17.04.2015 в 15:42

Сайлауалды іс-шаралар заң аясында - сарапшы

Кезектен тыс Президент сайлауы алдындағы науқан барысында заңнама талаптары мұқият орындалып жатыр. Соның арқасында дау-жанжалдар мен заң бұзушылық әрекеттерге жол беріліп жатқан жоқ. Бұл туралы бүгін ҚазАқпарат тілшісіне саясаттанушы, Шекара аумағындағы ынтымақтастық Қауымдастығының өкілі Марат Шибұтов мәлімдеді. 

«Қазіргі сайлауалды науқаны барысында заңдардың мұқият орындалып жатқандығын көруге болады. Ешқандай дау-жанжал, заң бұзушылықтар орын алып жатқан жоқ. Әрине, жағдайды Бас прокуратура жіті қадағалап отыр» - деді М. Шибұтов.

Ол сонымен қатар, бұл жағдайда Сайлауды бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның әзірге тек, «сақтандырғыш» қызметін атқарып жатқандығын, оның әзірге тіпті керек еместігін жеткізді.

«Заң бұзушылықтар орын алып жатқан жоқ. Демек, Комиссия үшін анау айтқандай жұмыстар да жоқ деген сөз. Дейтұрғанмен, олар да жағдайды жіті бақылап отыр. Меніңше, бұл науқанда олардың басты жұмысы - бақылаушыларды сайлауға дайындау, оларды дер кезінде оқыту, үйрету, түсіндіру. Мақсат - 26 сәуірде бақылаушылардың ойдағыдай жұмыс істеулеріне толыққанды жағдай жасау. Сондықтан, Комиссия қазір қадағалаушылық жұмыстан көрі оқу-үйрету жұмыстарын атқарып жатыр», - деді саясаттанушы.

Марат Шибұтов, саясаттанушы