25.04.2014 в 18:03

Cаяси портрет: Бердібек Сапарбаев

Бердібек Мәшбекұлы – еліміздегі тәжірибелі кадрлардың, Президент Назарбаевтың сенімді серкелерінің бірі. Ол өз деңгейіндегі мәртебелі қызметтердің бәрін дерлік атқарған саясаткер. Экономика ғылымының докторы деген атағы бар шенеунік Қазақ ССР қаржы министрлігінде қарапайым экономист ретінде еңбек жолын бастады. 11 жыл табан аудармай сол жерде жұмыс істеген Б. Сапарбаев 35 жасында қызмет ауыстырып, 41-ге келгенінде, яғни 1994 жылы білім вице-министрі атанды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жілігін шағып, майын ішті. Қиын кезеңдерде әкім де болды.

ҚР қазіргі конституциясы қабылданғаннан кейін жаңа саяси жүйе жасала бастады. Жүйені қалыптастыру үшін Назарбаев командасы аз жұмыс істеген жоқ. Аймақтарға ең сенімді адамдарын қоюды дәлірек айтқанда Мемлекет басшысы сол кезеңдерден бастады. Жоғарғы Кеңестің тынысын тарылтып, Президенттік басқару үлгісінің кемелденуіне жол ашқан 1995 жылғы елдің Негізгі Заңы қабылданғаннан кейін коммунистік режим кадрларының көбі үлкен қызметтерден дәмелі болды. Тынысын ішіне тартып, Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімін бақылап отырды. Осындай кезеңде Президенттің шешімімен Б. Сапарбаев 1995 жылдың қыркүйегінде, яғни жаңа конституция қабылданғана салысымен өзінің туған жері Қызылорда облысының әкімі ретінде тағайындалды. Мемлекет басшысының сенімін толықтай ақтай алмаған көп әкімдер креслодан қалпақтай ұшып жатқанда Бердібек Мәшбекұлы орнында сенімді отырды. Абыр-сабыр, саяси көзқарастар нақтыланбаған кезеңде бір облысты 4 жыл басқару үлкен жетістік еді. Сапарбаев ол сенімді ақтады десек болады. Өйткені ең жоғарғы лауазым иесі оны Қызылордадан көрші облыс ОҚО-ға бірден ауыстырды. Шымкентте өз рекордын жаңарту бұйырмапты, 3 жылдан кейін Оңтүстіктен Кеденге келді. Одан кейін Үкіметте, министрлікте 2 жылдай еңбек етіп, 2009 жылдың 4-наурыз күні қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовпен бір күнде қайтадан әкім болып тағайындалды.

Бұл жолы Қазақстан бойынша логистикасы ең артта қалған, жол, ауыз-су, жылу деген халыққа ең қажетті дүниелер шешімін таппаған Шығыс Қазақстан облысыны жөнелтілді. Саяси портретін аша түссек, Бердібек Сапарбаев осы уақытқа дейін атқарған жұмыстары арқылы өзін берілген тапсырманы орындаушы ретінде ғана таныта алды. 60-тан асқан шенеуніктен енді креативті дүниелер күту әбестік болар. Шығыс Қазақстанның аты аталып, түсі түстелген проблемалары әлі де болсын шешілген жоқ. Бидің сөзін құл да айтады, ауызының дуасы жоқ демекші, оны көзбен көріп жүрген біздің сөзімізге сенбесеңіз аймақтан шыққан Парламент депутаттарынан-ақ сұрап білуге болады. Б. Сапарбаев Шығысқа барған жылы-ақ, қыстан малы тегіс қырылып шыққан халық сол көктемде судың астында қалып қойды. Бұған әрине Бердібекті кінәлай алмайсыз. Сонымен Сапарбаевтың салмағын өлшеп көрсек.

 

Артықшылығы:

  •  Үш бірдей облысты, бір министрлікті басқарған тәжірибелі маман.
  •  Қай облысқа барса да, халықтың сеніміне ие бола алады.
  •  Елбасының зор сеніміне ие саяси салмағы мығым аз саясаткерлердің бірі.

 

Кемшілігі:

  •  Соңғы жұмыс орнында 5 жыл отырғанымен, шешілмеген проблемалар аз емес. Абай, Үржар, Аягөз, Тарбағатай сияқты ірі аудандарда интернет әлі де қолжетімсіз. Виртуалды қарым-қатынасты айтпағанда халықтың бір-біріне аяғымен қатынауы мұң... Себебі Шығыс Қазақстанда жолдардың сапасы өте нашар. Аудандарға қарасты елді-мекендерде ауыз-су проблемасы шешімін таппаған. Бұл әлеуметтік жағы ғана. Бұлар халықты әлеуметтік қорғау министрлігін басқарған тәжірибелі маман бірінші кезекте ескеруі тиіс мәселелер еді.
  •  Индустриалды-инновациялық мемлекеттік бағдарламасының аясында ашылған біршама кәсіпорынды Елбасының көзінше ашқанымен, кейіннен қара құлып тұрғаны Парламент мінберінен айтылды. Жергілікті әкімнің қатаң бақылауында болуы тиіс мәселелер еді.
  •  Идеологиялық жағы да ақсап тұр. Өскемен орыстың жері деген ұғым жойылмай келеді. Украина мен Ресей арасында ши шыққанда бірінші болып Сібірдің емес, Өскеменнің орыс-казактары бас көтеріп, сөз сөйлеуі облыстағы қазақстандық идентификацияның әлсіз екен көрсетеді. Президент қазақы басшыны шығысқа жөнелткенде осындай мәселелерді астыртын реттеуге жіберген деп топшылаған едік...
  •  Соңғы 4 жыл ішінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша 1200-ден аса адам сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары, мемлекеттік сатып алу заңнамасын бұзғаны үшін тәртіптік, әкімшілік, қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бұны рейтинг түзгіш орталықтардың қалай көзге ілмейтінін білмедік.