09.06.2015 в 09:36

"Ашық үкімет" күзде дайын бола ма?

«100 қадам» Ұлт жоспары аясында ағымдағы жылдың күзіне қарай «Ашық үкімет» порталын құру белгіленген, деп хабарлады бүгін ОКҚ брифингінде ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасы Стратегиялық зерттеулер және болжаулар бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері Анар Рақымжанова.

«Ашық үкімет» бастапқы тұғырнамасы ағымдағы жылдың күзіне қарай күтіледі деп отырмыз. Кейіннен бұл тұғырнама барлық мемлекеттік органдардың ұсынатын мәліметтерімен біртіндеп толыға түседі», - деді А.Рақымжанова. 

Оның айтуынша, портал арқылы ел азаматтары мемлекеттік бюджеттің шығыстарын бақылау үдерісіне белсенді түрде қатыса алады.

Бұдан өзге, тағы бір қадам жергілікті билік органдарының жауапкершілігін арттыру болып табылады, сонымен бірге жергілікті деңгейде полиция қызметі ұйымы құрылады.

«Құқық қорғау органдары, жергілікті полиция қызметі жергілікті атқарушы органдар мен халыққа есеп береді, ал олар нақты тұлғалардан құқықты қамтамасыз етуді қалай қорғау керектігін сұрай алады»,- деп баса айтты ол.

Тағы бір бағыт сәйкес инфрақұрылымы бар «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру болып табылады, ол шетелдік инвесторларды тартуға мүмкіндік береді.

«Оның бір бөлігі біздің елімізде жүзеге асырылып, екінші бөлігі біздің корпоративтік және жеке қаражатты әлемдік ірі компаниялардың бағалы қағаздарына салуға мүмкіндік береді»,- деп толықтырды ол.

Бұдан өзге, «100 қадам» өңдеуші өнеркәсіпке шетелдік инвесторларды тартуды қарастырады.

«ҚР инвестициялар және даму министрлігінің қорытындысы бойынша нәтижелер жаман емес. Даму институты өңдеу өнеркәсібі саласына 3,7 млрд доллар инвестиция тартты, ендігі жылы олар бұл көрсеткішті арттыруды жоспарлауда», - деді ол.

«Ашық үкімет» порталы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Канада және Аустралияның тәжірибесі бойынша жасалуда. ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің төрағасы Сәкен Сәрсенов АЭФ-да айтып өткендей, портал орталық мемлекеттік органдардың статистикалық дерекқорының қолжетімділігін, оның ішінде мемлекеттік қызметтердің тиімділігі мен сапасы есептерін қамтамасыз етеді.