23.12.2015 в 17:42

SAIGEZ.KZ қала әкімдерінің рейтингін қорытындылады (2015 ж)

SAIGEZ.KZ биылғы жылдың қыркүйегінен бері ай сайын тұрақты түрде облыс орталықтары санатындағы қала әкімдерінің рейтингін жариялап келеді. Соңғы 4 айда жарияланған рейтингке сүйене отырып, 2015 жылды қорытындыламақпыз. Осы уақытқа дейінгі «Үздік төрттіктегі» орындардың ұпайлары былай есептелді. 1-орын – 25 ұпай. 2-орын – 20 ұпай. 3-орын – 15 ұпай. 4-орын – 10 ұпай. Біз бұл жолы қала әкімдерінің тізімінде көш бастап қана қоймай, жылдың үздігіне айналғандарды атап өтеміз.

ЖЫЛ ӘКІМІ

Әбдірахымов Ғабидолла Рахматоллаұлы, Шымкент қаласы

Сарапшыларымыз соңғы 4 айдың рейтингінде бірінші орыннан төмендеп көрмегенін тілге тиек етті. Яғни 1-орынды 25 ұпай деп есептейтін болсақ, Жаңа жылдық шырша безендіруге жұмсалуы тиіс 80 млн. теңгені жетім балалар үйіне аудару туралы шешім қабылдаған кезде көпшіліктің қолдауына кеңінен ие болған Ғ. Әбдірахымов 100 ұпай алған. Осылайша, Шымкент қаласының әкімі «Жыл әкімі» деген атқа ие болды. 2015 жылдың үздік қала әкімдерін анықтауға ат салысқан белсенділер Жыл әкіміне қатысты мынандай деректер ұсынды:

1) Ғ. Әбдірахымов 2013 жылдан бері ҚР Президенті Әкімшілігі жетекшісінің орынбасары қызметін атқарып келген Ғабидолла Әбдірахымов сөз жоқ, орталықтан өңірге жіберілген аса тәжірибелі маман. Өзге қала басшыларымен салыстырғанда кәсіби біліктілігімен де, білімімен де ерекшеленіп тұр дейді сауалнамаға қатысушылар. Мемлекеттік қызметтің ұңғыл-шұңғыл бес саусағындай білетін ол, Президент әкімшілігінде кадр мәселесіне жауап берді. Әлеуметтік желіде әлдекімдер оның Шымкентке әкім болуын әртүрлі бағалады. Қызметтік мансабы төмендеді дегендер болды. Алайда, Шымкент – стратегиялық маңызы бар әрі шекаралас облыстың орталығы. Халық саны жөнінен Алматыдан кейінгі қатарда тұр. Әбдірахымов қазірдің өзінде ірі мегаполистің жұмысын ұршықша иіріп әкетті.

2) Рет-ретімен айтар болсақ, облыс орталығы «Қала күні» мерекесін жоғары деңгейде өткізді. Әбдірахымов барлығын тазалықтан бастады. Алдымен аймақ әкімімен бірге сенбілікке шықты. Олар жастарға қосылып Бекет батыр көшесінде 50 түп сәндік ағаш көшетін отырғызды. Тазылық жұмыстары 59 көше мен 6 саябаққа жүргізілген. Қоғамдық жұмыстардан бөлек қала әкімі саяси шешімдер де қабылдады. Әбдірахымов қаладағы ретсіз сауда мен базарларды жойып, заман талабына сай сауда орындары мен алып дүкендерді салу керектігін айтып, жоспары бойынша 2017 жылдан бастап ірі базарлардың бәрі қала сыртында болатынын жеткізді. Шымкентте инновациялық университет салынатыны туралы да осы айда әкімнің қатысуымен өткен жиында хабарланды. Қыркүйекте оқушылармен кездескен қала әкімі балалар қылмысын болдырмау туралы нақты іске көшкен сияқты. Мектеп оқушыларына «Қылмыссыз жарқын болашақ» тақырыбында «дөңгелек үстел» өткізіле бастады. Осы айда қала күні қарсаңында 320 орындық жаңа балабақша, жаңа кондитер фабрикасы ашылды. Тұрғындар қала күнін бір аптадан бері кең көлемде атап өтті. 10-17 қазан күндері аралығында өткен мерекелік шаралардың әр күні арнайы тақырыпта өткізілді. Қала күні қарсаңында Шымкенттің келбеті өзгерді дейді сарапшылар. Қазан айының өзінде бірнеше ескерткіш пен қалаға әр беретін жаңа дүниелер халық игілігіне берілді. Айтпақшы, Шымкент қаласы əкімдігі елімізде алғаш рет ғимарат кіреберісінен «Reception» ашты. Әкімшілікке келген қала тұрғындарына күзет емес, арнайы анықтама қызметі жұмыс жасап,кез келген сауалдарына жауап береді.

