Амандық Ғаббасұлын әкім ретінде облыстық активке 2014 жылдың 20-тамыз күні Елбасының өзі таныстырды. Алматы облысының мәслихат депутаттары әлбетте, бірауыздан қолдады. Өйткені оларға А. Батталов есімі өте жақсы таныс. 13 жыл облыс әкімінің орынбасары және бірінші орынбасары болды. Яғни, бір мүшел орынбасар боп отырған кісі өңірді өзінің бес саусағынан да жақсы білуі тиіс. Бір жылдан астам әкім болған Амандық Баталов туралы, оның атқарған жұмысы жайлы не білеміз?
Өмірбаянына келер болсақ, Амандық Баталов 22.11.1952 ж. Өзбекстан, анығында Қарақалпақстанның Нөкіс қаласында дүниеге келген. Жамбыл жеріндегі құрылыс институтының 1975 жылғы түлегі. Мамандығы — «Инженер-гидротехник». Анығында ол мамандығы бойынша көп уақыт жұмыс істемеген. Ертеден саясаткер ретінде партия жұмыстарына, кәсіподақ қызметтеріне араласқан. Саяси басқару тәжірибесі бай десек те болады. Саяси және әкімшілік жұмыстарға тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ араласты. Алматы қаласының сол кездері Калинин деп аталған ауданы әкімінің бірінші орынбасары болып 1992-1994 жылдар аралығында қызмет істеді. Бір жыл қаладағы Ленин ауданын басқарды. Содан кейін Жетісу ауданына 6 жыл әкім болды. Бір ғана Алматының аудандарындағы саяси қызметі 9 жылға созылған. Ал облыстық деңгейдегі шаруасы дәл осы Алматы облысынан басталды. 2001-2008 жылдары орынбасар, 2008-2014 жылдары бірінші орынбасар боп жұмыс істеді. Амандық Ғаббасұлы әбден жаттап алған облысының билік тізгіні қолына тигелі 1 жылдан енді асты. Әкім болуы С. Ескендіров, Қ. Айтмұхамбетовтердің жолына ұқсас. Алайда Амандық Баталовтың саяси жолы олармен салыстырғанда өзгешелеу салынды.
Воллейболдан спорт шебері деген атағы бар Баталов мырза табиғатынан еңбекқор деп айтылады. Қандай әкім келсе де бірінші өзінің командасын жинайтыны қашанғы әдеті. Тіпті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «көшіп-қонып жүретін бүгінгі команда ертең бандаға айналады» деген қатаң ескертпесіне дағдарыс кезінде де пысқырмай жатқандар көп. 2000 жылдардың басында облысқа әкім боп барған, бүгінде есімі ұмытыла бастаған Шалбай Құлмаханов оны орынбасар ретінде ертіп барды. Амандық Баталовты Шалбай Құлмаханов, Серік Үмбетов және Аңсар Мұсаханов «дәуірлерінен» бері облыстың отымен кіріп, күлімен шықты.
«Зам» емес, «сам» болғалы бір жылдан асса да, қандай да бір күрделі саяси ауыс-түйіс жасаған жоқ. Қолында бар кадрлармен жұмысты дөңгелетіп кетті. Әкім ретінде атқарған жұмыстарын шолып көрсек.
Әлеуметтік экономикалық жағдай
Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша Орталық коммуникациялар қызметінде жасаған баяндамасында облыс әкімі мынадай деректер келтірді.
- 10 айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіпте 4,5% өсіммен 456 млрд. теңгенің өнімі өндірілді.
- Ауылшаруашылығының жалпы өнімі 365 млрд. теңгені құрады, жылдың аяғында 3% өсім қамтамасыз етіледі.
- Құрылыс жұмыстарының көлемі 169,5 млрд. теңгеге жетіп, 14,2%-ға артты.
- Биылғы жылы бюджет түсімдерінің жоспары 2%-ға артық орындалып, 125,4 млрд. теңге түседі, дотациялар 15%-ға қысқарды.
Елбасы биылғы Жолдауда мысалға алған мемлекеттік-жекеменшік әріптестік принципі негізінде жергілікті инвесторлар есебінен келесі жылы 3 балабақша мен 2 емхана салу жоспарланып отыр.
