06.05.2015 в 15:05

Реформалар сыртқы экономикалық ахуалға байланысты - сарапшы

Қазақстанда институционалды реформалардың қажеттілігі ел үшін қатаң сыртқы экономикалық жағдайларға байланысты. Бұндай пікірді бүгін Астанада өткен «Қазақстандық жол - болашағы бір ұлт» атты халықаралық саясаттанушылар конгресі барысында берген сұхбатында саясаттанушы Эдуард Полетаев мәлім етті.

«Реформалар жүйелік маңызға ие болады, себебі олар Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлауалды науқаны аясында да және «Нұр Отан» партиясы Съезінде де жарияланды. Жалпы, олар «Қазақстан-2050» стратегиясындағыдай әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ену мақсатын көздеп отыр», - деп тоқталған саясаттанушы, бұл реформалар кейбір өзгерген сыртқы экономикалық ахуалға байланысты туындағанын, яғни ел үшін талаптар қатаңдау бола бастағандығын атап өтті.

«Өздеріңіз білесіздер, сыртқы саяси ахуал да қиындап отыр. Бұл тұрғыда Украинадағы, Таяу Шығыстағы және өзге де елдердегі жағдайды ескерген жөн. Қазақстанның негізгі экспорттық ресурстарына бағалар төмендеді, бірінші кезекте металл мен мұнайға. Сәйкесінше, осыған байланысты Үкімет алдына жаңа міндеттерді қою қажеттілігі туындады», - деді Э. Полетаев.

Бұл тұрғыда ол қазіргі кезде мемлекеттің бұдан ары қарай дамуын сақтау үшін қоғамның жұмылуы өте маңызды екенін қадап айтты.

Қазақпарат