3) Ал қараша айы бастала салысымен, «Жасыл аймақ» бағдарламасы аясында көшет егу жұмыстары қаланың төрт бөлігінде жүргізіліңп жатқаны хабарланды. Өз деңгейінде газдандыру жұмыстары жүргізіліп жатқан шаһардың Қайтпас-1 шағынауданында 15 үйге табиғи газ қосылған. Шымкентте республикада теңдесі жоқ қазандық іске қосылмақ. Бұл қондырғы болашақта Шымкент халқының 85 пайызын қыстыгүні жылумен қамтамасыз етпек. Құрылысы осыдан бір жыл бұрын басталған нысан жуық арада шымкенттіктер үшін кәдеге жарамақ.

Ол облыс әкіміне Шымкент қаласының 2016-2020 жылдарға арналған даму тұжырымдамасының жобасын таныстырды. Таныстырып қана қоймай, соған сәйкес алғашқы тапсырмалар да беріп тастады. Бұл Алматы қаласына тағайындалған Бауыржан Байбектің қаланы дамыту жөніндегі 5 принципінен кейін көзге түскен ірі жоба болды. Шаһардың бес жылдық даму жоспарындағы басты тапсырмалар мен мегаполистің тыныс-тіршілігіндегі барлық мәселелерді қамтитын құжатта тұрғын үй-коммуналдық мәселелері, білім мен мәдениет, денсаулық сақтау және қауіпсіздік, қала құрылысы мен сәулеті, кәсіпкерлік сынды бірқатар салалар да қарастырылған. Бір ерекшелігі қала әкімшілігінің қызметкерлері бұл жобаны мәслихат депутаттарына ғана емес, бейресми түрде қала белсенділерімен де талқылады. Шаһар өміріне бей-жай қарамайтын әрбір азамат үшін маңызды делініп отыр.

4) «Ақылды» қала Халықаралық конгресс-көрмесі аясында Барселона мэрінің орынбасары Жерардо Писарелло мен Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов екіжақты әріптестік кездесу ұйымдастырды. Кездесу барысында қос тарап өзара қарым-қатынастың негізгі бағыттары жөнінде пікір алмасқаны да қала әкімінің рейтингтегі алғашқы орнын сақтап қалуға ықпал етті. Ол сондай-ақ қараша айының соңында Шымкент халқымен әр ауданда ашық кездесулер өткізді. Шымкентте қала әкімінің кореялық Korea Smart Card компаниасы өкілдерімен кездесу өтті. Нәтижесінде ОҚО әкімінің тапсырмасына сәйкес қаладағы қоғамдық көліктерде электронды билет жүйесін енгізу туралы меморандумға қол қойылды.

ІСКЕР ӘКІМ

Көлгінов Алтай Сейдірұлы, Орал қаласы

«Қыркүйек айындағы алғашқы рейтингте 4-орыннан көрінген А. Көлгінов одан кейінгі айларда 3-сатыдан және соңғы екі айдың қорытындысында 2-орыннан төмендеген жоқ», деп қорытады, сарапшылар. Демек, Көлгіновтың жалпы саны – 65 ұпай. Олардың бағалауынша, «Үздік төрттік» қатарынан еш төмендемеген Орал қаласының басшысы – 2015 жылдың «Іскер әкімі» атағына лайық. Дауыс берушілердің аргументтерін ретімен ұсынсақ:

1) Орталықтан өңірлерге жіберілген жас шенеуніктердің алғашқы толқынына жатады. Ол алдымен Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болды. Қазіргі қызметте жүргеніне де 2016 жылдың сәуір айында 3 жыл болады. Бұрындары Орал қаласының көшелерінің сапасына жиі сын айтылатын. Қазір қаладағы негізгі көшелер жаңартылған. Ол халық алдына есеп беруге екі рет шыққанда да барды бар, жоқты жоқ деп ашық айтуымен ерекшеленген.  Қала ішіндегі 10 саябақ ретке келтіріліп, қалаішілік 100 шақырым жол жөнделген.

2) Шаһарда Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы жанында, 5-інші және 7-шағынаудандар аралығында орналасқан жаңа алаң қарқынды салынып жатыр. Құрылыс барысына барып, танысып қана қоймай, қолғабыс тигізіп қайтқан А. Көлгіновтің айтуынша, өңірлерді дамыту бағдарламасына және қаланың бас жоспарына сәйкес қолға алынған жоба құны — 1,483 млрд. теңге. Құрылысы өткен жылы басталған жаңа алаңдағы жұмыстар 85 пайызға орындалған. Мұнда су атқанда, түрлі-түсті түске бөленетін ауқымды субұрқақтар, 4 ротонда, басқа да көрікті орындар болады. Жаңа алаңды алдағы жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланып. Абаттандырылатын аумақ көлемі 7 гектардан асады, ол үш бөлікке бөлінген. Қадыр Мырза Әлі атындағы орталық жанында театр-ойын-сауық, екіншісінде ресми шаралар өтетін көп деңгейлі әкімшілік, үшіншісінде саябақ алаңы орналаспақ. Жаңа алаң гүлзарлар, әдемі тал-теректермен көмкеріледі. Орал қаласында 7,67 км электр желілері қайта құрылды.

