08.06.2015 в 13:49

Қазақ-өзбек сарапшылары кездесті

Ташкент қаласында 5-маусым күні Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты мен Өзбекстан Республикасы Президенті жанындағы стратегиялық және аймақаралық институттың сарапшылары кездесті.

         Кездесуде сарапшылар екіжақты қарым-қатынастардың ынтымақтастығы, оның ішінде Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ғылыми-академиялық, сарапшылық өзара ықпалдастығының қазіргі жағдайы және оның келешегі сияқты мәселелерін кең ауқымда талқылады.  Халықаралық жағдайдың және аймақтың күн тәртібіндегі мәселелер бойынша пікір алмасты. Екі ел мемлекеттік органдары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы  сауда-экономикалық ынтымақтастық, Орталық Азияда тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты іске асырылатын іс-шаралары бойынша өзара талдамалық бағаларына және басқа да бірқатар мәселелеріне басты назар аударылды.

         Қазақ пен өзбек сарапшылары Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2013 жылғы маусымдағы Өзбекстан Республикасына  сапары барысында қол қойылған Стратегиялық серіктестік туралы шарттың ережелерін, сондай-ақ Өзбекстан Республикасы Президенті И.А.Кәрімовтың  2014 жылғы қарашадағы Қазақстан Республикасына ресми сапарының нәтижелерін толығырақ талқылады. Қазіргі таңда екі ел арасындағы байланыстар стратегиялық серіктестік рухындағы оң динамикасына қол жеткізілгені, ал жаңа екіжақты құжат қазақ-өзбек қарым-қатынастарының негізін бекітті деп атап өтілді.

         Келіссөздер барысында көпжақты форматтағы ынтымақтастықтың әрқилы аспектілері жөнінде, оның ішінде елдердің ТМД, ШЫҰ, АӨСШК өзара ықпалдастығының келешегі, сондай-ақ Ауғанстан проблемасын реттеу мәселелері де сөз болды. Қазақстан мен Өзбекстанның өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша көкейкесті халықаралық мәселелерге қатысты ұстанымдардың сарындастығы атап өтілді.

         Кездесудің нәтижесінде Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин мен Өзбекстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық және аймақ аралық зерттеулер институтының директоры Батыр Тұрсынов ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.