15.04.2015 в 11:45

Бес институттық реформа: даму және Мәңгілік ел

Қазақстан Пре­­зиденті жанындағы Стра­тегия­лық зерттеулер инс­­титуты (ҚСЗИ) мен Қазақстан саясат­та­нушы­лары конгресінің қаты­суымен өңірлік сарапшылар форумы өтті. Алға озып айтар болсақ, форум кейбір жиын­дар­да­ғы­дай жадағай баяндама, жат­танды сөзден аулақ тың пі­кір­лермен өрбіп, жұртшы­лықтың көкейіндегі күмәнді сұрақтарға мүм­кіндігінше жауап беруімен есте қалды.

Негізгі ұйымдастырушы Қазақстан Президенті жа­нын­дағы Стратегиялық зерттеулер институтының ди­ректоры, модератор Ер­лан Қариннің «біз кей­бір мә­селелерде ашық кетіп, кей­бір жағдайларда бір-бірі­мізден аулақтау жүруге тыры­сатындығымызбен мем­­ле­кеттік мүдде, ұлттық құн­дылық мәсе­лелеріне келген­де бір қолдың саласындай бірігеміз», деуі біздегі ор­та буын саясаткерлер мен са­рапшылардың идея баян­ды­лығын байқатқан. Ерлан Қарин Елбасының «Нұр Отан» партиясының съезінде «Бес институттық реформа» ту­ралы айтқан мемлекеттік сая­сат бағдарламасынан өрбі­тіп, елі­мізде өткен прези­дент­тік бес сайлау науқанының тұ­­сын­дағы негізгі өзекті мә­се­­ле­лерді саралап берді. 1991 жылғы сайлауда тәу­елсіздікке қол жеткізумен қатар, Қазақстанның билік құ­рылымдарын құру, мем­лекеттік бағытын айқындау тұспа-тұс келсе, кейінгі сай­лау­ларда да елімізді бүгінгі­дей қуатты мемлекет қа­та­рына жеткізген мәселелер ке­зең-кезеңімен талданған. Ол әлемдік дағдарыс, геосаяси жағдайдың тұрақсыздығы қар­саңында өткелі отырған биылғы сай­лаудың ерекшеліктеріне тоқталды. Бұ­рын мұндай форумдар Алматы, Аста­на секілді ірі орталықтарда ғана өтіп келсе, енді облыс орталықтарына ауысқанын, билік пен қоғам арасында алтын кө­пірге айналып келе жатқанын айтты. Форумда облыстық ішкі саясат жә­не дін істері басқармасының басшы­сы Берік Құрманғали мемлекеттік сая­сат, бес институттық реформа жө­ніндегі ойларын ортаға салды. Ұлт­тық стратегиялық институттың ди­ректоры Бөріхан Нұрмұхамедов «Пре­зиденттік сайлаудың маңыздылығы» ту­ра­лы пікірлерін АҚШ жә­не Еу­ропа елдеріндегі сайлау үдерістерімен шендестіре жеткізді. М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің «Саясаттану және халықаралық қаты­настар» кафедрасының меңгерушісі Сәкен Мәжінбеков «Бес институттық реформаны іске асырудың аймақтық ерекшеліктері», «Абай-ақпарат» қоры­ның вице-президенті, саясаттанушы Айдос Сарым «Бес институттық рефор­ма: мемлекет дамуының жаңа кезеңі» тақырыптарында сөз сөйледі. Сая­сат­танушылар Ерлан Сайыров «Мемле­кет­тік саясатты жүргізуде ұлттық ин­теллигенцияның рөлі», Берік Әбді­ғалиұлы «Болашағы біртұтас ұлт: мүм­кіндіктер мен қиындықтар», Ғаппар Май­мақов «Ел бірлігін нығайтудағы президенттік сайлаудың маңызы» жайында тың ойларын ортаға салды. Ерлан Қарин айтқандай, «Кей жағ­дайда пікір алуандығы, әртарап­ты­лығы байқалғанымен, ұлттық мүдде, мемлекеттік мәселеге келгенде ойы, іс-қимылы бір жерден түйісетін «саясат сарбаздарының» бірегейі Айдос Сарымның оқшаулау ойлары қалғыған сананы оятатындай, қазақ ұлтының пайдасына жұмыс жасайтын, төрт құбыланы түгендеуге ықпал ететіндей маңызға ие екендігімен ерекшеленді. Форумға қатысушылар айтылған пікірлерден үлкен олжа тауып қайтты. * Форумға қатысушылар лебізі

Бөріхан НҰРМҰХАМЕДОВ, Ұлттық стратегиялық институттың директоры: – Бүгінгі өткізіліп отырған дөңгелек үстелде көптеген мәселелер көтерілді, кейбір өткір тақырыптарға жауап таба алдық. Елбасы бүгінгі геосаяси жағдайға байланыс­ты «бүтіндей алғанда бой көрсетіп отырған жаһандық сын-қатерлерге қалыптан тыс және күшті жауап беру керек» деген болатын. Тұтастай алғанда, Қазақстан Орталық Азияда жетекші мемлекеттердің біріне айналып, бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кірудің алғышарттарын жасап жатыр. Біздің міндет осы мақсатты жүзеге асыруда билік пен қоғам арасындағы жарасымдылықты орнықтыру, бір мақсатқа қызметке ықпал ету болып табылады.

Ерлан САЙЫРОВ, саясаттанушы: – Елбасы осыдан оншақты жыл бұрынғы еңбектерінде бүгінде әлемде бой көрсетіп жатқан күрделі мәселелердің орын алатындығын сездірген болатын. Қазақстанда дүркін-дүркін қолға алынған реформалар елімізді осы тығырықтан шығаруда үлкен рөл атқарды. Бірақ, біз бұған тоқмейілсімей, мемлекетіміздің жаңа биіктерді бағындыруына Қазақстан азаматтары ретінде атсалысуымыз керек. Бүгінгі форумға елімізге, шет елге белгілі сарапшы, әлеуметтанушы, саясаткерлер келіп, осындай ортақ проблеманы бірлесе еңсерудің жолдарын талқылады. Бұл – өте құптарлық жайт.

Жарқын ЖҰМАДІЛОВ, саясаттанушы, «saigez.kz» интернет басылымының шеф-редакторы: – Елбасы мемлекеттік мәселе деңгейінде көтерген бес институттық реформаны қатардағы жәй реформа емес, институциналды реформа. Рет-ретімен, кезең-кезеңімен жүргізілсе, ол қоғамдық қатынастарды, мемлекеттік басқару саласын, елдік дамуды жаңа сапаға шығарады деп ойлаймын. Өйткені, азаматтық қоғамның рөлі күшейіп, мемлекеттік басқару органдарының жауапкершілігі азаяды, жүгі жеңілдейді.

Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». ШЫМКЕНТ.