ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: АРЫСТА АЛТЫ ӨНДІРІС ОШАҒЫ ЖӘНЕ «ҚҰРҒАҚ ПОРТ» ЖОБАСЫ ІСКЕ АСЫРЫЛУДА

19.02.2026, 12:28
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: АРЫСТА АЛТЫ ӨНДІРІС ОШАҒЫ ЖӘНЕ «ҚҰРҒАҚ ПОРТ» ЖОБАСЫ ІСКЕ АСЫРЫЛУДА

Арыста жаңадан 6 өндіріс ошағының құрылысы мен «Құрғақ порт» жобасы іске асырылуда.

      Түркістан облысында өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес инвестиция тарту жұмыстары күшейтіліп, өндіріс орындары ашылуда. Инвестициялық жобаларды арттыру мақсатында Арыс қаласында өндірістік парктің құрылысы жүргізіліп жатыр.

        Осы ретте қала әкімі Қайсар Маңқараев Арыс–Шардара тас жолы бойында салынып жатқан өндірістік парк аумағында болып, құрылыс жұмыстарымен танысты. Мердігер мекемеге жұмыс қарқынын арттырып, нысандарды белгіленген мерзімде сапалы аяқтауды тапсырды.

        Жалпы аумағы 1,2 гектарды құрайтын өндірістік аймақта бүгінде 6 ғимараттың құрылысы қарқын алған. Әр ғимараттың көлемі 480 шаршы метр аумақты қамтиды.

       Инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары да қатар жүргізілуде. Электр желісі толық тартылған, кәріз жүйесі мен ауызсу скважинасы дайын. Қазіргі таңда табиғи газ желісін тарту жұмыстары жалғасуда. Жоспарға сәйкес, өндірістік паркте термопанельдер өндіру, пластик есік-терезелер шығару, жиһаз жасау, түйе сүтін терең өңдеу және табиғи газды есептегіш құралдар шығару бағытындағы бес жоба жүзеге асырылады. Нәтижесінде 50-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

       Сонымен қатар жеке инвестор есебінен «құрғақ порт» алаңы салынуда. Аумағы 9 мың шаршы метрді құрайтын логистикалық орталыққа теміржол тұйығы тартылған. Жүк тасымалын тиімді ұйымдастыру мақсатында арнайы ауыр жүк көліктері де сатып алынған. Қала басшысы бұл жобаның өңір экономикасы үшін маңызды екенін атап өтіп, инвесторларға әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.

       Сапар барысында қала әкімі «Coca-Cola» компаниясының ресми дистрибьютері болып табылатын «BADAM DRINKS» ЖШС-нің транспорттық-логистикалық орталығында болды. Аумағы 6 мың шаршы метрді құрайтын кәсіпорын да теміржол тұйығымен қамтылған. Қазіргі таңда мұнда 60-тан астам азамат тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Орталық Арыс қаласымен қатар Ордабасы және Бәйдібек аудандарына тауар жеткізуді жүйелі түрде жүзеге асыруда.

       Өндірістік паркті құру мақсаты – әртүрлі көлемдегі өндірістік компанияларды тарту арқылы олардың өзара әрекеттесуі негізінде үйлесімді өндірістік орта құру. Бұл ретте, өндірістік парктерді құру шикізаттық емес секторды дамыта отырып, өндірістің инновациялық дамуына мүмкіндік береді. Мыңдаған жаңа жұмыс орны ашылады. Зауыт, фабрикалардың «Түркістанда жасалған» брендімен шығарылған өнімдері әлемдік нарықтарға жол тартады.

    Өндірістік парк құру, өңірдің экономикалық әлеуетін толық ашуға мүмкіндік береді. Бұл модель кәсіпкерлерге шығынды азайтып, жұмысты жылдам бастауға мүмкіндік береді. Ордабасы ауданында өндірістік парк салу – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдететін, кәсіпкерлікті өркендететін және халықтың әл-ауқатын арттыратын ауқымды жоба. Бұл бастама өндірісті шоғырландыру арқылы ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуге, экспорт әлеуетін арттыруға және кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндік ұсынуға бағытталған.