04.08.2015 в 09:41

Үкіметтің ықшамдалуы: тиімділігі мен тиімсіз тұстары

2014 жылдың 6-тамызы күні Елбасы Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізіп, атқарушы билікті ықшамдау туралы шешім қабылдағанын жариялаған еді. Содан бері бір жыл өтті. Кеше біз жекелеген министрлер туралы жазған болатынбыз. Уәде еткеніміздей, сарапшылардың пікірін де ұсынып отырмыз. 

Мұхтар Сеңгірбай, саясаттану мамандығы бойынша философия докторы (PhD):

«Халыққа бюрократиялық аппараттың қожырай түсуі жақсылық әкелмеді»

– Менің ойымша, үкіметтің қайта құрылымдалуы тиімді жұмыс істеу тұрғысынан әлі ешқандай оң нәтижесін бере қойған жоқ, және алдағы уақытта да бұл үкімет тиімді жұмыс істеп кетеді деуге сенім аз. Үкіметтің ықшамдалуы бюджетті үнемдеу тұрғысынан ғана өзін өзі ақтаған болар, себебі 5 министрлік, 24 комитет бірден қысқарды, ал бұл мемлекеттік аппаратты ұстап тұруға кеткен шығынды анағұрлым азайтты.

Дегенмен,  бұған дейін атқаратын функциясы айқын мекемелерге қосымша функциялар жүктеліп, министрлердің міндеттері мен жауапкершіліктері еселеп артып кетті. Кей министрліктерге бір-біріне онша қабыса бермейтін функциялар қосақтала жүктелді. Мәселен, Мәдениет және спорт министрлігінің, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің, бұрынғы Төтенше жағдайлар министрлігін қосып алған Ішкі істер министрлігінің жұмысына осы аралықта көп сын айтылды. Бір ведомствоның мойнына стратегиялық маңызы бар бірнеше функцияны артқаннан соң олардың жұмыс тиімділігі төмендеді, белгілі бір салаға министр жауап бере ме, әлде сол саланы басқаратын вице-министр жауап бере ме деген заңды сұрақ туды. Мәселен, жаз айларында түрлі аймақтарда болған төтенше оқиғалар кезінде Төтенше жағдайлар комитетінің сылбыр қимылдауы жұмыс тиімділігінің арта қоймағанын білдіреді. Экономикалық қылмыстар мен жемқорлықпен күрес салаларын екі ведомствоға бөліп жібергеннен мұндай қылмыстар саны азайған жоқ, биыл да жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен аса биік лауазымды тұлғалар көп тұтқындалды.

Ал қарапайым халыққа бюрократиялық аппараттың қожырай түсуі бәлендей жақсылық әкеле қойған жоқ. Халықтың талап-тілектері, арыз-құрыздары да ведомостволардың арасында ұзақ «қақпақылданатын» болды.

Қысқасы, атқару билігін реформалағанда кәсіби, жинақы үкіметтен гөрі бюджетті үнемдеуге көбірек мән берілген тәрізді. Министрліктердің функциялары шетелдегі бір елшіге көрші жатқан екінші бір елде өкілдік етуді қосымша тапсырғаны сияқты әсер қалдырады.

 

Әміржан Қосанов, саясаткер:

«Сырты бүтін, іші түтін... ықшамдау»

