03.04.2015 в 14:55

Дариға бастаған депутаттар ресейлік мамандармен кездесті

Мәжіліс төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева бастаған Қазақстан Парламенті делегациясының өкілдері Ресей Федерациясына жұмыс сапары барысында Қаржы мониторингі жөніндегі федералдық қызмет пен Федералдық салық қызметі басшыларымен кездесті.

Мәскеуге сапар мақсаты – қаржылық мониторинг және салықтық әкімшілендіру саласында ресейлік тәжірибені меңгеру.

Қаржы мониторингі жөніндегі федералдық қызмет басшысы Юрий Чиханчин өзі жетекшілік етіп отырған саланың іс-тәжірибесі, басым бағыттары және болашақ мақсаттарымен бөлісіп, халықаралық ынтымақтастық мәселелеріне тоқталды.

Кездесу барысында тәуекелдерді бағалау орталығының қызметіне де баса көңіл бөлінді.

Ал, Федералдық салық қызметі басшысымен жүздесу кезінде Михаил Мишустин қазақстандық парламентшілерді Ресейдің салық қызметінің негізгі басымдықтарынан хабардар етті. Сонымен қатар, жеке және заңды тұлғаларға салық саласындағы мемлекеттік қызметтің кең түріне оңайлатылған қолжетімділікті қамтамасыз ететін қолданыстағы интернет-порталды таныстырды.

Кездесулер қорытындысында тараптар аталған салалардағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге уағдаласты.

Жүздесуге сондай-ақ, Мәжіліс депутаты Гүлжан Қарағұсова және Сенат депутаты Рашит Ахметов те қатысты.