Сыртқы байланысы
ҚХР-мен бірлескен 4 жобаны жүзеге асыру есебінен 201 млрд. теңге инвестиция тартуды жоспарлап отыр. Жыл басынан бері шетелдік инвесторлармен (Қытай, Иран, Швеция, Австрия, Италия, Польша) 6 меморандумға қол қойылды. Соның бірі жайында айтатын болсақ, Швеция мен Австрия компаниялары келесі жылы Алакөл ауданында жел электр стансысының құрылысын бастайды.
Талдықорған қаласын газбен жабдықтаудың ішкі орамдық жүйелері құрылысының жобасын қаржыландыру үшін 4,6 млрд. теңге сомасына Еуропалық Қайта құрылымдау және Даму Банкінің келісімін алды.
Облыстың 8800 шақырымдық ирригациялық жүйелері мен гидротехникалық имараттарын қайта құрылымдау үшін Ислам даму банкінен қаражат тартылады.
Ауылшаруашылық
Суармалы жерлерді тиімді пайдалану мақсатында ирригациялық жүйелер инвентаризацияланды. Бүгінде 17 мың шақырым жүйенің 10 мың шақырымға жуығы (58,2%) мемлекеттік меншікте, бір жылдың ішінде қараусыз қалған жүйенің 71 пайызы (3,7 мың шақырымның 5,2 мыңы) қабылданып, 40 пайызы құжат бекітілді.
Су ресурстары комитеті төрт ауданда жүйенің 1839 шақырымын қайта құрылымдауды бастады, соның есебінен келесі жылы қосымша 35 мың гектар суармалы жер пайдалануға енгізілетін болады.
Балқаш көлінің қайырлану мәселесін шешу үшін Қаратал өзенінің 12,5 шақырым, Іле өзенінің 42 шақырым арнасы тереңдетілді. (Қапшағай су қоймасының көлемі биылғы жылы 16,7 млрд. текшеметрді құрайды, 2014 жылы 13,8 млрд. болатын).
Қытай республикасынан келетін судың азаюына байланысты Іле өзенінде екі су бөгенін (контррегулятор) салу жоспарланып отыр.
Мемлекет басшысының қант қызылшасын, жүгері мен апортты қайта жаңғырту жөніндегі тапсырмасын орындау үшін үлкен жұмыс атқарылды. Нақты мысал ретінде айтар болсақ, былтырғы жаздың соңында ғана қызметке кіріскен жаңа әкімнің алғашқы жұмыс жылында Алматы облысының шаруалары жаңа технология енгізудің арқасында гектарынан 770-800 центнерден өнім алуға қол жеткізді. Облыс бойынша орта есеппен 300 центнерден айналса, бұл ең жоғары көрсеткішке Ескелді ауданындағы «НАМ» шаруа қожалығы мен «Хильниченко и К» командиттік серіктестігі ие болып отыр. Жиналған қант қызылшасы түбірінің салмағы 6,5 – 7 келіге дейін тартты, деп хабарлаған болатын Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі. Қант қызылшасы – қол күшін көп талап ететін дақыл. Оны күтіп-баптау мен жинау процестері барысында 5 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылып отыр. Жалпы шаруашылықтардың қант қызылшасы алқабындағы жұмыстарының нәтижелі болуына «Жетісу» ӘКК зор үлес қосты. Облыстық бюжеттен қарастырылған 1 млрд. теңгеге 7 сервистік-дайындау орталықтары құрылып, 160 жаңа техника сатып алынған. Мәселен, қызылша тиегіш RL 200 маркалы техникасының бір өзінің қауқары 220 аттың күшіне тең. Қызылша жинайтын комбайндар да күніне 25 гектарға дейін өнім жинай алады.
Ауылшаруашылық тауар өндірушілерін зауыттың өткізілген өнім үшін әр он күн сайын өзара есеп айырысуы көп ынталандырды. Келесі жылы қант қызылшасы алқаптарының көлемі 6 мың гектарға жеткізіліп, 2020 жылы бұл көрсеткіш 14 мың гектарды құрайды.
Индустрия
Индустриялдық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында Индустрияландыру картасындағы 290,1 млрд. теңгенің 53 жобасы жүзеге асырылып, 7636 жұмыс орны ашылды. Оларда 125,4 млрд. тенгенің өнімі өндіріліп, өндірістің жалпы көлеміндегі үлесі 7,6 пайызға жетті.