– «Бір жыл бұрын қолға алынған ықшамдаудың алғашқы нәтижесі қандай?» деген сауалды сол Үкіметтің өзіне қою керек деп ойлаймын. Өйткені осы бастаманы қолға алғанда, біз білмейтін не ойлары болды екен, бізге беймәлім жетістіктері бар, соны түсіндіріп берсін. Біз болсақ, өкінішке орай, ресми есеп жоқ жағдайында басқаша көрсеткіштергі сүйінуге мәжбүрміз. Әрине, мемлекеттік қызметті, оның ішінде, басқару жүйесін оңтайландыру бағытында ешнәрсе істелмей жатыр, ешқандай алға ілгерілеу жоқ деп ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Жеке бағыттарда жеке жетістіктер жоқ емес. Бірақ, көпшіліктің көкейіндегі екі сауалға әлі де толымды жауап берілген жоқ. Мәселен, бір жыл бұрын өкіметтің өзі: «осы ықшамдау мемлекеттік басқару органдарының тиімділігін арттыру, бір-бірінің жұмысын қайталаудан құтылу» деп еді. Сонысы не болды? Көзге ұрып тұрған нәтиже жоқ. Керісінше, бір жыл ішінде Есілдің сол жағалауында кадрлық қойыртпақ пайда болды! Бір мекемеден екіншіге мекемеге ұйымдасқан түрде жылжып сабылған «ұлы көшті» көрдік! Бұрын да бір-бірінің функциясына орынсыз килігіп кетіп жүрген кейбір ведомстволар одан сайын аласапыран болып, араласып кетіп, адамдарды тіпті шатастырып жіберді. Бұл кемшілік экономикалық та, әлеуметтік салаларға тікелей қатысты. Мәселен, қаржы саласы мен экономикалық реформаларды жүзеге асыратын бірнеше ведомство бар. Ал теңгенің құнсыздануына, баға өсуінің тоқтамауына, кім жауапты? Бір жақсылықтың нышаны болса, БАҚ-ты жинап алып, есепбергіш, ал қиын сауалдар туындаса, бір-біріне сілтеуге әуес. Әлеуметтік шығындар қысқартылуда, ал қысқартылмағаны – девальвация мен инфляцияның шаңын қауып қалды. Кім оған жауап береді? О баста жарияланған «үдемелі инновациялық даму» бағыты да әзірше жалпылама жауапкершіліктен арыла алмай келеді. Елбасы осы салаларға қатысты міндеттер қойды. Енді соларды орындауға жауапты министрліктердің нақты есептері қайда? Бір жыл бұрын өз басым: «әлеуметтік салаға жауапты министрліктер мен ведомстволарды ықшамдауда мейлінше абай болу керек, олар басқа салалардың көлеңкесінде қалмауы тиіс!» деп айтқан едім. Өйткені, нарық заманында экономикалық өмір мен бизнеске мейлінше еркіндік беріп, олардың әрбір қадамын аңдып, жоғарыдан реттеп отыруды азайту заңды болса, нақ осы әлеуметтік саланы мемлекеттік басқарудан босатуға болмайтыны анық! Керісінше, қазіргі дағдарыс заманында өкімет өзінің әлеуметтік ролін арттырып, тиісті министрліктер мен ведомстволарды күшейтуі тиіс! Қазір медицинаңыз да, зейнетақы мен еңбек саласы да, мәдениетіңіз де, керек десеңіз, баспасөз саласы да профильді министрліктердегі басқа бағыттардың бір ғана, елеусіз бөлігі боп қалды! Тұтас бір әлеуметтік топтардың мәселелерін шешуге тиіс кешегі азулы ведомстволар қатардағы департамент деңгейін түсіп кетті, ол дегеніңіз, олардың үні де, шаңы да шықпайды деген сөз! Биліктің өзі айтқан екінші мақсат «бюджет қаржысын үнемдеу» еді. Өз басым, қысқартылып қалып, жұмыс іздеп, сенделіп жүрген шенеуніктерді көрген жоқпын. Формальды түрде қысқартылса да, бәрі өздерінің құтты орындарын басқа бюджеттік мекемелерден тауып жатыр. Ондай «өтірік оңтайландырудан» қандай үнем болады? Керісінше, бір жерден екі жерге ауысқан адамға қосымша қаржы бөлінбей ме? Бәлкім, тиісті мағлұмат қолда болмағандықтан ықшамдау саласына баға беруде біз қателесуіміз мүмкін. Олай болса, Үкімет БАҚ-ты жинап, жан-жақты есебін берсін! Қоғамда біршама қордаланып қалған сұрақтарға жауабын берсін! Мүмкін, сол кезде жоғарыда айтқан сөздерімізді қайтып алармыз...