3) Орал қаласында Деркөл кентіне апаратын жолдағы Шаған көпірі күрделі жөндеуден кейін қайта ашылды. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, көпірді жөндеу ісі мерзімінен бұрын толық орындалған. Орал қаласында жолдардың жалпы ұзындығы 580,9 шақырым болса, соның 287 шақырымы немесе 49,4 пайызына ғана қатқыл табанды жол төселген. Сол 287 шақырым қатқыл табанды жолдың 45,4 пайызы тозған, жөндеуді қажет етеді. Биыл ағымдағы жөндеуге 150 млн. теңге бөлініп, 75 көше жолындағы шұңқырлар тегістелді. Әкімшіліктің бар проблеманы ашық айтып, халықты ақпараттындырып отыруын сарапшыларымыз жоғары бағалады.

Қалада Н.Некрасов пен М.Лермонтов көшесі бойындағы күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Аталған орамдар бойымен Құрманғазы көшесінен Ж.Досмұхамедов көшесіне дейінгі 1576 метр жол учаскесін жөндеуге 186,5 млн. астам теңге бөлінген болатын.

Сарапшылар биылғы саяси маусым басынан бері атқарған жұмыстарын саралай келе, Алтай Көлгінов перспективасы жоғары жас шенеуніктер қатарында деп қорытындылады.

ТӘЖІРИБЕЛІ ӘКІМ

Нәлібаев Нұрлыбек Мәшбекұлы, Қызылорда қаласы

Қызылорда қаласы әкімінің мемлекеттік қызметтің қазанында қайнап, басшылық қызметте жүргеніне 11 жылға таяпты. Осы аралықта 2005-2007 жылдары – Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары (2005-2007) – Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы (2007-2008), Шиелі ауданының әкімі (2008- 2013) болды. Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың өкімімен Қызылорда қаласы әкімінің қызметіне тағайындалғанына да 3 жылға жуық уақыт өтті. Қала әкімдерінің ішінде шаһар басқарудағы тәжірибесі мол жас әкімнің болашағы зор деп есептейді сарапшылар. Н. Нәлібаев бұған дейінгі төрт рейтингте 4 түрлі сатыдан көрінген болатын. Алғашқы айда 2-саты, одан кейін тиісінше, 4-ші, 3-ші және 5-ші орын бұйырған. Еншісінде 45 ұпай бар. «Соңғы айда «Үздік төрттіктен» бір мәрте төмендеп кетпегенде, Қызылорда басшысы бұдан да көп ұпай алар еді» дейді, сарапшылар.

1) Қаланың инфрақұрылымы, қауіпсіздігі, тазалығы да жоғары деңгейге көтерілді. Халқы аз болса да қалада биылдың өзінде екі үлкен мектеп салынса, балалар ауруханасының құрылысы қарқынды жүргіліп жатыр. Қыркүйек айында 2 көпқабатты тұрғын пайдалануға беріліп, қаланың 120 отбасы баспаналы болды. Алғаш рет қауын-қарбыз фестивалі өткізілді.

2) Н. Нәлібаевқа қазан айында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жанында жүріп, барын көрсетуіне мүмкіндік туды. Елбасы Арай-2 мөлтек ауданында салынған жаңа көпқабатты тұрғын үйде болып, қоныс иелерімен кездесті. Мемлекет басшысынан кейін Қызылорда «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Асқар Мырзахметовті қабылдап, билік партиясы басшылығының да жоғары бағасын алды.

3) Қызылорда қаласында соңғы 4 жылда 1460 пәтер пайдалануға берілсе, биылдың өзінде 2652 пәтердің құрылысы салынуда.  Сондай-ақ, қалаға көрік беретін жаңа мешіт ашылып, жаңа ипподром пайдалануға берілді. 10-қыркүйек – 10-қараша аралығы сенбілік айлығы жарияланғалы қалада тазалық жұмыстары ретке келтірілді. Осы уақытқа дейінгі сенбіліктердің нәтижесі – 27 мың 180 метр арық жүйелері тазаланып, шамамен 457 м3 текше метр қоқыс шығарылуы.

Қорытынды

Соңғы төрт ай бойы қалалардың үздік әкімдерін анықтауға ат салысқан сарапшыларымыз бен белсенділеріміз берген баға бойынша Шымкент, Орал және Қызылорда қалалары басшыларын әртүрлі аталым бойынша бағалау арқылы жылды қорытыныламақпыз. Қала әкімдерінің ай сайынғы рейтингі 2016 жылдан бастап, жаңа сапамен қайта жалғасады. SAIGEZ.KZ сайтының бұл жобасын қала әкімдерінің өзара бәсекелестігін арттыру арқылы, облыстардың айнасы саналатын орталық қалалардың дамуына тілектестік деп түсінген жөн.