стратегиялық шешім.

Бұл туралы бүгін «Қазақстандағы президенттік сайлау - 2015: Ғаламдық сынақтардың алдын алу» атты дөңгелек үстел барысында ҚР Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин мәлім етті.

«Президенттік сайлаудың әрқайсысы ел тәуелсіздігі дамуының жаңа кезеңіне серпін беріп отырды. 2015 жылғы сайлау науқаны да сол мақсатта өткізілгелі отыр. Біріншіден, негізгі орталық күштердің геосаяси текетірестің кесірінен әлемдік саясат турбуленттік аумаққа енді. Украинадағы, Ауғанстандағы, Сириядағы қақтығыстар мен әлемдік сауда-экономикалық соғыс, өзара санкциялар, сондай-ақ күн өткен сайын бұл геосаяси ахуал одан әрі ушығып барады. Екіншіден, посткеңестік аймақ жаңа электоралды циклге бетбұрып келеді. Әсіресе, орталықазиялық аумақта. Жақында Тәжікстанда парламенттік сайлау өтті. Қырғыз партиялары да сайлау науқанына белсенді дайындалып жатыр. Біздің стратегиялық серіктестеріміз - Өзбестанда, Беларусьта, Әзірбайжанда президенттік сайлау өтеді деп жоспарлануда», - деп атап өтті ол.

Оның айтуынша, экономикалық, геосаяси оқиғаларды болжау қиын болып барады, сол процестермен бірге барша әлем, мемлекеттер өзгеруде.

«Бізге қазір оңға, солға теңселмей, осы турбуленттік кезеңнен аман-есен өтіп кетуіміз өте маңызды болмақ. Алдымыздағы жыл қандай боларын ешкім білмейді, әлемдік қауымдастық ахуалдың келесі кезеңі қандай боларын да болжап-біле алмай отыр. Сондықтан сайлау өткізу жөніндегі бастама - жай ғана тактикалық қадам емес, бұл белгілі бір жағымсыз сценарийлерге төтеп беруге мүмкіндік беретін терең стратегиялық шешім. Қазақстан өзінің даму жолының жаңа кезеңіне аяқ басуда. Осы тұрғыда, сайлау - әлемдегі аумалы-төкпелі кезеңнен сәтті өтуге бағытталған қадам. Сайлау Президент бастаған мемлекет дамуының жаңа стратегиялары айналасында халықты топтастыруға, ортақ мүддеге жұмылдыруға қажет», - дейді Е.Қарин.

Сонымен бірге, институт директоры, саясаттанушы Е.Қариннің баяндауынша, сайлау елдегі саяси процестердің жедел дамуына, партиялық ұйымдардың белсене түсуіне де ықпал етеді.

Қазақпарат