Мемлекет Басшысының тапсырмасымен 2023-2025 жылдары елімізде балалардың сапалы және тегін білім алуға тең қол жеткізуін қамтамасыз етуге бағытталған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы жүзеге асырылды. Түркістан облысында 60-қа жуық жаңа білім беру нысаны бой көтереді. Түркістан облысында білім беру саласының инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. 2025 жылы «Келешек мектептері» жобасы аясында 29 мектеп, облыстық бюджет есебінен 17 білім беру нысаны іске қосылды. Сонымен қатар, 2027-2029 жылдары 16 830 орындық 58 жаңа білім беру нысанын салу жоспарлануда. Оның ішінде 40 жаңа мектеп пен 18 қосымша ғимарат бой көтермек. Бұл туралы Түркістан облысының Білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.
«2026-2027 жаңа оқу жылында да бірқатар жаңа білім беру нысаны ел игілігіне берілмек. Мәселен, Сайрам ауданындағы Бөкейхан мектебіне 300 орындық, ал Жетісай ауданындағы №57 «Сарыарқа» мектебінің орнына жеке инвестор есебінен 574 орындық жаңа ғимарат салынуда. Бұл екі жоба үш ауысымды және апатты мектеп мәселесін шешуге бағытталған. Жалпы Мемлекет басшысының 1 300 мектепті жаңғырту жөніндегі тапсырмасы аясында облыста үш жыл ішінде 115 мектеп қайта жаңғыртудан өтеді. Ал 2025 жылы 125 мектептің 60-ына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қалған 65 нысанға қажетті 5 млрд теңге білім саласындағы үнемделген қаражат есебінен қарастырылмақ. Биыл тағы 19 білім беру нысанына 1,4 млрд теңге бөлінді», – деді спикер.
Облыс аумағында мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бағытында 1 441 ұйым жұмыс істейді. Онда 153 285 бала тәрбиеленіп, мектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткіші 99,6 пайызды құрап отыр. Бұл салада 13 316 педагог еңбек етсе, олардың 83,5 пайызының жоғары педагогикалық білімі бар. Өткен оқу жылында облыстағы орта білім беру ұйымдарының саны 1 106-ға жетті. Оның ішінде 940-ы мемлекеттік, 166-сы жекеменшік мектеп.
Өткен жылы 9-сыныпты 47 174, 11-сыныпты 35 294 түлек тәмамдады. 2 416 оқушы «Алтын белгі», 3 141 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанды. Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан 33 275 түлектің 10 582-сі, яғни 32 пайызы мемлекеттік білім беру грантын иеленді. Ал жаңа оқу жылында облыста бірінші сыныпқа 50 273 баланы қабылдау жоспарланып отыр. Сонымен қатар, облыстағы білім беру нысандарының жаңа оқу жылындағы жылу маусымына дайындығы қамтамасыз етіліп, терроризмге қарсы қауіпсіздік бағытындағы қажетті шаралар толық орындалған.
Жобаның негізгі мақсаты - әрбір баланы тұрғылықты жері мен әлеуметтік жағдайына қарамастан сапалы әрі қолжетімді біліммен қамтамасыз ету. Үш жылдың ішінде елімізде халықаралық стандарттарға сай келетін жаңа форматтағы мектептерде 460 мың оқушы орны құрылды. Жоба аясында 217 мектеп салынып, 2024 жылы 105 мектеп, 2025 жылы 112 мектеп пайдалануға берілді. Нәтижесінде 52 үш ауысымды және 12 апатты мектеп мәселесі шешіліп, 100-ден астам мектептегі оқушы орындарының тапшылығы жойылды.
Жобаның негізгі басымдықтарының бірі – оқушыларға ерте жастан кәсіби бағдар беру. 7-сыныптан бастап тереңдетілген бейіндік оқыту, тәлімгерлік жүйесі және жеке білім беру курстары енгізіледі. Бұл үдерісті тиімді үйлестіру және басқару мақсатында «Мансап компасы» атты арнайы цифрлық платформа әзірленіп жатыр. Осылайша оқушыларға ерте жастан кәсіптік бағдар беріледі. Жаңа, сапалы оқу орындары шалғай өңірлерге отбасыларының көшіп келуіне жағдай жасайды. Әр ата-ана көші-қон кезінде балаларына сапалы мектептің болғанына бірінші кезекте мән беретіні анық.
Ал ең бастысы елдің әр түкпірінде ашылған жайлы мектептер сапалы адам капиталын қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосады. Мақсат та осы – білімге инвестиция салу арқылы елдің ертеңіне инвестиция құю.