26.05.2014 в 15:13

Бесінші басшының бет-бейнесі

Украинада кезекті президент сайлауы аяқталды. Дауыс беру бір күн болғанымен саяси науқанның басталғанына да біраз уақыт болған. Төрт түрлі президентке «бағынған» украин халқы кеше бесінші басшысы үшін дауыс берді. Орталық сайлау комиссиясы түпкілікті қорытындысын шығармаса да ұлттық exit poll мәліметтеріне қарағанда Петр Порошенко алғашқы турдың өзінде жеңіске жеткен. Әйгілі миллиардерге электораттың 55,9 пайызы сенім артқан. Кейбір сарапшылар бәс тіккен, алайда сайлауда екінші орынға ие болған Юлия Тимошенконың өзі 12,19 пайыз дауысқа ие болды. Қалған кандидаттар 10 пайызды да еңсере алмады.

 

Петр Порошенко кім? Оның алдағы стратегиялық жүрісі қандай болмақ?

Ол Украинаның соңғы легитимді үкіметінің құрамында министр, бұрындары Ұлттық банкке төрағалық еткен, V шақырылымда депутат болған. Елге еңбегі сіңген экономист, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

Порошенко да посткеңестік елдерден шыққан шонжарлар сияқты алмағайып кезеңде бизнеспен айналысқан. Қанаты қатайып, «мүйізі» шыға бастағанда саясатқа ұмтылды.

«Жаман саясаткерді жақсы бизнесмен жемқорлыққа батырады» деген тәмсіл П. Порошенкоға қаншалықты қатысы барын анық білмейміз, бірақ бұл саясаткердің жүріп өткен жолына қарасаңыз бірталай басшымен тізе қосып жұмыс істеген. Принципшіл емес. Мысалы Виктор Януковичтің алғашқы масқарасының нәтижесінде билікке келген батысшыл Виктор Ющенкомен жақын дос болған. Тіпті елдің үшінші президенті – Порошенконың егіз қызының кіндік әкесі. Ющенконың «Наша Украина» саяси блогына саяси, қаржылық көмек берген де осы Петр Порошенко болатын. Сондай-ақ ол, ресейшіл Виктор Януковичтің екінші рет масқарасы шыққанша, Азаров үкіметінің құрамында 9 ай, яғни 2012 жылдың 24-желтоқсанына дейін Экономикалық даму және сауда министрлігін басқарды.

Саяси амбициясы

Ол өзін кәсіби біліктілер санатына жатқызады. Жоғары бағалайды десек те болады. 2000 жылы, 35 жасында Петр Порошенко амбициясын жасырмай, алдағы төрт-бес жылда саяси мәртебесін жоғарылататынын жеткізген. 2005 жылы үзеңгілесі В. Ющенко президент болғанда Үкіметтеі басқарудан дәмелі болды. Алайда, алғашқы батысшыл басшы саяси сауда нәтижесіндегі мәжбүрліктен премьер-министр орынтағын Юлия Тимошенкоға ұсынды. Порошенко сол кезде ең бастысы қызмет емес, Виктор Ющенконың командасында қызмет ету дегенді меңзеп «жоқ, мен бұны президенттің құзырындағы дүние деп білемін, ол қайда жіберсе де жұмыс істеуге әзірмін» деген екен.

Саясаткер рейтингі

2008 жылы жасалған украиналық 100 ықпалды тұлғаның ішінде 23-сатыда тұрған Порошенко енді экономикалық рейтингте ғана емес, саяси ықпал жағынан да алғашқы сатыға шығатын болады.

 

Саясаткер әмияны

Бұдан 5 жыл бұрын 1млрд доллардан астам қаржысы бар делінетін Поршенконың қазір кедейленіп қалмағаны белгілі. Ең алғашқы көлігін ол 5 курс студенті болған кезінде мінген. Қазіргісі Bentley екен. Dragon Capital мәліметтеріне қарағанда оның иелігінде кондитерлік фабрикалар, медиаресурстар және автозауыт бар. Айтпақшы ол 2010 жылы Севастопольдегі теңіз зауытын өз иелігіне алған еді. Қазіргі жағдай белгілі. Қырым Ресей құрамына өткеннен кейін соңғы мәлімет сенімдірек сияқты. Дерек бойынша Порошенконың жеке байлығы – $ 980 млн. деседі.

 

Порошенко нені қолдайды?

Ол украиналықтардың біртұтас идеяға шоғырлануды қалайды. Жалақыдан ұсталатын салық мөлшерін айтарлықтай төмендетуді, шағын және орта бизнеске салынатын салыққа жеңілдіктерді, көлеңкелі экономикаға қарсы күрес заңын қабылдауды, қорғаныс күштеріне қоғамдық бақылау орнатуды, қоғамдық телеарна ашуды қолдайды.

 

Неге қарсы?

Украинаның Шығыс және Батыс болып жасанды бөлінуіне, бірлескен кәсіпорындарға жеңілдік беруге, бұқаралық ақпарат құралдарын саяси рупор ретінде пайдалануға қарсы.

 

Қызығушылығы

Өзінің айтуынша, бос уақыты жоқ. Қарбаластардан қол босай қалса теннис ойнайды. Спорттың өзге түрлеріне де қызығушылығы бар. Атап айтар болсақ, жас кезінде дзюдо, самбомен айналысқан. Спорт шеберіне кандидат атағы тағы бар.

 

 

Украина үшін президенттік сайлаудың бірнеше турға созылуы тиімсіз еді. Айқын басымдықпен бір үміткердің қара үзіп шыққаны жақсы да болған сияқты. Біріншіден, экономикалық жағынан тұралап қалған мемлекет үшін жалпыұлттық сайлау ұйымдастырудың шығыны оңай емес.

Екіншіден, ел ішін алатайдай бүлдіріп жатқан сепаратистер барда сайлауды созып, соңын ырың-ыжырң ету мемлекет үшін қауіпті.

Қысқасы жаңа президенттің алдында үлкен міндет тұр. Оны айтып ақылгөйсінбей-ақ қояйық....

Асыл ҚАРАШ