Жақында ғана индустрияландыру күні аясында өткен тікелей телекөпірде Іле ауданындағы «Абди Ибрахим Глобал Фарм» фармацевтикалық зауыты іске қосылды. Жобаның құны төрт млрд. теңге. Мұнда 250 адам жұмыспен қамтылып отыр. Жалпы, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында Алматы облысында 53 жоба іске қосылған.
Туризм
Туризм саласы бойынша Алакөл көлінің жағалауында ірі инвесторлар бесжұлдызды екі қонақүйдің («AQUAMARINE resort», «FalconPetroleum») құрылысын бастады.
Демалыс аймағына 93,8 шақырым электр желісі тартылып, автомобиль жолдары жөнделуде, жаңа «Алматы–Достық» теміржол қатынасы ұйымдастырылды, Алматы – Үшарал әуе қатынасын ашу жоспарланып отыр.
Балқаш көліне дейінгі 141 шақырымдық жолды күрделі жөндеуден өткізу көзделуде. Нәтижесінде тек биылғы жылдың өзінде ғана Алакөл мен Балқаш көлдерінің жағалауында демалғандар саны 138 мың адамға (1,4 есе) жетті.
Қосымша мәліметтер ретінде айтар болсақ, 2015 жылдың қаңтар-қыркүйек айларына негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 348,9 млрд.теңгені (республика көлеміндегі өңірдің үлесі 7,5%, 4-орын), бұл 2014 жылдың кезеңіне 106,5 %-ды құрады (2014 жылдың қаңтар-қыркүйек айларына 327,3 млрд.теңге).
2015 жылдың алғашқы 9 айында «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының бірінші бағыты аясында облыстың елді мекендерінде жалпы сомасы 1,1 млрд. теңгеге (РБ - 1019,8 млн.тг. и ЖБ 113,3 млн.тг.) ауыз сумен қамтамасыз ету жүйелерін және электр желілерін күрделі, ағымдағы жөндеу, абаттандыру және жарықтандыру бойынша 30 жобаны жүзеге асырылды. Жоспарланған 420 адамнан 425 жұмыспен камтылды оның ішінде 226 адамды жұмыспен қамту орталықтары арқылы қабылданды.
Биыл облыстық әкімшіліктің ұйымдастыруымен Қазақ хандығының 550 жылдығының аясында тарихи естелікті жаңғырту мақсатында Талдықорған қаласында Орбұлақ шайқасының тарихи қойылымы көрсетілді. 100 атты және 500 жаяу әскер кейпіндегі кәсіби қазақстандық каскадерлердің қатысуымен 3 бөлімнен тұратын тарихи қойылым Астана мен Тараз қаласындағы салтанатты шаралардан кейін елдің есінде қалған айтулы шара болды. Бұл шараның басы-қасында Амандық Баталовтың атқа мініп, қадағалап жүргенінен көпшілік хабардар.
Қорытынды
Амандық Баталовты Қырымбек Көшербаев, Бақтықожа Ізмұхамбетовтармен қатар қоймайтындар әлі де көп кездеседі. Алайда, әкім ретінде аймақ билігін қолына алғанына енді ғана бір жыл болған басшы Елбасы тарапынан да, халықтан да лайықты бағасын алып келеді. Биылғы Жолдау кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың аузымен бүкіл мемлекет элитасының алдында жалғыз Амандық Баталов есімінің ерекше аталуы оның саяси салмағын арттыра түсері анық. Жұмыс істеу қарқынына қарасақ, өзінен әлдеқайда ертерек әкім болған азаматтардан қазірдің өзінде асып түсті. Sayasat.org сайты ұсынатын ай сайынғы облыс әкімдерінің рейтингінде дәл қазір Алматы, Астана (екі қала үнемі алдыңғы орында тұрады) қалаларын есепке алмағанда, облыс басшыларының ішінде Қырымбек Көшербаевтан кейінгі орында тұр. Басқару, ұйымдастыру қасиеттеріне қарап, қазіргідей экономикалық ауыр кезеңде Баталовтай басқарушының бай тәжірибесін пайдалану қажет.