ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: «ТЕМІРЛАН» ӨНДІРІСТІК ПАРКІНДЕ 5 ИНВЕСТ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛДЫ

03.09.2026, 22:08
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: «ТЕМІРЛАН» ӨНДІРІСТІК ПАРКІНДЕ 5 ИНВЕСТ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛДЫ

Түркістан облысында отандық кәсіпкерлікті дамыту, өндірісті әртараптандыру және ішкі нарықты жергілікті өніммен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Осы мақсатта өңірде өндірістік парктердің инфрақұрылымын қалыптастырып, кәсіпкерлердің өндіріс ашуына қолайлы жағдай жасауға басымдық берілуде. Соның бірі – Ордабасы ауданындағы «Темірлан» өндірістік паркі.

      Жалпы аумағы 10,5 гектарды құрайтын «Темірлан» өндірістік паркі жергілікті кәсіпкерлер үшін өндірісті іске қосуға және оны кеңейтуге мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналып отыр. Бірінші кезең аясында 5 өндірістік ғимараттың құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Қазіргі таңда парк аумағында жалпы құны 1,2 млрд теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 53 жаңа жұмыс орны ашылған.

       Ордабасы ауданындағы «Темірлан» өндірістік паркінде 5 инвест жоба жүзеге асып, өндіріс қарқыны артып келеді. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жұмыс сапарымен Ордабасы ауданына барып, Темірлан ауылында орналасқан «Темірлан» өндірістік паркінің жұмысымен танысты. Аралау барысында парк аумағындағы кәсіпорындардың өндірістік қуатын бақылап, құрылыс барысымен танысты. Жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді.

          Өндірістік парктің жалпы аумағы 10,5 гектарды құрайды. Осыған дейін бірінші кезең бойынша, 5 өндірістік ғимараттың құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Қазіргі таңда мұнда жалпы құны 1,2 млрд теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 53 жаңа жұмыс орны ашылды. Атап айтқанда, кір жуғыш ұнтақ пен сұйық жуғыш заттар, түйіршіктелген жем, шыны өнімдері және металл бұйымдарының өндірісі дамыған.  

          Сонымен қатар өндірістік парк аумағында жаңа нысандардың құрылыс жұмыстары жалғасуда. Құрылыс жұмыстарын «Оңтүстік Жарық Транзит Монтаж» ЖШС мердігер мекемесі жүргізіп жатыр.

        Алдымен өңір басшысы кір жуғыш ұнтақ пен сұйық жуғыш заттар шығаратын «ALMEN GROUP» және ЖК «Б. Байдулла» кәсіпорындарын аралады. Әр кәсіпорынның инвестициялық құны – 350 млн теңгені құрайды. Кәсіпорындарда жылына 5 мың тонна өнім өндіріледі.

       Сондай-ақ, металл бұйымдарын өндіретін «ҚАРАБАТЫР АГРО» ЖШС-нің жұмысы таныстырылды. Кәсіпорынның инвестициялық құны 230 млн теңге. Зауыт жылына 4 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы. Металл өңдеу өндірісінің дамуы жергілікті құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардағы кәсіпорындардың қажеттілігін ішкі өнім есебінен өтеуге жол ашады. Яғни өндірістік паркте шығарылатын өнімдер тек тұтыну нарығына ғана емес, өзге кәсіпкерлік субъектілеріне қажетті тауарлар мен материалдарға деген сұранысты қамтамасыз етуге де бағытталады. Мұндай өндірістік кооперация отандық бизнестің өзара байланысын күшейтеді.

Бұдан бөлек, түйіршіктелген жем мен гидропоникалық өнімдер шығаратын «BAYSAL-A» ЖШС-нің жұмыс жүйесі таныстырылды. Жобаның жалпы құны – 200 млн теңге, өндірістік қуаттылығы жылына 6 мың тонна өнім. Ауыл шаруашылығына қажетті жем мен заманауи технология негізінде өндірілетін гидропоникалық өнімдердің көлемін арттыру аграрлық сектордың тұрақты дамуына да оң әсер етеді. Сонымен қатар «Facade Company» ЖШС-нің шыны өндірісі таныстырылды. Жоба құны 120 млн теңгені құрайды. Кәсіпорын жылына 100 мың шаршы метр шыны өндіреді. Мұнда 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Айта кетейік, облыс әкімінің бастамасымен өңірде өндіріс пен қайта өңдеу саласын дамытуға бағытталған ірі инвестициялық жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді

         Өндірістік парктің басты артықшылықтарының бірі – кәсіпкерлердің өндіріс ашуына қажетті жағдайдың бір алаңда қалыптасуы. Мұндай индустриялық инфрақұрылым бизнестің бастапқы шығындарын оңтайландырып, өндірістік нысандарды іске қосу мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар кәсіпорындардың бір жерде орналасуы олардың өзара тәжірибе алмасуына, кооперациялық байланыс орнатуына және ортақ нарықтық мүмкіндіктерді пайдалануына жағдай жасайды.